«Қайсардың» бағын кім байлап отыр?..

Осы уақытқа дейін «Қайсар» футбол клубын қос директор басқарып келді. Бір емес екі басшы басқарған клуб ақыры былтырғы сүреңсіз ойындарынан соң бірінші лигаға түсіп қалды.
Әрине, қыл көпірдің үстінде жүргендей, футболшыларда психологиялық титықтау болғаны рас.
Осыдан екі айдан астам бұрын «Қайсар» ФК директоры Жағыппар Жұмахметов былай деген еді.
«Былтыр 6 қаңтарда «Қайсар» клубын сенімгерлік басқаруға берді. Шымболатов Наурызбай деген азамат 51% иелік етеді. Енді қазір Досманбетов деген азамат Шымболатовтың сенімхатымен жұмыс жасаймын деп жүр. Ол енді заңға қайшы емес. Бірақ бұл жерде, жарғы бойынша директор мен. Енді ұжымның өзі екі директорға қарап түсінбей жүр. Бірақ клуб директоры болғандықтан, құжатқа да, қаржыға да, келісімшартқа да қол қойып отырған менмін. Өйткені Жарғы бойынша атқарушымын. Мен сенімгершілік басқарушының алдында жылына бір рет есеп беремін, одан кейін 49%-ға ие әкімдікке есеп берем. Ал Досманбетовтың басқарушылық жағында жүрем дегені, түсініксіз», – дегенді.
Осылайша қос басшылыққа алаңдап дүбара күй кешіп келе жатқан клубқа Н.Шымболатовтың өкілі Дәулет Ізбасарұлы, «Шымболатовтың да өз шындығы бар», деп мәселенің мәнісін тарқатып берді.
– «Қайсар» футбол клубы толыққанды жекеге сатылып кеткен жоқ. Құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі. Уәкілетті басқарушысы Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы. Қызылорда облысы әкімінің 2016 жылғы 10 ақпандағы №338 қаулысымен бекітілген жекешелендірілетін заңды тұлғалардың мемлекеттік үлестерінің тізбесіне «Қызылорда облыстық «Қайсар» футбол клубы» ЖШС-ның 51% қатысу үлесі енгізілген. 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Қызылорда облыстық «Қайсар» футбол клубы» ЖШС-ның 51% үлесін кейіннен сатып алу құқығымен, сенімгерлік басқаруға 5 жыл мерзімге беруге өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытынды хаттамасына сәйкес, талап қоюшы Н.Шымболатов жеңімпаз деп танылған. Осы хаттама негізінде құрылтайшының атынан әрекет еткен «Қызылорда облысының қаржы басқармасы» ММ-сі мен Н.Шымболатовтың арасында 2021 жылғы 6 қаңтарда №23803-ЭТП мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бекітілді. Келісімшарт 2021 жылғы 6 қаңтарда мемлекеттік тіркеуден өткен. Яғни Шымболатов 5 жылдан кейін ғана бұл клубты толықтай сатып ала алады. Ал әзірге 51% сенімгерлік басқарушысы ғана», – деді заңгер Д.Ізбасарұлы.
Иә, Шымболатов клубты Сенімгерлік басқаруға алған сәтте клубтың қарыздары болған. Ол қарыздар бүгінгі күні шегерілу үстінде көрінеді.
«Қайсар» футбол клубына қатысты сот неден басталды?», деген сұраққа «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының директоры Дәулет Ізбасарұлы «Шымболатов сенімгерлікке алғаннан кейін кедергілер көбейген. Оның себебі Спорт басқармасының бұрынғы басшылығы Қайсардың директорын ешкіммен келіспей өзі тағайындаған бұйрығынан басталған» дейді.
– Әу баста бұл бұйрықпен бұқара халық та, жанкүйерлер де келіспей наразылықтарын желіге жүктеген еді. Сол уақыттары Шымболатов футбол клубын сенімгерлік басқармақ түгілі клубтың ғимаратына да кіргізілмеді. Біздің арыздарымыздан кейін ғана ғимаратқа кіру мүмкіндігіне ие болды. Бірақ клубтың ішкі жұмыстарынан шеттетілді. Әлі күнге дейін осы құбылыстар сақталып келеді. Ал клубтың бұрынғы директоры заңсыз тағайындалғандықтан, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Г.Мырзатаева әділетті шешім қабылдап, спорт басқармасының бұрынғы басшысы А.Жаманқұлдың клуб директорын тағайындаған бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюға шешім етті. Шешім заңды күшіне енген жоқ, – деді заңгер.
Алты айға созылған сот процесінен енді босап шығып жатқан құрылтайшы болса «Қайсар» клубының 2022-2026 жылдарға арналған даму жоспарын облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемовке ұсынбақшы екен.
Ал Клуб директорлығына Шымболатовтың кімді ұсынатыны алдағы уақыттарда белгілі болары анық.