Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:47, 23 Маусым 2023

Қайырымдылықтан масылдыққа

None
None

Соңғы кездері қоғамымызда масылдық дерті дендеп бара жатқаны жиі айтылатын болды.

Бұл мәселені президент те бірнеше рет тілге тиек етті. Мәселен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев масылдықтың ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізіп жатқанына өз алаңдаушылығын білдірген болатын.

«Масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз», – деген президентіміз халық арасында еңбекке баулу жұмыстарын күшейтуге тапсырма берген болатын.

Расында да, соңғы кездері елімізде масылдық психологияның айқын көрінісіндей оқиғалар көп орын алуда. Қит етсе халықтың өз еркімен барып алған несиесін, кезінде рахатына жұмсаған ақшасын жеме-жемге келгенде «мемлекет төлеп берсін» деуі әдетке айналды. Шын мәнінде, біреудің өз үйіне қарызға алған теледидарының немесе мақтан үшін қызығып, қарызға алған ұялы телефонының қаржысы неге мемлекет есебінен, халықтың ортақ бюджетінен төленуі керек?! Немесе баласын үйлендірем деп банктерден көтере несие алып, ысырапқа жол беріп, аста-төк той жасап, отбасылық қызықтарын тойлағандардың несиесі қалың қазаққа ортақ мемлекеттік бюджеттен неге өтелуі тиіс? Жарайды, төленген күннің өзінде бұл еліміздегі басқа тәртіпті салық төлеушілердің, алған несиесін үнемі уақытылы төлеп отыратын басқа тұрғындардың алдында әділетсіздік болмай ма?! Олардың да ертеңгі күні онда біздің де несиемізді мемлекет өтеп берсін деп бойкүйездікке, масылдыққа ұрынуына ықпал етпей ме?! Бұл әбден мүмкін нәрсе. Сондықтан мемлекет несиені төлеп берсін деген масылдық талаптың мүлдем дұрыс емес екені анық. Әрбір адам өзінің алған несиесінің жауапкершілігі ең алдымен өзінде екенін түсінуі керек.

  Бұл жүйенің дұрыс еместігін, ешқашан жекелеген адамдардың алған несиесі, қарызға алған тауарының ақшасы мемлекет есебінен өтелмеуі керектігін сарапшылар мен экономистер қанша рет айтса да, үкіметтен «қармақ емес, балық сұраған» масыл жандардың талабы азаймай тұр. Тіпті наразылық шеруін ұйымдастырып, халықты сол заңсыз шеруіне шақырғандардың басты талабы – мемлекеттің несиені өтеп беруі екені ақылға сыймайды. Ал олардың ертеңгі күні тағы қарызданып, «тағы төлеп бер» деп шу шығаруы әдетке айналмасына кім кепіл. Қит етсе қарызын өтеп беруді талап етіп, шу шығару бұзық балалардың қоқан-лоққысындай қалыпқа айналып кетпей ме?! Сондықтан халықты мұндай жаман әдетке үйретпеудің жолдарын қарастырып, масылдықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшеюі тиіс.

Бұл туралы президент те «Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді. Бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз» деп масыл адамдардың ұятын оятуға тырысты. Халық арасында масылдық психологияның жақсы емес екеніне қатысты түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Қазір қоғамымыздағы шын мұқтаж жандарды електен өткізіп, мемлекет қамқорлығынан тыс қалдырмау жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Масыл жандардың санасын сауықтыру бағытында да мүмкіндігінше түсіндіру жұмыстары жасалуда.

Осы орайда әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов: «Соңғы жылдары елімізде түрлі қайырымдылық шаралары көбейіп кетті. «Мектепке жол» секілді республикалық деңгейде барлық мектеп, түрлі мекемелер жаппай мұқтаж жандарға киім-кешек, оқу құралдарын тарататын қайырымдылық шарасы, жылыту маусымы келсе жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж отбасылардың газдарына тегін дабыл қаққыш орнатады, тағы біреулер көмірін түсіріп береді, азық-түлік таратып, тағы бір қайырымдылық шаралары бар. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде де баланың еміне, жоқ баспанасына, тіпті несиесін төлеп беру үшін блогерлер қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жатады. Мешіттер де осындай бір шаралар өткізуді әдетке айналдырды. Менің ойымша, мұндай қаптаған қайырымдылық шаралары халықты масылдыққа үйретеді. Бір жерден азық-түлік, енді бір жерден киім-кешек, мемлекеттен жәрдемақы алған соң, тегін дүниеге бойы үйреніп кетеді. Масылдыққа, қайыр сұрауға, тіленуге бейім тұрады. Бұл өте жаман нәрсе. Көршісінің тегін нәрсемен өмір сүріп жатқанын көрген келесі бір көрші отбасының психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Содан соң жаппай қоғамда масылдық пайда болады. Ең өкініштісі – қазір көпбалалы отбасылар осындайға үйренбесе екен деймін. Өйткені кішкентай кезінен тегін нәрселерге бойы үйреніп қалған бала өзі де болашақта жалқау, өз ортасына масыл адам болып қалыптасуы мүмкін. Сондықтан «ар­тық қыламын деп, тыртық қылып алмаудың» жолын ізде­уі­міз керек. Қаптаған қайырымдылық шаралары қоғамды масыл қылып алмауы қажет», – дейді.

Тегтер: