Қайталама құрылымдар адымды аштырмай тұр
Елімізде бір саланың міндетін қосарлана атқарып отырған құрылымдар жетіп артылады.
Ел қазынасын сүліктей сорып жатқан артық буындар біздің өңірде де тамырын жайған. Президент биылғы жолдауында «квазимемлекеттік сектордағы еншілес компаниялар мен ондағы қызметкерлердің санын қысқарту жөнінде» үкіметке қайта тапсырма берді. Соған қарамастан, үкімет пен облыс әкімдері бюджеттің бүйірін кеміретін мекемелерге «вето» қоюға асығар емес.
Мәселен, ауыл шаруашылық саласын қып-қызыл шығынға ұшыратып жатқан қайталама буындарды тізбектесең шұбырып жатыр. Дайын ақшаға ауыз салатын тәбеті зор құрылымдарды саладан жылыстатудың жолы қандай?
– Ауыл шаруашылығын тақырға отырғызған құрылымдардың дені субсидия берумен шектелуде. Олардан арылудың жолы мынадай: біріншіден, шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, кооператив құру керек. Дейтұрғанмен өзекті проблема жалғыз мұнымен бітпейтіні айқын. Келесі қадам, бұрынғыдай ауданнан ауыл шаруашылық басқармаларын қайта ашып, ауыл әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларын тағайындау қажет. Баршамызға аян, қазір ауыл тұрғындарына қалаға ет, май, сүт әкеліп өткізу үлкен қиындық туғызып отыр. Малдың терісі мен жүні далада рәсуа болып жатыр. Бұған жол бермеу үшін аудан мен ірі ауылдардан ауыл шаруашылық өнімдерін жинайтын, сақтайтын, сонымен қатар тапсыратын орта және кіші өндіріс орындары жасақталса, жемісті нәтиже берері сөзсіз. Міне, сонда септігі жоқ мардымсыз құрылымдар өздігінен жойылады, – дейді ілеріде Моңғолия ауыл шаруашылығы министрінің мемлекеттік хатшысы болған, қазір Топар кентінде тұратын Зарықхан Бағлатұлы.
Бейтарап тұлғалардың пайымынша, басы артық құрылымдар квазимемлекеттік мекемелердің жұмысын ілгерлетеді. Бұл ретте, ғалымдардың байламы қандай? «Экономика ықшамдау мен үнемдеуден құралған» деген аксиоманы еске салған экономист ғалым Аяпберген Таубаев былай дейді:
– Квазимемлекеттік секторларда бірін-бірі қайталайтын институттар көп. Турасын айтқанда, кезінде шенеуніктер жауапкершіліктерін жеңілдету үшін осындай мекемелерді құрып алған. Мәселен, Қарағандыдағы «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын әкімдіктегі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі толық еңсеруге болады. Бірақ кезінде шенеуніктер жауапкершілік пен жүктемені жеңілдету үшін осылай жасаса керек. Қазақстанның өзге салаларында да, осы тектес еншілес компаниялар көп. Айталық, қайталама құрылымдардың қызметкерлеріне жалақы төлеу, ең аяғы ғимарат жалдау – бюджетке артық жүктеме. Дамыған елдерде «жасыл беттің ережесі» деген тәжірибе бар. Шетелде жекенің үстіне мемлекеттік құрылым құру атымен жоқ. Мәселен, өзім куә болған бір мысалды айтайын: кезінде облыстық «Даму» қорына жыл сайын мың адам оқыту жөнінде мемлекеттік тапсырыс түсетін. Қалалық жерден 200-300-ге жуық бизнес өкілін табуға болар, ал ауылдан осыншама кәсіпкер қайдан табылсын? Тапсырыс берушілер бір кездері ауылдардан 100 адамды әрең жинап әкелетін. Тіпті бұрынғы тыңдаушылар бірнеше рет келген фактілер болды. Менің ойымша, мұндай қайтарымсыз жобаларды жауып, оның орнына ауыл тұрғындарына бизнеспен айналысуына берілетін несиелерді көбейткен жөн. Сөздің тоқетері, мемлекеттің қаржылық жүйесін «жұтқа» ұрындыратын құрылымдармен қоштасатын уақыт келді, – дейді Нұр-Сұлтандағы Есіл университетінің профессоры Аяпберген Таубаев.
Аймақтағы басқармалар бір терінің пұшпағын қатар илеп отырған ірілі-орташа құрылымдар жабылса, аспан айналып жерге түсетіндей күй кешеді. Соған қарағанда, жақын арада батыл шешімнің басталатын түрі көрінбейді.