Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:08, 16 Маусым 2023

Қайтқан «активте» қайыр бар ма?

None
None

«Қайтқан малда қайыр бар» деуші еді қазекем. Бірақ біз күткен «малдың» қайыры шамалы болайын деп тұр.

Өйткені отыз жыл бойы мүлік мүкәммал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Дүниенің төрт бұрышына шашылған дүниені қайтару қияметтің қиыны.

Айтқымыз келгені, экс-президент кезінде талан-таражға түсіп, сыртқа шығарылған байлық жөнінде еді. Нақты және бейресми деректерге назар аударсақ, Қазақстаннан шетке 160 миллиардтан 500-800 миллиард долларға дейін шығарылған екен. Дегенмен сыртқа кеткен активтің көлемі әлі де нақтылауды қажет етеді. Мәселенің үлкені «сыртқа жылыстаған осы байлықты елге қалай қайтарамыз?» дегенде болып отыр Рас, былтырдан бері «Активтерді қайтару жөніндегі» комиссия жұмыс істеп жатыр. Олардың алға тартқан дерегіне сүйенсек, шеттен 770 миллиард теңге қайтқан екен. Жүздеген миллиард доллардың жанында ол не тәйірі?

Бәрі болмаса да, басым бөлігін қайтару һәм байлығымыз тығулы жатқан шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу үшін арнайы заң қажет. Қазір парламент қабырғасында осы мәселені күйттейтін «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң талқыға салынып жатыр. Депутаттардың өзі де заңның шикі тұстары көп екенін жасырып отырған жоқ. Отыз жыл бойы елімізде тек олигополияның мүддесіне сай заңдар қабылданып келсе, мына заңда солардың мүддесін қорғау үшін жасалған деген әңгімелер айтылады.

«Неге екені белгісіз, елдегі сайлаулар асығыс-үсігіс өткізіледі, заңдар да солай қабылданады. Халық үміт етіп, күтіп отырған осы «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның асықпай талқыға салып, түзеп-күзеп барып қабылданғаны жөн еді. Қажет пе, жалпы халықтық талқылауға салған жөн. Бірақ жоғарыдан бұйрық солай болды ма, депутаттар жедел қарауда. Шілдеден бастап барлығы еңбек демалысына кетеді. Соған үлгеріп қалуға тырысып жатыр. Жүздеген миллиард активті елге қайтаруға мұрындық болатын заңды асығыс қарауға бола ма? Асығыстық болған жерде бәрі шикі-шалағай болып шықпақ. Бір қайнауы кем, жарымжан заң шетелдермен келісімдер жасауға жарамсыз болмақ», – дейді экономист Жангелді Шымшықов.

Сондай-ақ «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының мүшелері Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов та осындай пікірде. Заң осы қалпында қабылданып кетсе, заңнан қайыр болмайды деседі. «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасына қатысты баспасөз мәслихатын өткізген дұрыс болар дейді олар.

«Мұндағы ең ерсі норма (2-бап, 7-тармақ) – субъектінің әл-ауқаты АЕК мөлшерінен он үш миллион есе асып кетсе ғана оны негізсіз байлық ретінде тану. Бұл 100 миллион долларға пара-пар сома! Бұл норма қабылданып жатса, мемлекет бұдан аз соманы ұрлағаны үшін сотталғандардың бәрін босатуға тиіс болады. Өйткені ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес «Бәрі де заң алдында тең». Бұл норма қызметте жүрген шенеуніктер үшін кең коррупциялық мүмкіндіктер туғызады, өйткені қорықпастан 100 миллион долларға дейін ұрлай беруге болады. Сонымен қатар жобадағы активтерді өз еркімен қайтарып беру туралы келісімге қол қойған тұлға болашақта қандай да бір қудалаудан босатылады деген ереже жөнсіз. Бұл коррупциялық ымырашылыққа соқтырады», – дейді «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының басшылары.

Рас, 100 миллион доллардан асса ғана негізсіз байлық деп танылып, ал оған жетпейтін, бірақ халық қазынасынан ұрланған өзге дүние-мүлік есепке алынбаса, ол қандай заң? Заңның осындай күмәнді тұстары жеткілікті. Заңда «ерікті түрде не мәжбүрлі қайтару» тәртібі көрсетілген. Ерікті түрде активтерін кері қайтарған олигархқа рақымшылық жасау, қудалаудан босатудың өзі қаншалықты заңды? Халықтың наразылығын тудырмай ма? Демек талқыға түсіп жатқан заңда осының бәрі ескерілуі тиіс.

«Қайтарылған ақшалай емес активтердің барлығы да ҚР қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитетінің құзырына берілуі тиіс. Қайтарылған барлық ақшалай қаражат және ақшалай емес активтерді сатудан түскен қаржы Ұлттық қордың құрамындағы арнайы есепшотқа аударылуы тиіс. Басы артық құрылымдар құрудың қажеті жоқ», – дейді «Elge Qaitaru» мүшелері.

Бір сөзбен айтқанда, «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның әлі де шикі тұстары бар екені көрініп тұр. Тағы бір айта кететін жайт, заң аясында мемлекеттік қор және уәкілетті орган, арнайы комиссия құрылады екен. Ұлттық қор тұрғанда басы артық мемлекеттік қор құру қаншалықты тиімді? Оны құру, ұстап тұрудың өзі басы артық қаржыны талап етпей ме? Сондай-ақ уәкілетті орган құрамы түсінікті делік, ал комиссия қатарына кімдер енеді? Қоғам белсенділері мен депутаттар кіре ме? Атқарылатын жұмыста ашықтық бола ма? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Сыртқа кеткен активтердің негізгі тұрағы ретінде АҚШ, Швейцария, Англия, Франция, Испания, БАЭ, Сингапур, Гонконг және Сейшель, т.б. елдер мен аралдар аталады. Әзірге Қазақстан 33 мемлекетпен қылмыстық-құқылық салада 70 екі жақты келісім жасапты. Мәселе мұнда да емес, мәселе халықтың бүкіл байлығын иеленіп алған 162 миллиардердің иелігіндегі һәм әлемнің әр қиырына жасырған дүние-мүкаммалы мемлекетке қайтарыла ма? Одан жұрттың ерніне бірдеңе тие ме? Әлде «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның атауы жақсы болғанымен, заты олигархтардың мүддесін көздеп, заңсыз дүниесін заңдастыратын тетікке айналып кете ме? Демек парламент қабырғасында қаралып жатқан заңда осының бәрі ескерілгені жөн-ау. Сөз басында «қайтқан малда қайыр бар» деп бекер айтқан жоқпыз, халықтың ұрланған несібесі толық қайтқан жерде ғана, қайыр болатынын ұмытпағанымыз дұрыс.

Тегтер: