Қайтқан қаржыдан қайыр бар ма?

Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелге заңсыз шығарылған ақшаларды елге қайтару туралы мәселе көтергені белгілі.
–Үкіметке екі ай мерзім ішінде шетелге заңсыз әкетілген қаржы мен онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныстар беру міндеті жүктеледі, – деді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Енді, міне, үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия тиімді жұмыс істей бастады. Шетелге кеткен заңсыз ақшалардың басы қайтарылып жатыр. Әрине, бұл халық үшін өте қуанышты жайт. Алғашқыда «заңсыз қаржыны қайтару мүмкін емес, өте қиын. Бұл процесс бірнеше жылдарға созылуы мүмкін» деген де пікірлер айтылды. Алайда істің басы нәтижелі басталғасын, халықтың көкейінде сенім мен сауал пайда бола бастады. Бұл «елге қайтарылып жатқан ақшалар енді қайда жұмсалуы тиіс» деген мәселеге келіп тіреледі.
Қайрат Сатыбалдының «Қазақтелеком» және Транспорттық қызмет көрсету» компанияларынан ақша жымқыру ісі бойынша 36 миллиард теңге, Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеу барысында «Қазмұнайгаз» АҚ-дан шамамен 11,3 миллиард теңге, Қайрат және Гүлмира Сатыбалды және Қайрат Боранбаев пен «Оператор РОП»-тан елге 230 миллиард теңге қайтарылды. Күдіктілер сондай-ақ Люксембург банктерінен170 миллион доллардан аса қаржыны өз еріктерімен елге өткізген. ҰҚК басшылары мен қызметкерлерінің БАӘ-інен 3 миллион АҚШ доллары да елге аударылған. Сондай-ақ «Казфосфат» ЖШС-ның басшылығына қатысты 140 миллиард теңгеге заңсыз кіріс алу деректері анықталды. «БИПЭК» компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкиннің Шығыс Қазақстан облысында 77 жылжымайтын мүлкін қайтару туралы іс сотқа жолданды. Храпуновтың аталған аймақтағы 8 жер учаскесін тәркілеу үшін іс қозғалды. Сонымен қатар осындай 36 нысанға қазір тексеру жүргізілуде.
Заңсыз шығарылған ақша мәселесімен Бас Прокурордың бірінші орынбасары Т.Тәшімбаев бастаған Қазақстанның делегациясы өткен аптада АҚШ-қа барып қайтты. Олар АҚШ Әділет департаментінің басшылығымен, ФТБ және Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді. АҚШ Әділет департаментінің өкілдері қылмыстық активтерді іздеуге және заңсыз шығарылған ақшаларды АҚШ-тан Қазақстанға қайтаруға қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Демек, үкімет жанынан құрылған арнайы комиссияның жұмысы халықтың көңіліне сенім ұялата бастағандай. Ал сыртқа заңсыз ақша шығару бүгін басталған жоқ қой.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, «соңғы 30 жылда капиталды сыртқа шығару Қазақстанның бай элитасының қалыпты дәстүріне айналды. Олар байлықты иемденіп қалу үшін және өзара бәсекелестік тұрғысында бір-біріне жұтылып қалмау үшін тапқан пайдасын дереу шетел асырып, ірі банктерде сақтап отырды. Global Financial Integrity агенттігінің зерттеуіне қарағанда, 2004 -2013 жылдар аралығында салықтан жалтару үшін оффшорлық аймақтарға Қазақстанның167,4 миллиард доллар шығарылған.
Ал сыртқа кеткен қаржының қанша екенін нақты анықтау үшін енді не істелінуі керек? Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ойынша, «осы ретте сыртқа кеткен капиталды мемлекетке кері қайтару үшін әлі де кең ауқымды сараптамалық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мемлекеттік ірі лауазымда болған шенеуніктер мен министрлер, саяси фигуралар мен банк басшыларының ақшасын ғана емес, сонымен қатар олардың қандай мүлкі, бизнесін, бәрін тексеріп, бақылауға алу қажет».
Мысалы, Ұлыбританиядағы Chatham House зерттеу агенттігінің деректеріне қарағанда, аталған елде Қазақстан элитасының 511 миллион фунт стерлинг тұратын жылжымайтын мүлкі бар. Шетелден үй сатып алғандар бұдан да көп болуы мүмкін.
Қалай айтқанда да, сең қозғалды. Әлі-ақ ел естімеген талай қылмыстық істер ашылар. Анығы, шетелге заңсыз кеткен қаржы аз емес. Әлі де сотта қаралып жатқан істер жетерлік. Әр мүліктің бағасы және қаржысы бар. Бірақ кері қайтарылып жатқан қаржы қайда жұмсалуы тиіс? Тағы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей ме? Жоқ әлде, кезінде көлеңкелі жолмен шетелге шығарылған бұл ақшалар қайтадан қазынаға құйыла ма? Сауал көп. Пікірлер де әртүрлі. «Халықтың күнкөрісі ауыр, жағдайы қиын. Несиесі бар азаматтар көп. Сондықтан бұл қаржыны несиесі барларға беру қажет. Сөйтіп олар несиесінен құтылады» деушілер де бар. Тіпті екінші топ «елдің сыртқы қарызы орасан, сондықтан сыртқы қарызды төлеп, тыныш отырайық» деген пікірді де алға тартады.
Ал белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев: «елге қайтқан қаражатты жинақтап, қор құрып, пәтерсіз жүрген азаматтарға үй беру керек», – деп есептейді.
– Менің ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынысым бар. Ұрылардың қайтып келіп жатқан ақшасына қор құрып, қаңтарда зардап шеккен, оққа ұшқан азаматтардың отбасына пәтер әперу керек. Олар әр түрлі жағдаймен әр босағада пәтер жалдап, күн көріп жатыр. Екінші топ – ол көпбалалы аналардың отбасы. Егер бүгін сол ұрылардың қайтқан ақшасынан көпбалалы отбасыларға мемлекет пәтер әперсе, үлкен көмек болар еді. Алматыда ғана емес, облыс орталықтарында салынып жатқан пәтерлердің қаржысын төлеп, тез арада сатып алып, халыққа тарататын болса, ол біздің ұлтымызға үлкен көмек! Сондықтан ел президентіне, халқымызға ізгі тілегім осы, – дейді қоғам қайраткері Б. Тұрсымбаев.
Жалпы 30 жыл бойы елдің байлығын теспей сорғандар заңсыз шығарған ақшасын халыққа толық қайтаруы қажет. «Қаржыны түгел қайтардым» деп билікпен жасырын мәмілеге келіп, жазадан құтылып кетуге болмайды. Ал қайтарылған қаржы қайда жұмсалады? Бұл да әлі нақтыланбаған үлкен мәселе...