Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:02, 18 Ақпан 2022

Қайран, қазақ спорты...

None
None

Токиода жерге қаратты, Бейжіңде бетімізді басқызды. 

Міне, Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары да бітті дей беріңіз.

Бізде, әзірге, бір медаль жоқ! Төрт жылда бір өтетін ұлы додадан дымсыз қайтатын түріміз бар.

Біз бұл Олимпиадада фристайл могул сайысында Юлия Галышева Қазақстан қоржынына бір медаль салады-ау деген үміт болғанын жасырмаймыз. Бірақ ол күтпеген жерден сүрініп, ақтық финалда айқасатын үздік алты спортшының қатарына кіре алмады.

Қалған спорт түрлерінде де Бейжіңге аттанған біздің 34 спортшымыздың арасынан біреуінің бабы келісіп, бағы жанып, жарқ ете қалатын шығар деген үміт болды.

Әттең. Ашылу салтанатында Қазақстанның көк туын ұстап шыққан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта финалға дейін жеткенімен, ақтық жарысты медаль берілмейтін төртінші орынмен аяқтады. Тау шаңғышыларының слалом сайысында жарыс жолына шыққан Захар Кучинімізден масқара болғанда, қысы мен қары жоқ Гаити мен Бразилияның спортшылары озып кетті. Австралия мен Жаңа Зеландияның өзі бір емес, бірнеше медаль алды. Есесіне, Қазақстан құрамасы бұл Олимпиадаға елдің бәрінен әдемі болып киініп келді. Қазақстанда ұлттық құрамаларды күтіп-баптауға жылына 14 миллиард теңге қарастырылады, ал осы Бейжің Олимпиадасына дайындыққа 3 миллиард теңге бөлінгенін несіне айтайық.  Бұған дейінгі үш Олимпиададан Қазақстан құрамасы құрығанда, бір медаль әкелген еді. 2002-де Солт-Лейк-Ситиден, 2006-да Туриннен медальсыз қайтқанымыз бар.

Бейжің-2022 Олимпиадасы ертең аяқталады. Әзірге, мақтанатын түгіміз жоқ. Қысқы спорт түрлерінен еліміздің жағдайы осы. 2020 жылы Токиода өткен Жазғы Олимпиадада жерге қаратқан Қазақстан құрамасы Бейжіңде де бетімізді басқызды. Даңқты Владимир Смирновтың, дарынды Денис Теннің Отаны едік. Біз деген 2011 жылы Азиада өткіздік, атақты «Медеу» мұз айдынымыз бар, тауымыз да, қысымыз, да қарымыз, бюджеттен, квазимемлекеттік демеушілерден спортқа деп бөлінетін ақшамыз да жеткілікті. Бірақ нәтиже қайда?

Күлеміз бе, жылаймыз ба? Ұлттық олимпиада комитетінің бас менеджері Тоғжан Хамзина әлеуметтік желіде: – «Мен Бейжің Олимпиада қалашығында селфи түсіру үшін жүрмін», – деп жазып жіберген екен. Бюджеттен бөлінген ақшаға турист болып барған спорт шенеунігі солай десе, басқасынан не сұраймыз?

Тегтер: