Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:31, 04 Тамыз 2022

Қайрат Құрманбаев: Радикалданудың қайнары – Діни білімнің таяздығы

None
None

Дін қай мемлекетте болсын тұрақтылық негізі. Әсіресе, Қазақстан сияқты тоғыз жолдың торабындағы, экономикалық жағынан дамушы, алуантүрлі этнос пен дін өкілдері тұратын мемлекет үшін дін саласындағы саясат өте маңызды саясаттың бірі болуы керек.

Сол үшін де дінтанушылар мен дін ғұламалары дінді ғылыми негізде зерттеу қажет екенін айтып жүр.

Дін саласындағы саясат пен кейбір түйткілді сауалдарды Нұр-Мубарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаевқа қойдық. Ол діни тұрақсызыдықтың алдын алуға арналған бірнеше кешенді шаралардың тізімін атап айтты.

-Мемлекеттің дамуы үшін діни тұрақтылықты сақтау қаншалық маңызды?

-Кез келген мемлекетте қақтығыстардың жолын кесіп, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қоғам тарапынан кешенді жұмыстар жасалуы керек. Мысалы, мемлекеттік деңгейде кейбір жұмыстар қолға алынуы қажет. Айталық, діни тұрақсыздық мемлекет пен қоғамның саяси әрі экономикалық, және әлеуметтік дамуына кері әсер беретінін білгеніміз дұрыс. Бұл бір. Екінші, дінге радикализм, немесе терроризм, экстремизм, салафизм сияқты тек қана «измдердің» жолын кесу тұрғысында қаралмаған жөн. Үшінші, дін мен діни білім беру саласы мемлекет тарапынан толықтай қаржыландырылуы керек!

Міне, осы үш кешенді жұмыс қолға алынғанда ғана дін саласында тұрақтылықты сақтауға әбден болады.

Бұдан бөлек, қоғамда исламофобияның өршіп кетуіне жол берілмеу қажет. Отбасы институтына және жастардың интеллектуалды-рационалды тұрғыда өсіп жетілуіне, әрі діни-рухани тұрғыда дұрыс бағыт-бағдар беруге ерекше көңіл бөліну керек.

-Діни білім деген не? Діни білім толық қалыптаспай, дүбаралық белең алмай ма қоғамда?

–Дін – қашан да өркениет пен мәдениеттің өзегі болып саналады. Адамзат арғы бергі тарихындағы қайсібір өркениетті дінсіз немесе наным-сенімсіз елестету қиын. Жасыратыны жоқ, негізі шынайы дін ең алдымен адам баласын ғылым мен білімге шақырады. Сол үшін де дінді оқу, дінді түсіну қажет. Ал керісінше айтсақ, дінді оқып білмеген, түсінбеген адамдар терорристік әлдебір топтардың құрбанына айналуы бек мүмкін. Түсінікті тілмен айтқанда, адамда тұрақты діни білім қалыптаспаса, ол радикалдануға, тура жолдан адасуға бейім келеді. Сондықтан, кез келген адам діни білімін айқындамай, дін негіздері мен діни тарихын зерттемей, діни дүниетанмы айқындалмайды. 

–Қазақстан сияқты салт дәстүрге берік мемлекет үшін дін мен дәстүрді бірге дамыту діни тұрақтылықты сақтауға қаншалық септігі тиеді?

–Өте дұрыс сұрақ. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда мемлекет пен қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін халықтың көп бөлігі дәстүрлі діни танымға жақын болуы керек. Бұл даусыз, әрине! Ата бабаларымыз дан жүздеген-мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміздің негізі мен тарихын, бітімі мен болмысын танып білу өте маңызды. Шынын айтқанда, бір мемлекетте немесе бір қоғамда діни ала-құлалықтың болуы ол қоғамның тұтастығына, тұрақтылығына көлеңке түсіреді.

Қазақ халқы үшін дін мен дәстүр бірбүтін ұғымға айналып, бөліп алуға болмайтындай бітісіп кеткен. Былайша айтқанша, қазақ салт дәстүрінде дінге кереғар келетін, діни тұрақтылыққа жарықшақ түсіретін бөгенайы бөтен дүние жоқ. Дегенмен, жастарымыз дінді ғылыми негізде оқып білгені артық етпейді.

Қазір бүкіл әлем оттың аузында тұр. Көрші мемлекеттер арасында қарулы қақтығыстар басталып кетті. Осындай қиын қыстау кезде мемлекет қоғамның рухани тұтастығына, діни сеніміне немқұрайлы қарамауы керек. Өйткені, дін – сенім. Сенім болмаған жерде адасу, радикалдану жиі орын алады.

Тегтер: