Қалам ұстағанның ұстаханасы болған ұстаз

«Бар пейілі ақ еді,
Бәрімізден сақ еді...
Бір өзі – бір басылым,
«Бір өзі – бір БАҚ еді», – деп жырлайды Бауыржан Омаров.
Жүкең (оны әріптестері осылай атайтын) фәниден озғанша қолынан қаламы түспеді. Қағаз кеміріп, қалам қажаған Жолдасбек Дуанабайдың сөз майданында салған ізі былай тұрсын, соңынан ерген ізденімпаз, дарынды жандардың талайын жетелеп жеткізді. Анығын айтқанда, ол Алматыға журналист боламын деп, еліміздің ой-қырынан арман қуып келген талай талантты жастың талабын қоштап, жігерін ұштап, қанатын қомдады. «Жас Алашта» жүріп, «Айқынға» ауысқанда да, айналасында үнемі жастар үйіріліп жүретін-ді. Бір өзі құмырсқаның илеуін жасаған жампоз еді. Қазақ баспасөзінің қос қарашаңырағының табалдырығын имене аттағандар жалғыз-ақ Жолдасбек ағаны іздеп келетін. Мұқым журфак ол кісіні жатқа білетін-ді.
ҚазМУ-да оқытушы болып істемесе де, жазу машығын бастағандардың ұстазы Дуанабай болғанын осы өмір мектебін тауысқандардың ешқайсысы жоққа шығара қоймас. Жолдасбек қай басылымда еңбек етсе де, сол редакция қалам ұстаған жас буынның ұстаханасы болды. Кісілік кемелдігі сол – кімге жақсылық жасаса да, ішкі есебі болмайтын. Ақжүрек, арда азамат еді. Ағайдың аты мен тегін қосақтап атауға ауыз бармайтын. Өйткені алдына келген қыз-жігіттерді бауыр-қарындасына теңейтін. Сонысынан болар, бәріміз үрім-бұтағымыздан тараған туысымыздай көріп, оны «ағатайлап» кеттік. Бізді қайдан көре қалса да, елпеңдеген әдетіне салып, жанымызға зыр жүгіріп келіп, хал-жағдайымызды сұрап, қауқаласа кететін-ді.
Адамгершіліктің төресі, кәсібіне кәнігі тұлпар тұлғалардың алды болған Жолдасбек Дуанабаймен таныстығым 1997 жылы басталды. Ол кезде жампоз журналист «Жас Алаш» газетінде қызмет етіп жүрген-ді. Оқушы кезде «Ұлан» газетінен мақалаларын сүйсіне оқыған дарабоз қаламгердің тірі бейнесін алғаш көріп, жақын танысуым сол кезден басталды. Жасқана барып, қолымдағы мақаланы қолына ұстаттым. Апта бұрын тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтен сұхбат алған едім. Интервьюді газет стиліне келтіргенсіп, шама-шарқым жеткенше бір қойыртпақ жазып шықтым. Ол кезде телевидениеде жүрген едім. Қобалжыдым, енді бірде тартындым. Себебі электрондық ақпарат құралдарындағы редакторлардың дені газет талабына жарамайтын. Бірақ сол жолы тәуекелге бас тіктім. Сайып келгенде, мақалам еліміздің ғарыш саласының ахуалы мен келешегі тақырыбында болды.
Тебірене жазған төрт беттік туындымды ағай әрі кеткенде 5 минуттың ішінде көз ілестірместен зулатып оқып шығып, «қадау-қадау мәселелерді қаузапсың, міндетті түрде басамыз» деп, шорт кесіп жауабын айтты. Мұндай тосын сыйды күтпеген менің жүзім бал-бұл жайнап, арманның ақжелкені алып ұшты. Кейін ол «Айқынға» ойысып, артынан «Жас Алашқа» қайта оралғанда асқаралы тұлғаның редакциялық тапсырмасын тиянақтап, адами шапағатын қатар көрдік. Сол кезде «шынайы жақсы адам», «жақсы аға» деген ұғымды санамда орнықтырған осы кісі еді. Мен үшін ол ойы оқшау, қиялы кемел отандық журналистиканың айсбергі сияқты. Мазмұнды мақалаларымен қазақ руханиятында тың әрі танымдық шығармаларымен өшпес із қалдырған кісіліктің төресі, кәсібінің кемеңгері Жолдасбек ағаның жаңа буын журналистерге тәлімгерлік еңбегі ұшан-теңіз.
«Жазбаса тұра алмайтын Жолдасбек»
– Журфактың студенттері алдыңғы буынның бәріне бірдей табына бермейді. Тек солардың ішіндегі алабөтен жазғыштарды ғана қадірлейді. Біз журфакта оқыған тұста да кейінгі курста елең еткізген қаламы жүйрік жастар баршылық еді. Ол оқуға түсерде университеттегі қабылдау комиссиясына жап-жалпақ папкасын қолтықтап келген жұдырықтай ғана жігіт – Жолдасбек Дуанабаев еді. Жолдасбектің сол папкасының ішінде қанша мақала болғаны жөнінде өмірі бітпейтін қызу пікірталас үнемі жүріп жататын. Біреулер жүз, екіншілер үш жүз, үшіншілер мың деседі. Әйтеуір, әрі қарай кетпесе, ешкім де жүзден төмен түспейді. Әуелі «Қазақстан пионеріне», кейіннен «Лениншіл жасқа», Жамбыл облыстық газетіне, Меркінің аудандық басылымына үзбей мақала жазып тұрған. Сондықтан папкасы жалпақ тарланбоздың бедерлі бейнесі журфак студенттерінің мифтік болжамдарына арқау болуы заңды еді, – дейді ел қамын қаламының ұшымен күйттеген қаламгерді емірене еске алған публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы.
Ертеректе жазғыш журналист жайлы «Жас Алаштың» қазіргі бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Қайрат Мәтірековтің «Жүкең табан астынан жоқтан бар дүние жазып шығатын қағілез, кәсібінің хас шебері еді» деп күрсінгенін естіген едік.
Қазақ журналистикасының қара нары – Жолдасбек аға жарық дүниеден періштедей, пәк қалпынан айнымай кетті. Қалың журналистер қауымы Жолдасбек ағаны ажалдан арашалай алмады. Шаңырағына кісікиіктей қамалып, аурумен апталап арпалысып, кеселін асқындырып алды. Ақыры қарғыс атқыр коронавирус корифейге мірдің оғындай тиді. Жаратқанның жазуына қарсы тұрған кім бар? Жалғыз перзенті Дина шырайлы Шымкентте шырылдап жылап қалды. «Қыздың жолы – жіңішке» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Дарабоз дарынның ұлағаты мен ісін ел есінде қалдыру үшін былтыр түркітілдес журналистер қоры «Шеврон» компаниясымен бірігіп, Жолдасбек Дуанабай атындағы сыйлықты тағайындады. Бұл барша журналистер бағбанына берген қоғамның құрметі деп түсінген жөн.
Айтпақшы, санаулы күннен соң, оқырманы қисапсыз журналист жайлы «Қалам ұшындағы өмір» деген мұқабасы қалың, екі томдық кітап жарық көреді. Сүйінші хабарды жазушының мұрасын сақтап отырған қызы жеткізді.