Қаламгер C.Үсенов қалай қуғындалды?

Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Сейілбек Үсеновтің №5424 тергеу ісі сақталған.
Екі томнан тұратын бұл іс 1937 жылдың 4 қарашасынан басталып, 1938 жылдың 22 қаңтарында аяқталды делінген. Ал жалпы іс сол жылдың 22 қыркүйегіне дейін созылған.
Аталмыш архивтен алынған №0976 архивтік анықтамада тұтқындалушы C.Үсеновтен тінту барысында мынандай құжаттар мен заттардың алынғаны туралы айтылады: AE №644131 сериялы төлқұжат, №1563891 партиялық билет, 110 беттен тұратын айыпталушының жеке іс парағы, 14 дана қойын дәптер, 6 дана фотосурет, Қазакстанның 15 жылдығына арналған төсбелгі, №89221 «Браунинг» тапаншасы 7 патронымен, түрлі мазмұндағы 6 кітап, қолжазбалары сақталған 1 папка. Бір өкініштісі, қаламгердің тәркіленген бұл жазбалары да, заттары да архив қорларында жоқ болып шықты.
Сол жылдары жаппай куғын-сүргін кезінде Қазақстанда әсіресе Солтүстік Қазақстан облысының чекистері ерекше қаталдығымен көзге түскені белгілі. Облыстык УНКВД-ның басшысы қандықол П.Пановтың (П. Панов жөнінде осы мақалада тағы да тоқталатын боламыз) қолынан қаншама жазықсыз азаматтар опат болды. Солардың ішінде Сейілбек Үсеновте бар еді.
Сейілбек Үсенов – өз заманында жасындай жарқырап, халық ағарту, мәдениет саласында, қоғамдық-саяси өмірде жауапты қызметтер атқарған, қаламгер ретінде танылған, өз заманындағы белді басылымдарды басқарған, талайлы тағдырында ұлт болашағы үшін барынша еңбек еткен біртуар тұлғалардың бірі. Жалпы, сынақ пен сұраққа толы Сейілбек Үсеновтің тағдыр-талайы да сол кезеңнің құрбаны болған барша зиялыларымыздың жазмышымен қат-қабат байланысып жатыр. «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жалпыға белгілі айыппен тұтқындалған Үсеновтің де атылғанға дейінгі бір жылға жуық тартқан азабы мен көрген қорлығын сөзбен айтып жеткізу қиын.
Қазақстанның бұрынғы басшысы Жұмабай Шаяхметов осы Солтүстік Қазақстан облысының УНКВД-да сол жылдары тергеуші, бөлім басшысы қызметінде болғаны белгілі. Оның жеке адамдарға көрсеткен қиянатын, іс-әрекетін әлі де ашық түрде зерделей түсуіміз керек. Себебі, C. Үсеновтың және осы іс бойынша жауапқа тартылған басқа да жазықсыз азаматтардың тергеу материалдарында оның да белсенділік танытқаны көрініп тұр.
Жұмабай Шаяхметов 1937-1938 жылдары жаппай қуғын-сүргін кезінде өте қатаң, қатал тергеуші болды, ұсталған адамдарға қол жұмсады деген айыптаулар жиі кездеседі. Сол жөнінде академик М.Қ. Қозыбаев былай дейді: «Қалай болғандада Ж. Шаяхметовтың өмірімен қызметі, оның жасап кеткен жақсылығы мен жеке адамдарға көрсеткен қиянаты тарихқа арнайы зерттеу аркылы хатталуы керек. Бұл біз үшін емес, болашақ тарих үшін керек».
Облыстық НКВД басшыларының қолы қойылған 1937 жылдың 4 қарашасындағы қаулысына сәйкес С.Үсеновке «ұлтшыл — фашистік» ұйымның белсенді мүшесі ретінде, осы ұйымның басқа да мүшелерімен бірге «кеңес үкіметін құлатпакшы болды» деген айып тағылып, РСФСР Қылмыстык кодексінің 54-10, 58-11 баптарына сәйкес Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД-ның ішкі түрмесіне тоғытылды. Облыстык НКВД тергеушісі Рафиковтың және бөлім басшысы Ж.Шаяхметовтың қолы қойылған аныктама, оны басшысы П.Панов бекіткен екен. Ол құжатта былай деп көрсетіпті: «С.Үсеновтың тергеу материалдары бойынша оның антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде троцкийшілдермен байланыста болды, контререволюциялық ұлтшыл ұйымның жұмысы төмендегі мәліметтермен дәлелденді».
Осы іс бойынша айыпталған Абдрахман Айсариннің көрсетуі бойынша: «В результате моей связи с Мукановым (Сабит Мұқанов жөнінде айтып отыр) по совместный контререволюционный работе, мне со слов Муканова известно следующие активные участники антисоветской националистической организации: Усенов Сейлбек отв. редактор газеты «Ленин туы» Северо-Казахстанской области. Усенов Сейлбек на страницах газеты «Ленин туы» протаскивал явно контререволюционный троцкизм, а именно; в 1936 году в момент передачи дела на участников троцкистского центра Зиновьева, Каменева и др. В газете редактируемой Усеновым была статья, где вместо того чтобы написать «пролетарский суд дела врагов народа принял в свое производство» была написано «пролетарский суд» дело врагов народа взял под свою защиту». Сонымен бірге осы анықтамада 1936 жылы 8 тамызда «Ленин туы» газетінде №90 санында ТАСС-тын мәлімдемесі берілген онда: «Кеңес Одағының батырлары В.Чкалов, Г.Байдуков, А.Беляков Кремльде» деп аталады. Мақала жолдарында партия мен үкімет, басшыларының беделіне нұқсан келтіретін контререволюциялық сөздер бар» — дейді.
«Бұл номер газеттің басқа да номерлері сияқты бұқара халыққа тарап кетті. Осы жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, облыстық прокуратурадан C.Үсеновті тұтқындап, жауапқа тарту үшін санкция беруіңізді сұранамыз» — делінген.
Сейілбек Үсеновке сонымен бірге 1938 жылдын 23 қаңтарында Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД-ның берген қорытындысында мынандай сандырақ айыптар да тағылған: «С.Үсенов 1937 жылдан ұлтшыл, терроршыл-көтерілісші, шпиондык-диверсиялык ұйымның Қазақстандағы белсенді мүшесі болған, олардың алға қойған мақсаты:
- Кеңес Одағын құлату;
- Осы ұйымның мүшелерімен бірге баспасөз саласында зиянкестік жұмыс жүргізген, баспасөзді антисоветтік, ұлтшыл ұйымның мүддесі үшін пайдаланды, баспа беттерінде контререволюциялық троцкизмді және ұлтшыл фашизмді дәріптеді, баспасөз арқылы партия және үкімет басшыларының беделіне нұқсан келтірді, «халық жаулары» деп танылған антисоветтік, сонымен бірге ұлтшыл белсенді мүшелеріне қолдау көрсеткен», — дейді.
Тергеу ісінде және айыптау қорытындысында «С.Үсеновті 1932 жылдан антисоветтік, ұлтшылдық ұйымға Ізмұхан Құрамысов тартты» деп көрсетілген, сонымен қатар жапон барлауының агенті ретінде шпиондық мәліметерді Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттінің хатшысы, «жапон шпионы» Байболсыновқа беріп отырған» деп айыптайды. Ал С.Үсенов тергеушілерге берген жауабында 1932 жылы I.Құрамысов Казкрайкомның хатшысы, сонымен бірге Алматы облысының обком хатшысы бола жүріп, Сейілбекті өзіне жақын тартып, ағалық қамқорлығын көрсеткенін айтады. Өйткені сол кездегі С.Үсенов қызмет атқарған Шу ауданы, Алматы облысына қарайтын еді. Көп ұзамай Құрамысов Сейілбекті өзіне аппаратқа жұмысқа шақырады, С.Үсенов келісім бергенімен, Қазкрайком оны «Социалды Қазақстан» газетіне редактордын орынбасары етіп жібереді. Тергеушілер осы жагдайларды назарға ала отырып, «С.Үсеновті контререволюциялық ұйымға I.Құрамысов тартты» деген өздерінше қорытынды жасайды. Тергеу материалдарынан байқағанымыз, С.Үсенов алғашқыда өзіне қойылған айыптардан бас тартқан, оған дәлел тергеушілердің соған байланысты түзген бірнеше актілері. Кейіннен 23 қыркүйек 1938 жылы тергеушілердің толтырған дайын хаттамасына «қол қоюға» мәжбүр болған. Тергеу материалдарымен таныса келе, мына мәселеге көз жеткізу қиын емес. Ең алғашқы жауап (допрос) кезінде С.Үсенов сияқты айыпталушылардың қай-қайсысы болса да ештеңені мойындамаған. Кейіннен бірнеше күн өткенде көпшілігі азаптауға, соққыға шыдай алмай айтқандарына көне бастаған. Әр жауап алынар сәтте күндіз-түні ұйқы бермей ұрып-соғу, азаптау күнделікті әдетке айналған. Қаншама жазықсыз азамат осылай зардап шекті, азапқа, тозаққа түсті, «Ия, мойындаймын» деп жалған мәлімдеме беруге мәжбүр болған. Тергеушілер оларды еш сұрауы жоқ адамдардай көріп, ойларына келгенін істеп, ұрып- соғып, есеңгіретіп, естен тандырып жауап алған. Тергеушілер бірінен соң бірі ауысып жауап алу әдісін қолданған. Сонымен бірге тергеушілер түрмеде тыңшыларды пайдалану әдістерін де колданғаны жасырын емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД түрмесінде «Меморандум» жасалғаны туралы құжаттарда көрініс бар. Оған Ж.Шаяхметовтың өзі қол қойған. Тыңшыларға құпия есімдер беріліпті. Мәселен, «Иса, Савденов, Саржан» — т.б. Камераларда күнделікті кім немен айналысты, не айтты, қандай ойлары бар екен? — сол жөнінде олар мәліметтер беріп отырған. Тергеушілер «қол қоя салыңдар, кейін жеңілдіктер болады, біразың ақталасындар немесе аз мерзімге кетесіндер, жоғарыдағы басшылар, бұл жердегі жөнсіздіктерден хабарсыз», — деп өтірік көндіріп отырған. Ал, олардың бар мақсаты – айыпталушыларды қалайда «кінәсін» мойындату болғаны баршаға аян.
Құжаттарға жүгінсек, жоғарыдан келген тапсырмалар бойынша төмендегі НКВД ұйымдарына кімде-кім көп адамды ұстап, қамап, жауапқа тартса, марапатқа ие болып, алғысқа бөленген. Әрбір НКВД басшыларына қосымша артық жоспар да беріліп отырғаны белгілі.
C.Үсеновтің тергеу материалдарында 1957 жылы оны ақтау жөнінде кұрылған комиссия өз жұмысы барысында мынандай мәліметтер келтіреді. Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті тергеу бөлімінің тергеушісі лейтенант Джексенов осы іспен айналыса отырып, төмендегі жәйттерді өзінің берген анықтамасында келтіре кеткен. Солтүстік Қазақстан облысы НКВД-ның 1937-1938 жылдардағы бұрынғы басшысы Павел Пановтың үстінен қозғалған тергеу материалдарында, 1939 жылы 19 маусым айында, 1936-1938 жылдары сол жерде жұмыс істеген НКВД қызметкері Константин Колесов деген тергеушіден куәгер ретінде жауап алынады. Өз кезеңінде К.Колесов былай дейді: «… Екінші бір болған жағдайды айтып берейін, редактор С.Үсеновті қинап, жауап алу үшін құрылған топтың ішінде менде болдым. Кудров өзі толтырған хаттамаға қол қойдыру үшін, біздің көзімізше С.Үсеновті табуреткамен қайырып қинап, қол қойғызды. Екінші хаттамаға қол қойдыру үшін, тағы солай қайталады. Сосын шіреніп тұрып: «Көрдіңдер ме, не жазсаңдар да ол бәріне қол қояды,» — деп масайрады. Одан әрі С.Үсеновті Кудровтың кабинетіне алып кетті, ал біз өз кабинеттерімізге қайтып оралдық» — дейді. Демек, тергеушілер алдын ала жауап алу хаттамасын дайындап, зорлап, қинап қол қойдырып отырған. Олар өздеріне сенімді болатын, себебі өлім жазасы туралы шешім тұтқындарға әлде қашан дайындалып қойылғандықтан оларға осындай айуандық әдіс қолданғандары анық.
1938 жылдың ақпан-наурыз айларында жүздеген адамдар атылды. Олар жөнінде мүлдем хабар болмағандықтан атылған адамдардың туыстары, бауырлары, жанашырлары оларды іздеп келіп, маза бермей, сұрастырғандардың қарасы көп болғандықтан кеңес өкіметі оларға жалған мәлімет беріп отырды. «Сотты болғандармен он жылға дейін хабарласуға болмайды, зияндарың тиіп кетеді» деген. Ал кейіннен олар жазасын өтеп жүріп, өз ауруларынан ажал құшты деп, диагноз қойып, анықтама беріп, хат жіберіп отырған. Атылғандардың бәрінің атын атап, түсін түстей берсек, елде Совет өкіметіне сенімсіздік туады, ел ішінде үрей туады деп қорықса керек. Мәселен, С.Үсеновке Петропавл қаласының ЗАГС бөлімі берген анықтамада 1944 жылы 22 қыркүйекте ауырып қайтыс болды деп көрсетілген. Ал, шын мәнінде тергеу материалдарында оның 1938 жылдың 25 қыркүйегінде сағат 23:55 атылғаны жөнінде мәлімет бар. Өздерінің жасаған қылмыстарын жасыру үшін, өздерін қалайда ақтау үшін осындай әртүрлі қитырқы әрекетке барып отырған.
Сейдехан Әлібек,
тарих ғылымдарының докторы,
М.Әуезов атындағы ОҚУ профессоры,
Шымкент қаласы.