Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 24 Наурыз 2022

Қайырымды қоғамның қағидасы

None
None

Аймақта жастар саясатына қатысты бірқатар мәселелербар. Олардың ішіндегі негізгісі NEET санатындағы жастар және РФ жоғары оқу орындарын бітірген жергілікті түлектерді жұмыспен қамту.

Қызылорда облысында соңғы 3 жылда 15-28 жас аралығындағы жастардың ішінде NEET санатындағы яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастардың үлесі 8,2%-ды құраған. Бүгінде осы азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жұмыс жасауда. «Биыл осы жобамен 147 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда», — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.

«Жоба аясында түлектердің алған мамандығы бойынша жұмыс орындары құрылады және жалақыны субсидиялау мерзімі 18 айдан аспайды. Осы жылы жобаға қатысушылардың жалақысы 91890 теңгеге көтерілуде. Жергілікті бюджеттен 108,1 млн. теңге қаржы бөлінді, алдағы уақытта республикалық бюджеттің нақтылануына 1000 адамды қамту үшін қосымша қаржы қажеттілігі туралы ұсыныстар жолданды. Ал, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының түлектері үшін жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында ұйымдастырылатын жастар практикасына 2091 адамға 960,7 млн. теңге бөлініп отыр. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 76575 тг-ден 91890 тг-ге дейін көтерілді, қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұлғайтылуда. Қатысушылар санын 5 мыңға дейін көбейту жоспарлануда. Сондай-ақ, жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге де бос жұмыс орындары ұсынылады», — деді Ж.Дәулетбаева.

Бүгінде облыстық «Жастар ресурстық орталығында» NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау бөлімі құрылып дерекқор базасын жасақтау мақсатында адрестік жұмыстар бастау алған.

«Қазіргі таңда облыс көлемінде адрестік жұмыстар жалғасуда. Дерекқор базасы бойынша жастарды оқыту, жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, кәсіпкерлікке баулу бағыттары бойынша тиісті салаларға ұсыныстар беріледі», — деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш.

Ал Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітірген қызылордалық 26 түлек жұмыспен қамтылатын болады.

«Қазіргі таңда 26 түлектің 20-сы нақты жұмыспен қамтылып, 6-на алдағы уақытта жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі», – деп мәлімдеді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан.

Бұл мәселеге облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова да, түлектерді жұмыспен қамту мақсатында өңірдегі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Облыста 175 728 жастар бар. Оның ішінде қала жастары 73 196 болса, қалғаны ауыл жастарының үлесінде. Ал ауыл жастарын жұмыспен қамтылуы көңіл көншітерлік па? Олардың дерлігі мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқуға қалаға кетеді. Қалғаны ауылда қалуға мәжбүр. Екі қолға бір кәсіп таппай құр босқа сенделіп жүргені аз емес. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Күрделі проблемаға айналған өзекті тақырыпқа байланысты нақты шешім қабылдау қажет екені ендігі белгілі.

Тоқсаныншы жылдарға дейін бұл мәселе шаруашылықтар есебінен оңтайлы шешілді. Қысы-жазы бос жүрген адам болмайтын. Көктем мен күз арасында егін шаруашылығымен шұғылданса, қыс бойы төрт түліктің бабын жасады. Дегенмен беріде кеңшарлар тарап, көзіміз үйренген сол көріністен көз жазып қалдық. Қазір де аграрлық салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Олардың қатарында ауыл халқын еңбекпен қамтуға мән беріп жүрген басшылар да бар.

Облыстың аграрлық саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте болған Бекмырза Еламанов елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін бірқатар мәселеге назар аудару қажеттігін айтады. Байқасаңыз, қазір шаруашылықтардың көбісі егін секілді бір бағытта еңбек етеді. Ілгеріде өңірдегі күріш егумен айналысқан әрбір құрылымның жанында мүйізді ірі қара фермасы болғанын білеміз. Оның себебі де бар. Жаз бойы егіннің бабын жасаған тұрғындар қысқы мезгілде мал шаруашылығына қол ұшын созатын.

«Бұл арқылы екі мәселені шешуге әбден болады. Біріншіден, ауыл халқы қысы-жазы еңбекпен қамтылады. Екіншіден, онда өндірілген өнімдер жергілікті тұрғындар сұранысын толық қанағаттандыратын еді. Өкініштісі, қазір сол жақсы үрдіс үзіліп қалды. Елдегілер тек егін шаруашылығына бет бұрып кетті. Әрине, екеуін де қатар алып жүру қазір қиын шығар. Алайда, бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты бағдарлама жасау қажеттігі айқын көрініп тұр. Рас, бүгінде ауыл шаруашылығына жасалып жатқан қолдау аз емес. Сол қолдауды жүйелей отырып, елдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге толық мүмкіндік бар деп санаймын. Болмаса, ауылдағы жастар жұмыс іздеп қалаға келуге мәжбүр. Қаланың өзі құшақ ашып жұмыс ұсынып тұрған жоқ. Салдарынан түрлі жат әдетке бой алдырып, сүрініп жүрген жастар да бар. Бұл — бәріміз ойланатын мәселе», — дейді Б.Еламанов.

Несін жасырамыз, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық өткір мәселеге айналды. Жастарға жұмыс, сол жұмысты үйлестіретін жүйе керек.

«Басқаға қуаныш сыйлай білген — ең бақытты жан» деген екен француз философы Дени Дидро. Бұл пікірге волонтер Серік Ерімбетовте сүйенеді. Негізгі мамандығы — электрик. Маңызды мамандықты серік етсе де, қолы қалт еткенде тұрғындарға жәрдемдесіп, көмектесуге даяр. Уақытын игі іске жұмсауға асығатын кейіпкеріміздің еңбегі елге белгілі. Себебі, қоғамдық шараларда белсенді тұрғын бұған дейін бірнеше адамға қуаныш сыйлап, ертеңге деген үмітін оятты.

«Өткен жылы волонтерлықтың не екенін шын мәнінде ұғындық. Ең бастысы, еріктілер мейірімсіз қоғам болмайтынын байқатты. Сыр волонтерлары төтенше жағдай уақытында түрлі бағыттағы жобаларға атсалысып, елмен бірге екенін көрсетті. Мен де облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан ашылған «Волонтерлардың фронт-офисіне» мүше болдым, оның ішінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» бағытына жетекшілік еттім. Тек осы бағытпен шектеліп қалмадым, іздестіру ісіне үлес қостық, тазалық рейдтеріне атсалыстық, қамкөңіл жандарға мүмкіндігінше қолдау таныттық. Жалпы, еріктілердің мақсаты — алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, ортақ игілікке жұмылуын жалғастыру, кең пейілі, жомарттығымен өзгелерге үлгі болу. Волонтер болу бұл — құрметті қызмет, ар-намыс кодексін қатаң ұстанатын өмір салты дер едім. Өзінің көкейде жүрген кей арманын қалай орындарын білмей жүрген жастар волонтерлық арқылы қалаған ниетіне қадам баса алады», — дейді С.Ерімбетов.

Ол, Шәкәрім айтқан «адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілін тұмар етіп, ізгі ісін жалғастырып келеді. Бұл волонтерліктің жас талғамайтынын көрсетіп отыр.

«Волонтер десек, көпшілік онымен қолы бос адам айналысады деп ойлайды. Ерікті болу үшін тек мейірімді жүрек, таза ниет, жақсылыққа ұмтылыс ғана керек. Менің де күнделікті атқаратын қызметім бар, жұмыс қауырт. Дегенмен, «Қалауын тапсаң, қар жанады» деп бекер айтылмаған. Барлығына уақыт табу керек. Әлеуметтік желіден немесе ақпарат көздерінен көмекке мұқтаж жан жайлы оқысам, сол ой маған маза бермейді. Қалайда қол ұшын созу керек деп бір адамның, тұтас отбасының аяққа тұруына себепші болуға асығамын. Бұл — маған берілген сый», — дейді ол.

 «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары көзқарастары туралы» атты еңбегі бар. Онда бақытты өмір сүру үшін халықты қалай басқару керек, тұрғындардың қалай өмір сүру керек екені жайында қамтылады. Қайырымды қалаға мақсаты ортақ қауымды жатқызған. Ойшыл дана мұндай жұрттың баянды бақытқа жететінін де айтады. Себебі, қайырымды жандары бар ел бақытқа бір қадам болса да жақындай түспек.

Тегтер: