Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 08 Шілде 2021

Қаламгер қыздар керуені

None
None

                         «Қыздардан журналист шықпайды. Неге?..»

Профессор Тауман Амандосов

1976 жылдың қоңыр күзі еді.

Сабақтың алғашқы күні есіктен шалқақтай басып, таяғын тықылдатып кіріп келген ақ шашты кураторымыз, журналистиканың теориясы мен практикасынан дәріс беретін профессор Тауман Амандосов алдыңғы қатарда үлбіреп, тал-қайыңдай тізіліп отырған он алты қызды көріп шошып кетті.

­– Мәссаға-а-ан! Мына курс ЖенПИ-дің бөлімшесі сияқты ғой, ей! – деп, бурыл шалған басын шайқай берді.

«Әй, көкетайларым-ай, – деді сосын әрқайсысына сығырая көз тастап, – журфакка адасып келгенсіңдер ғой, сендер. Бес жыл оқып, әрең алған табақтай дипломды қор қыласыңдар-ау...» – деп кәдімгідей қынжылыс білдірді.  

Қыздарды қойып, біз, жігіттер, аң-таңбыз. Журналист мамандығы таза еркектерге ғана арналған кәсіп деп кім айтты? «Енді не болар екен?» деп, арыстан жалды профессордың әр сөзін таңырқай бағып отырмыз. Негізінен, Тауман ағамыз жүрегі кең әрі әзілкеш адам ғой.

– Ал, журналист болдың дейік. Ал, арманыңа жеттің дейік, – деп бір тоқтады. – Содан бір күні алыс таудағы қойшының ауылына бара жатырсың. Түн… Орта жолда тірәктір бұзылып, айдалада қалдыңдар. Маңайда ұлыған қасқыр. Кабинада тірәктіріс екеуің ғана… Ал, не істейсіңдер?

Енді оны (оңаша қалудың жалғасын) ептеп сезетін жастамыз ғой. Жігіттер шиқ-шиқ күліп, қыздар жағы беті қызарып, төмен қарасып отыр. Осы сәтте толықтау бір ақсары қыз қолын көтеріп, орнынан тұрды. (Сықақшы Күләш Маманова екенін кейін білдік).

– Ағай, неге олай дейсіз? «Қыздардан журналист шықпайды» дегеніңіз мүлде артықтау сияқты. Шыққанда қандай! – деп, ол сол кезде елге танылып қалған Рза Қунақова, Сара Латиева, Сайраш Әбішева, Мағира Қожахметова сияқты бірқатар тұлғалардың есімдерін тізіп шықты. – Біз де сол апаларымыздай журналистикаға адал еңбек ете аламыз деп ойлаймын. Оқимыз, үйренеміз. Қажет болса, тракторды да айдаймыз, майлаймыз, жөндейміз...

Екпіндетіп бастап, шорт аяқтаған өжет қыздың «… айдаймыз, майлаймыз» деген соңғы сөзі тағы да күлкі шақырды. Аудитория гу ете түскенде, Тауман ағамыз да еріксіз езу тартты. Ол кезде ұстазымыздың әрбір сөзінің астарында бұғып жатқан жанашырлық ой барын кім ұға қойсын? Бейнеті мол, зейнеті аз кәсіптің көзге көрінбейтін кедергілерінен нәзік жандыларды сақтандырғаны екен ғой.

Қыздардың ақылшысы да, ересегі де осы Күләш Маманова мен дайындық курсынан оқып келген Сәтен Ауханова болды. Курстың ағасы Әшірбай Еркебаев сәтін келтіріп, тотыдай толықсыған Сәтенді қолына қондырды. Әлде керісінше ме екен?.. Отбасылық өмірде жеңгеміз тізгінді тарта ұстап, ширағырақ көрінген соң, айтып отырғаным ғой. «Әшеке, пәпкіңді ал!» «Әшеке, шәпкіңді ұмытпа!» Жазда күйеуінің желбегейін, қыста тонын көтеріп, аудиторияға қабаттаса кіреді, қосарлана шығады. Екеуінің осы тірліктеріне көзіміздің үйренгені соншалық – нағыз ерлі-зайыптылар өмірде осындай болу керек шығар деп ойлайтынбыз.  

