Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:02, 09 Қыркүйек 2023

Қайта табысқан Мәдениет пен ақпарат

None
None

«Баяғыша жұмыс істесе, ештеңе өзгермейді».

Күні кеше қайта құрылып, жаңадан ашылған министрліктердің алдында бұрынғыдан да ауыр, бұрынғыдан да өзекті мәселелер тұрғандай сезіледі. Егер әр министрлік өзі жауапты аймақтағы қызметін жеткілікті деңгейде атқарып жатқан болса, кешегідей қайта құру болмас та еді. Демек, орындалмай жатқан олқылық, түзелмей жатқан кемшілік бар.

Әлде саяси оқиғалардың жоқтығынан, ел ішінде әралуан пікір туғызып, талқылайтын тақырып тауып берген тағайындаулар жәй ғана орын алмастыру мен көз алдау ма?

Ақпарат айдынында...

Үкімет құрамына кіретін министрліктеріміз отыз жылдың ішінде бір қосылып, бір ажырап, әрқандай күй кешіп келеді. Сондай министрліктің бірі, қайта табысқан – мәдениет және ақпарат министрлігі.

Ең алғаш баспасөз және ақпарат министрлігі (министр – Қуаныш Сұлтанов) боп құрылған үкімет органы осы жылдар ішінде атауын он шақты рет өзгертіп, әр жылдары баспасөз және ақпарат министрлігі; Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігі; ақпарат министірлігі; Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі; Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі; Байланыс және ақпарат агенттігі; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі делініп, қайта бөлініп, қайта қосылып жүрген.

Ақпарат саласы – билік пен халықтың арасындағы байланыс, идеология ғана емес. Ең алдымен – мемлекеттік қауіпсіздік. Осы күнге дейін еліміздегі Ресейден келетін газет-журналдардың басымдығы мен Ресей телеарналарының ықпалы шешілмеген дүние. Оның өз кілтипаны бары анық. Бірақ отандық басылымдар мен телеарналардың сапасы мен санын арттыру арқылы осы күшке қарсы өз әрекетімізді істей алатындаймыз. Әлеуметтік, саяси тақырыптарды терең зерттеу арқылы, анализ жасай алатын мамандардың пікірін алға шығарып, сыртқы идеологияның ықпалына төтеп беруге болатындай.

Әлеуметтік желі мен видео-хостингтерді айтпай-ақ қоялық. Бәрі көріп, біліп отырған машақат.

Жаңа тағайындалған, бұрын да ақпарат саласын басқарған Аида Балаеваның алдында шешілуге тиіс мәселе шаш етектен. Ақпарат айдынындағы басылымдарды айтпағанның өзінде, баспа ісі деген үлкен мәселе тұр.

Соңғы жылдары жекеменшік баспалар дамып, қазақ тілінде оқылымды кітаптарды шығара бастады. Өнімді жұмыс істеп, әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды көптеп аударып жатыр. Бірақ кітап нарығында реттелмеген дүниелер бар. Мемлекеттің мойнына мініп, тапсырыспен ғана кітап шығарып отырған баспалар нарықтық бәсекеге дайын емес. Ал жекеменшік баспалар мемлекеттің қолдауына зәру. Себебі қағаз қымбаттағанымен, кітап бағасы өспей тұр (бұл мәселені де жекеменшік баспасы бар кәсіпкерлерді шақырып, арнайы көтеретін боламыз). Субсидия сияқты қолдауға зәру боп отырған шағын кәсіпкерлер мен мемлекетке масыл болып отырған баспалардың ара-жігін ажырататын кез келген сияқты.

Мәдениет кеңістігінде...

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дербес министрлік болған мәдениет саласы алғаш ақпарат саласымен 1999 жылы біріктірілді. Ол кезде министр – Алтынбек Сәрсенбайұлы болған. Содан бері бір кезде спортпен, бір кезде ақпаратпен қосақталып жүрген мәдениет қайтадан ескі жолдасы ақпаратпен бірікті.

Ең алғашқы Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев болған. Бір қарасаңыз о баста үлкен тұлғалар басқарған министрлік уақыт өте келе жіңішкере бергенге ұқсайды.

Соңғы жылдары мәдениетіміздің басынан дау арылған жоқ. Соңғы он жыл десек те болады. Арыстанбек Мұхамедиұлы ең ұзақ басқарған министр болғанымен, дауы көп, шуы басылмаған министр болды. Шоу, концерттерді көп өткізіп, драма театрлардың басшылығына өз кадрларын әкеліп, тіпті Әуезов театрына әзілкешті де басшы етіп қойған кезі болды.

Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловпен соттасып, басы дауға қалып жатса да, ұзақ уақыт орнын сақтай алған Арыстанбек Мұхамедиұлы ақыры Ұлттық музейге барғанда істі болып, сотталып кетті.

Ақтоты Райымқұлованың кезінде киногерлер одағы, суретшілер одағы, авторлар қоғамы өз мәселелерін шеше алмады. Елімізде бірнеше авторлар қоғамы тіркеліп, әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істеп отыр. Негізінен бір ғана қоғам болып, бір орталықтан басқарылғаны жөн еді. Жаңа министрдің алдынан осы мәселе де қайыра шығатыны сөзсіз.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін де, мәдениет және спорт министрлігін де басқарған Дәурен Абаев мәдениет саласын басқарған қысқа уақыт ішінде ел есінде «үңгір мәдениеті» деген сөзімен қалғанын айтпасақ, одан арғыға үлгерген жоқ.

Күні кеше орнынан кеткен Асхат Оралов жас, тәжірибесіз болды ма, мәдениет саласында жиын, салтанатты шараларға қатысудан босаған жоқ. Бір ғана мәселені айтайық. «Жас Алаш» газеті биыл туғанына 165 жыл толған Шәкерім Құдайбердіұлының соңғы күндері өткен Саятқорасы осы күні жойылып бара жатыр. Соны сақтап қалу мәселесін көтерген. Министрліктің репертуарлық саясат және өңірлік қызметті үйлестіру басқармасының басшысы Рига Талғатқызы Саятқора деген жердің барынан да бейхабар болып шықты. Ал соны қалпына келтіруді, сақтауды қазір үкімет облысқа, облыс ауданға сілтеп, не істерін білмей отыр. Осы мәселеге министр ұлттық жәдігер ретінде назар да аударған жоқ.

Асхат Ораловтың тағы бір түйткілі – режиссерлер болды. Ұлттық киноны қолдау қорынан шыққан даудың соңы митингіге ұласып, ақыры пичингті күзге қалдырып, қайта құжат қабылдаған болатын. Бірақ режиссерлердің алдына министр Ораловтың өзі шығып, арыздарын тыңдаған жоқ.

Ендігіде, еститін үкімет болған соң министрлердің мәселеге тура қарап, қандай да бір шығармашылық топ өкілдерімен ашық кездесуден тайсақтамауы маңызды.

P.S. Жоқты бар, барды зор етіп жатқан уақыттың алдында дәрменсіз пенде өз міндетін тоқтаусыз атқара береді. Сол сияқты жаңа министрдің де талмай жұмыс істеуіне тура келіп тұр. Бұрын бірге болған саланы, бір бөліп, бір қосқанда не ұтарымызды кім біліпті. Аида Балаеваның ендігі атқарар жұмысына қарап, бұл қайта құру дұрыс шешім болды ма, жоқ па, бағамдармыз.

Дархан Мыңбай, экс-министр:

Баяғыша жұмыс істесе, ештеңе өзгермейді

Мәдениет пен ақпарат министрлігін қосу қазіргі қажеттіліктен туындады. 10 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бүгінгі таңда бұл екі сала да өзгеше бейне алып, дамып кетті. Әсіресе ақпараттың қамтымайтын саласы жоқ. Керек десеңіз, кез келген министрлік үшін ақпарат министрлігінің жұмысы маңызды. Өйткені дәуір – ақпараттың дәуірі. Мен бұрын министрліктің ажырап, қазір қайта қосылғанының себеп-салдары туралы нақ басып айта алмаймын. Өйткені әр заманның өз талабы мен сұранысы, қажеттіліктері бар. Соларды ескере отырып, шешім қабылданады. Бір жағынан келте қарап, бірден төте ойлауға да болмайды. Қоғам тарапынан бір қосылып, бір бөлінді, жиі алмасып кетті деген сын да жоқ емес. Айтып өткенімдей, бұл заман талабынан туындаған қажеттілік екенін ескерген жөн. Ал ары қарайғы нәтиже қалай болатыны туралы біржақты болжам айту қиын. Оны жаңа құрылған министрліктің жұмыс барысы көрсетеді. Егер бәз баяғыша жұмыс істесе, таптаурындар сақталса, ештеңе де өзгермейтіні анық. Бірақ жаңа талаптар қойылып, сәйкесінше жаңа жұмыс бағыты мен жобалар пайда болатын секілді. Осы орайда жаңа министрлік ескеруі керек маңызды нәрсе – біз өз ішімізде, өз деңгейімізде ғана ойланбай, әлем контекстіндегі даму мен деңгейді ескере отырып жұмыс істеуіміз керек. Өйткені ақпарат саласының ауқымдылығы мен өзектілігі өз алдына болса, мәдениет бәрінің негізі.

Тегтер: