Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:02, 01 Наурыз 2022

Қала тұншығып отыр

None
None

Ал шенеуніктердің мұрны иіс сезбейді

Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғындары бір жылдан астам уақыт бойы іргедегі мал фермасынан шығатын қолаңса иіске тұншығып отыр. Далаға шығып, кең тыныстау былай тұрсын пәтерлердің терезесін ашудан қалған. Бір қызығы, бүкіл халқы сезіп отырған жағымсыз иіс бірлі жарым шенеуніктердің мұрнына мүлде бармайды.

Ақсу қаласына кіреберісте орналасқан бұрынғы базаның орнына тауарлы сүт фермасы салынғалы бері жергілікті жұрттан маза қашты. «Крон-Агро» деп аталатын шаруашылықтан шығатын иіс көпшілікті кәдімгідей әлекке салып отыр. «Қорада жүргендей күй кешіп жүрміз» дейтін қалалықтар талай рет кәсіпорын басшылығымен тілдеспек болғанмен, қайран болмапты. Қарапайым тұрғындар түгілі өткен жылы Ақсу қаласын басқарған Нұржан Әшімбетовтің бұл фермаға шамасы келмеп еді. Көпшілік шаһардың әкіміне базынасын айта барған соң экс-әкім автобазаның орнына мал базасының заңсыз салынғанын растайтын құжаттарды тапты. Тіпті оған дейінгі қала басшылығының нысанның пайдалану мақсатына қатысты қаулысының күшін жоймақ болып сотқа арыз берді. Сол тұста құжатқа қол қойғысы келмеген комиссия мүшелерін тапты. Бірақ бұл істен еш нәтиже болмады. Бұқараның шағымы негізді екенін дәлелдемек болған әкім жұмыстан қуылды.

Бірақ жұртшылық үндемей қалған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы мәселені қайта-қайта көтеріп, облыс әкімдігіне шағымдарды қарша боратты. Бірақ облыстың әкімі Әбілқайыр Сқақов Ақсуға жіберген қоғамдық кеңестің мүшелері «Тауарлы сүт фермасында ешқандай жағымсыз иіс жоқ» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Тіпті сүт орындарын шикізатпен, ал тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынға алғыс айтуымыз керек десті. Сонымен жұртшылық тарқасты. Шенеуніктер бұл іске одан соң бас қатыра қойған жоқ. Ал кәсіпорыннан шығатын қолқаны қабатын иіс іргелес жатқан көпқабатты үйлерді былай қойып, шағын шаһардың ортасына дейін «жаулап» ала бастады.

Ал биыл ақпанда күтпеген жерден облыс әкімдігі кәсіпорында тексеріс жұмыстарын қолға алды. Тұрғындардың шағымдарынан мезі болды ма, әлде өздерінің бір көксегені болды ма, әзірше, белгісіз. Өңірдегі экология департаментінің бас инспекторы Мағзұм Кокумбаев тексерісті ақсулықтардан шағымның түсуімен және экологиялық кодекстің қабылдануымен байланыстырды. Бірақ шағымдар былтырдан бері толастаған жоқ. Ал жоғарыда аталған кодекс өткен жылдың шілде айында жүзеге аса бастаған-ды. Сонда шенеуніктер жартыжылдық «қалың ұйқыдан» соң қайта оянғаны ма?

Қош, енді сол тексерістің тоқетеріне тоқталайық. Бұл жолы да аймақтың атқамінерлері «Кәсіпорында айтарлықтай қатты иіс жоқ» деген байламға келді. Былтыр барған қоғамдық кеңес мүшелері сияқты ферманың басшылығын мақтай жөнелді. Жобада малдың тезегін сақтайтын арнайы орын қарастырылып, ол салынғанмен, базада қалдық жоқ екен-мыс. «Қалдық жоба бойынша салынған сақтау қоймасына орналастырылса, қалада шынымен жағымсыз иіс болар еді. Бірақ оның барлығы жерасты құбырларымен егістікке тікелей шығаралып, тыңайтқыш ретінде қолданылады, осыған рақмет айтыңдар» деген сыңай танытты экология департаментінің өкілі.

Санитарлық-эпидемиологиялық орган көрсеткіштердің белгіленген шаманың шегінде деген қорытынды жасап отыр. Яғни, күкірт, аммиактың көлемі мөлшерден көп емес. Демек, иіс те жоқ.

Бір қызығы, бірнеше мемлекеттік орган жүргізген тексеріс жұмыстарына қала тұрғындары, қоғамдық бірлестік мүшелері, тәуелсіз бақылаушылар, тіпті, БАҚ өкілдері тартылған жоқ. Кәсіпорын басшылығы мен шенеуніктер арасында ғана болған тексеріс, былайша айтқанда. Сондықтан да малдың қалдығының иісі шықпаған жерден сыбайлас жемқорлықтың иісі шығатын сияқты. Әйтпегенде, мыңдаған тұрғынның мұрнын жаратын жағымсыз иіс облыстан барған бірнеше шенеуніктің мұрнына қалай жетпейді?!

Тегтер: