Қайырымдылық қоғамға пайдалы
Әлемді құтқаратын – мейірімділік. Қайырымды жандардардың көп болғаны қоғамға пайдалы.
Ел тұрмысын жақсартуға қолұшын тигізіп жатқан атымтай жомарттар Қарағанды өңірінде артып келеді.
Өткен Рамазан айында аймақтағы мешіттердің жанындағы «зекет және қайырымдылық қорынан» қажеттілікке зәру отбасыларға және мұқтаж студент жастарға ауыз толтырып айтарлық базарлық тарту етілген-ді.
– Сәуір айында 50 отбасыға қаржылай көмек, 450 отбасына ыстық ас үлестірілді. Өңірдегі 1366 әулетке «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы шеңберінде тарту-таралғы берілді. Нақты айтқанда, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, қарттарға, зағип кісілерге, мүгедектерге, жалғыз басты аналарға азық-түлік қоржыны табыс етілді. Біздің шарадан Ә.Бөкейхан ауданындағы 52859 әскери бөлімінің сарбаздары да қалыс қалмады. Әскерилер әлеуметтік жағдайы төмен 6 отбасына өз сыйлықтарын жеткізіп берді.
Қасиетті айда бірқатар жандар берекеге кенелді. Былтыр пандемиялық шектеу кезінде, халыққа қайырымдылық жасау ісінде іркілістер болды. Есесіне, биыл ауыз бекіткен жандарға ерекше құрмет көрсетілді. Облыстың бас имамының айтуынша, қала мен ауылдық жерлердегі барлық мешіттер шарапатты шарадан тыс қалмады. Рамазан айының құрметіне 65 мың студентке ауызашар берілді. Сонымен қатар бес парызды орындаған қызмет бабындағы мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде, дәрігерлерге, полицейлерге «ауызашар» қоржыны жеткізілді. Жеткіншектер мен әйелдерге дастархан жайылды. Имандылық үйінде Қадір түнгі дастарханнан 11 700 адам сәресін ішті. Жалпы айтқанда, Қарағандыда бір айда 100 мың адамға ауызашар берілді. «Ел үлесі пәтерге» акциясы бойынша бір отбасыға жаңа пәтер тарту етілді.