Қайырымды іс – жүректен

Елімізде қайырымдылық іс-шаралары қасиетті Рамазан айында көбірек іске асырылып, мұқтаж жандардың өтініштері басты назарға алынуда.
Қазақстанның әр түкпірінде әкімшілік мамандарымен қоса, жүрегі жомарт жандар да көмекке зәру адамдарға қол ұшын беріп, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруда.
Қарағандыда жақында ғана тұрғын үйге зәру отбасының бірі баспана кілтін алып, қуанышқа бөленді. «Елге көмек» қайырымдылық қоры Тұяқовтар отбасына үш бөлмелі үлкен үй сыйлап, жұрттың ықыласына бөленді. Бұл отбасының отағасы екі аяғынан айрылғаннан бері, бірнеше жыл бойы мүгедектер арбасына таңылып, бейнет кешіп келеді. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, отбасында жақында тағы да қайғылы жағдай орын алыпты. Үлкен ұлдары жол апатына тап болып, дәрігерлер оның табанының жартысын алып тастаған. Қазір отбасында екі мүгедектің жәрдемақысымен күнелтіп келеді. Бастарында баспана болмаған соң, қаражаттарының тең жартысы пәтер жалдауға кетіп отырған. Тұяқовтардың тағдыр тәлкегіне түскен қиын жағдайы волонтерлердің көңілін елең еткізіпті. Еріктілердің көмегімен жүрегі жомарт жандар аз ғана уақыттың ішінде қаражат жинап берді. Бұл қаражатқа Сұрыптау бекетінен үш бөлмелі жер үй сатып алынды. Енді бұл отбасының өздеріне тиесілі баспанасы болатыны жалпақ жұртты бір қуантты. Ал Тұяқовтардың қуанышы өз алдына ерекше.
«Күйеуіме күтім керек болғандықтан, жұмыс істей алмаймын, сондықтан үйде отырамын. Үлкен ұлдың өзіне көмек керек болып қалды. Жәрдемақыға күнелтіп келдік, сол ақшамен үйді жалға алу құнын, коммуналдық қызметті төлеп отырдық. Қол қысқа, тұрмыс әлсіз болған соң, өте қиын болды. Қазір, тіпті сене алмай, қатты қуанып отырмын, алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді Зүрилә Сапарова.
«Елге көмек» қайырымдылық қоры Қазақстан бойынша зәру жандарға осымен жиырма сегіз баспана сыйлаған.
Осылайша, елімізде қайырымдылықты жұртқа насихат етіп жүрген еріктілердің арқасында жағдайы төмен отбасыларға айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді.