Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:55, 07 Желтоқсан 2022

Қайта атқа қонды

None
None

Осыдан сегіз ай бұрын аймақты басқаруға келген Нұрлыбек Нәлібаев президент жарлығымен Қызылорда облысының әкімі лауазымына қайта тағайындалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыр өңіріне жұмыс сапарымен арнайы келген ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин аймақтың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты. Ол депутаттарға ҚР президентінің Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі кандидатты қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Жиынға қатысқан 135 депутаттың ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттардың 81,5 пайызы Нұрлыбек Нәлібаевты жақтап дауыс берді.

Айта кетер жайт, ҚР Конституциясының 87-ші бабына және ҚР президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы «Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларын бекіту туралы» №912 Жарлығына сәйкес, облыс әкiмi лауазымына тағайындауға келісім облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысында берiледi.

Жиыннан кейін облыс активінің отырысы өтті. Мемлекеттік кеңесші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысының әкімі лауазымына Нұрлыбек Нәлібаевты тағайындау туралы жарлығын таныстырды.

Ерлан Тынымбайұлы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру басты міндет екенін айтып, жаңа басшының қызметіне сәттілік тіледі.

– Өздеріңіз білесіздер, Шиелі ауданы және Қызылорда қаласы әкімінің қызметтерін абыроймен атқарды. ҚР премьер-министрі кеңсесінде жауапты жұмыстар істеді. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа қызметте тың серпін береді деп сенеміз, – деді Е.Қарин.

Жалпы облыс әкімі болып келгеніне әлі жыл толмаған Нұрлыбек Нәлібаев аз уақытта аймақтың әлеуметтік-экномикалық әлеуетін көтеруде оң өзгерістерге қол жеткізді. Облысқа тартылған инвестиция көлемі еселеп ұлғайып, республикада алдыңғы үштікке енді. Бюджеттен тыс көздерден 9 миллиард теңгеге оннан аса әлеуметтік, мәдени-спорттық нысанның құрылысы басталды. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстар жалғасын таба бермек.

– Қашанда сындарлы сәттерде сыр білдірмеген қасиетті де киелі Сыр өңірі жұртшылығы Мемлекет Басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, мызғымас бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп келеді. Әрі қарай да осы дәстүрлі жолымызды жалғап, ел дамуы жолында аянбай қызмет ететін боламыз. «Әділетті Қазақстанды» бірге құру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халық алдында қызмет ету азаматтық парызым және борышым деп білемін, – деді Н.Нәлібаев.

Бүгінде өңір тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыстық деңгейін көтеру басты міндет. Аймақтағы ілкімді жобаларды жүзеге асыру, жұмыссыздық пен қымбатшылықпен күрес секілді түйткүлді мәселелердің түйінің шешу қайта тағайындалған әкімнің жұмысына орасан жауапкершілік жүктейді.

Тегтер: