Қайрат Сатыбалды ұсталды!

Кеткен клан әлі қасарысып жүр екен...
Өткен жексенбіде Алматы әуежайының VIP терминалында ұлымен бірге шетелге ұшып кеткелі жатқан жерінен Қайрат Сатыбалды ұсталды. Бұл Қайрекең – Нұрсұлтан Назарбаевтың 1981 жылы жол апатынан қаза тапқан інісі Сатыбалдының ұлы яғни Самат Әбіш экс-президенттің туған інісі.
Ресми ақпарат бойынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуде. Осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалды ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен бірге, Қайрат Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде».
Рас, бұған дейін «Қазақтелеком» АҚ-ның барлық акцияларының 22,01% пайызына иелік ететін Skyline Investment Company S.A. деген оффшорлық компанияның қожайыны осы Қайрат Сатыбалды деген деректер айтылатын. Сосын, Сатыбалды 2018 жылға дейін Kaspi Bank акцияларының ірі пакетін ұстап келді деген дерек бар. 2010 жылы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның сайтында Сатыбалдының есімі Қазақстандағы салафизмнің бас көсемдерінің бірі деп аталғаны да бар.
Сол Сатыбалды ұсталды. Бәзбір қауесеттер бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияда Ердоғанмен кешегі кездесуі себеп деседі. Шындығында, Қазақстанда масқара болып биліктен айырылған Назарбаев Анталияда Қазақстанның туын желбіретіп қойып, түрік президентімен келіссөз жүргізгені өте қызық жағдай болды. Қазақстан деген кәдімгі үлкен мемлекет, оның атынан халықаралық аренада сөз сөйлеуге не елдің қазіргі заңды президенті, не сондай өкілет берілген ресми тұлғалар ғана құқылы емес пе еді? Кей блогерлер Назарбаевтың бұл кездесуі туралы Ақ орданың ештеңе білмегенін жазады, өйткені бұл туралы біздің елімізде ешбір ресми хабарлама тарамады. Соған қарағанда, Назарбаев сырттай Қазақстанды бір лас геосаяси ойындарға араластырып жүрген жоқ па, өзі?!
Сонымен, кей сарапшылар Сатыбалдының ұсталуын Назарбаевтың Анталияға сапарымен байланыстырып отыр. Назарбаев әулеті Тоқаев билігімен арадағы «бір келісімдерді бұзған болса керек», деседі олар. Өйткені соңғы кездері Қазақстанда қаңтардағы көтерілістің қайталануы мүмкін екені туралы түрлі қауесет көбейе бастаған.
Фейсбукте ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев Тоқаев пен Назарбаевтың арасындағы текетірес туралы жазып әлек.
Қысқасы, қаржылық ресурстары шексіз Назарбаевтың үрім-бұтағы енді Қазақстандағы биліктен айырылып қалғанымен келіспей, сан-түрлі әрекеттерін, астыртын қулық-жоспарларын жүзеге асыруға тырысып жатқан сияқты.
«Назарбаевтар кланының ең ықпалды мүшесі Қайрат Сатыбалдының ұсталуы – барша элитаға, әсіресе, экс-президентке жақын болғандарға жасалған ескерту. Сатыбалды «Қазақтелеком» АҚ аясында ғана емес, бюджет қаражаты салынған көптеген аса ірі мегажобалармен айналысқан адам. Оның ұсталуын тек жемқорлық схемаларымен ғана байланыстырмас едім. Қасым-Жомарт Тоқаев енді байлығының арқасында, билікке таласуы мүмкін Назарбаевтар кланының ең қуатты, ең қауіпті өкілдерін ығыстыруды бастады. Сатыбалдыны қамауымен Тоқаев «ойынның жаңа ережесін» құруға дайын екенін де көрсетті. Бұл – дұрыс болды. Ұлттық қауіпсіздікті күшейту мақсатында биліктің жоғары эшелонын жаппай тазарту қажет екенін сарапшылар ескертіп еді», – дейді саясаттанушы Санжар Боқаев.