«Қайран сөзім қор болды!»...
Facebook парақшасында Нұртөре Жүсіп ағамыз: «Жардың жағасында тұрғандаймыз: Ертеңіміз не болады?
Қайда барамыз? Қалай боламыз? Бәрі күмәнді де тұманды...
Қазір барлық қазақтілді басылымның тиражы құлады. Құлауға не себеп? Майлыбаевтың тұсынан «Ештеңе жазбаңдар, ананы айтпаңдар, мынаны көтермеңдер», деген тұншықтыру саясаты қазақ газеттерінің сөзін өтімсіз қылды. Не газеттен, не теледидардан ақиқат сөз таппаған халық ақыр соңында, көшеге шықты...
«Басын құмға тығып, мені ешкім көрмейді» деген страустық қағидат осындай салдарға жетеледі. Осыдан не шықты?
1. Халықтың ерме бөлігі естияр сөз тыңдаудан қалды.
2. Елге сөзі өтеді-ау деген адам қалмады.
3. Жұрт жаппай әлеуметтік желіге кірді. Кірді де желікті.
4. Желіккен жұрт, ең алдымен, масылдық пиғылды күшейтті.
5. Қазақ сөзінен қадір кетті.
Айта берсе, санамалай берсек, осындайдың жүзі табылады. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей халге жеттік. Ары қарай қалай болады? Өз басым білмеймін...
Баспасөз – басқа сөзге айналды...
Сенім деген қасиетті нәрсе бар еді. Сол сенім сағымға сіңіп кеткендей!..
Жаппай сенімсіздік жеткендей!..
Қиналған қазақ Абайды оқып, бойына күш-қуат алатын еді. Мен де сөйтейін. Абайды қайта оқиын!» – деп шарасыздық танытқандай болыпты.
Қолында қанша билігі бар өздеріңіздей ағалар осылай десе, қалған жұртқа не дауа?..
Асқар Сүлейменов ағамыз: Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді, — деп еді. Бүгінде кімге сенерін білмей, аралығын ажырата алмаған ағайын дал.
Бәріміз Абайды оқып: «Ғылым мен білімнің кілті бәрі орыста», – деп «Караван» оқып кетеміз бе сонда? Жарайды, біз бірдеңе ғып ара-жігін ажыратармыз, аталы сөз айтар-ау деп, Астана мен Алматыға жаутаңдаған ауылдағы ағайынға қайтпек керек?..
«Қазір барлық қазақтілді басылымның тиражы құлады. Құлауға не себеп? Майлыбаевтың тұсынан «Ештеңе жазбаңдар, ананы айтпаңдар, мынаны көтермеңдер», деген тұншықтыру саясаты қазақ газеттерінің сөзін өтімсіз қылды» дейсіз. Шынымен басты себеп сол-ақ па?
Бір кездері өзіңіз басқарған «Жас Алашыңызға» жазылғысы келетіндер әлі де аз емес, шүкір. Оны өзіңіз де жақсы білесіз деп ойлаймын. Халықтың бізге деген көзқарасы жақсы. Кей кездері, тіпті, шағымданар соңғы адресі болып жүргеніміз де жасырын емес. Әрине, мемлекеттік көзқарас сәл өзгешелеу шығар, бірақ… «Көз түзелмей, сөз түзелмейді», дегенді де кеше бір жерден назарым шалғандай болған.
Әйтпесе, төл мерекесінде жалғыз медаль бұйырғанның өзіне «Жаңа Қазақстанның» арқасы деп желпініп, маңдайы жіпсіген «Жас Алаш» он жеті қызметкері бірдей мемлекеттік марапат алатын «Хабардан» қай жері кем еді?!
Рас, жұрттың бәрі «Хабар» көрсететін Қазақстанда өмір сүргісі келетіні анық. Светқали көкем айтқандай, біздікі сәл бөлектеу Қазақстан демесеңіз, илегеніміз бір терінің пұшпағы сияқты еді… «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» демекші, бұл жерге Олжекең айтатын «Мифический Чемоданов» сияқты, Майлыбаевтың қатысы жоқ шығар?
Расына келсек, қазақтілді басылымдарға арнайы жасалынып отырған қысым, бұл қазақ тіліне қарсы жасылынып жатқан шектеулердің бір парасы ғана. Әрі-беріден соң, ұлт мүддесіне қарсы жасалынып жатқан диверсия деп тану керек!
Бұл диверсияның басында Майлыбаев емес, «Сервершіл» Бағдат Мусиндер тұр! «Қазпошта» деген аттан садаға кеткір осы мекеме жергілікті жерлерде жазылуға келгендерге: ««Жас Алашқа» лимит бітіп қалды, «Егеменге», болмаса тағы бір газетке жазыла салыңыз», – деп жөн сілтеуден жаңылмайтынын сан мәрте естіп те жүргенбіз. Ақыр соңы, елдің жазылған газеттерін алыс аймақ тұрмақ, Алматының өзінде 3-4 аптанікін қосып, бір апаратынды шығарыпты. Бұны қалай түсіндіріп берер екен?!
Бұл диверсия емей не сонда?! Министрге де айттық. «Шешеміз» дегеннен асып кеткен ештеңе естімедік. Нені шешесіздер? Қашан? Жұрт енді газетке не үшін жазылады, айтыңыздаршы?
Жазып та жатырмыз, айтып та жатырмыз, қыстырып жатқан ешкім жоқ! Еститін Үкіметтен не пайда, істейтін Үкімет болмағасын?! Ал айтыңызшы тағы естісін. Ауылдағының аузы сасық, деп бізді менсінбей жүрген шығар? Мүмкін, биік мінберден Сіз де осыны бір қозғап көрерсіз, бәлкім?..
Дені сау қоғамда бір күн тұрмақ, санаулы сағаттарға кешіктірілген пошта тасымалы үшін сан жылдарға соттап жатады. Бізде ше? Он мыңдаған халықты көзін бақырайтып қойып, күнде алдап отырып, «Жаңа Қазақстан» құрып жатырмыз деуге құдайдан да ұялмайды. Адамдарды қайтсін...
Тағы бір мәселе қаладағы дүңгіршіктердің құрып кетуі. Бұл да «ДАТ» пен «СолДАТтан» қорыққан сорлы үкіметтің солақай саясатының кесірінен туындаған дүние. Соның салдарынан, енді тек «Караванның» ғана киоскілері қалды. Қасынан өткенде, сәл аялдап, сөресіне үңіліңіздерші, бір қазақ газетін көздеріңіз шалар ма екен. Бұл не сонда? Біз қай елде тұрып жатырмыз? Бұл не басыну? Тіпті, келісіп, сол киоскілерге (бұлар дүңгіршік емес) газетіңізді апарып қойғанның өзінде, ол жерде отырған «тыңайған жерлерімізді игеруге келген тетялар» тығып қойып, сатпайды дегенді де талай естігенбіз және оған еш таңғалмаймыз да.
Солай, Нұр-аға! Тып-тыныш Абайды оқып кете беруге болмайды екен. Қазір Абайыпты тойыс, Абаев жайлы көп оқып кеттік. Кешегі қаршадай ғана Асаубаевалар да «Абаевты оқымақ түгілі, тыңдамаймыз», деп қиғылық салып жатыр. Біз ше, «Біз кімнен кембіз?», «Құс құрлы жоқпыз ба?».
Нұр-ағам осы өліара шақта өзінің сүйікті «Жас Алашына» араша түседі деген үлкен үмітпен қызыңқырап кетсем, інілік назым үшін ренжімес деп ойлаймын. Біздің де соңғы адресіміз Өзіңіз боларсыз деген үлкен үміттеміз.