Диплом қолға тиісімен қос журналист оңтүстіктегі бір аудандық газетте бірге қызмет істеді. Жарыса жазды. Ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін қатарласа көрсетті, қоғамның жақсы-жаманын бірге безбендеді. Бәрі де дұрыс сияқты еді, 90-жылдардың тоқырауы келіп килікпегенде. Шаруасы шайқалған газеттің азын-аулақ табысымен бір үйлі жанды асырау мүмкін еместігі аңғарылып қалды. Отағасына жол беріп, Сәтен де тәуекелшіл қазақ әйелдеріне қосылып саудаға шықты. Пойызда ала қап арқалады, базарда тұрды. Мұндай табыскер әйелді төбесіне көтермегенде, Әшекең кімді көтереді? Көтерді.

– Бәрі де осы жә-ә-әмән жеңгелеріңнің арқасы, – деп, Шымқаладағы бір тойда ептеп шалқығаны бар. Тым әуелеп кеткен ағамыз аспаннан жерге түскенше, жеңгеміз тәрелкесіне жылы-жұмсақты еселеп салып отырды. Жарасып-ақ тұр. Өкініштісі – көптен күткен курстың 40 жылдық кездесуіне Сәтеннің Әшағаңсыз келе жатқаны...

Жүріс-тұрысымен, бітім-болмысымен балапандарын ерткен ана қазды еске түсіретін Күләшпен мұғалімдердің өзі санасатын. Аудандық газеттен ысылып келген ол ауызекі әзіл-қалжыңның да шебері болатын.

– Партияның құдіреті күшті кезі еді, – дейді өзі бір күліп алып. – Съезд, ресми жиналыс уақытында редакцияда түнімен жұмыс істейміз. Әріп терушіміз арақ сасып жүретін жуан сары мұжық еді. Жүн-жүн білегін түріп тастап, жүз грамын жұтып ап, май сасыған типографияда қона жатып істейді. Жуынбайтын да болар. Оның қасында ауа жетпей тыжырынған корректор қыздар амалсыздан шыдайды. Сондайда біреуі «Күннің бетін көрмейтін болдық қой, осы!» деп нали сөйлепті. Жауапты хатшымыз оларды жұбатып:

– Аспандағы күнді көрмесеңдер де, білектегі жүнді көріп жүрсіңдер ғой, – деген екен.

Осылайша сатираның ауылын еркін шаңдатқан ол журфактың «Қаламгер» атты қабырға газетінен бастап, «Ара», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиетіне» шымшыма дүниелері жиі шығып, өз бағытын айқындаған сияқты еді. Қостанайға барған соң, облыстық газеттің тауқыметі қиын болды ма, отбасының жүгі ауырлады ма, республикалық басылымдарда көрінуі сиреп кетті.

Курстың темірқазығы секілді қыз-жігіттер маңайына жиі шоғырланып жүретін арудың бірі – жаңақорғандық Балқия Мамбаева. Домбыраның құлағын бұрап-бұрап жіберіп: «Арба айдаймын, айдаймын, дөңгелегін майлаймын...» деп желдіртіп әкеткенде желікпесіңе қоймайды-ау.  Әндетіп жүріп, Балқияның қай уақытта сабаққа дайындалатынын білмейміз, оқуды жақсы оқыды. Әсіресе араб тілінен дәріс беретін ең қатал мұғалім Мәрзия апамыздың ілтипатына бөленгеніне тәнті болатынбыз. «Әліп», «би», «күсін», «ән...» деп кете беретін, бір әрпінің өзі (жолдың басында, ортасында, аяғында) үш түрлі жазылатын араб тілін меңгеру оңай шаруа емес. Миың көже боп кетеді. Біз, жігіттер, апайдың музыкант қызы Жәнияның концертіне соңғы тиынымызға гүл апарып, емтиханнан зорға өтіп жүргенде Балқия «бестікті» қалтаға салып, сырбаз Серікпен қолтықтасып, киноға кетіп бара жататын.

Кейін екеуін тағдыр қосып, газетте корректор болып жүрген Балқия қаламды ысырып қойып, бар өмірін «Жас Алаш» газетінде істейтін Серіктің жолына арнады. Жарының үлкен журналист болып қалыптасуына, алаңсыз елге қызмет етуіне барлық жағдайын жасады. Өрістері ұзады. Тек мынау әлемді тітіренткен пандемияның салқыны бұл шаңырақты да айналып өтпегені өкінішті. Түнеукүні бір хабарласқанымда күйеуінің жылы болып қалғанын, өзінің «онлайн» оқып шаршағанын, немерелерімен бірге «каникулға шыққанын» айтып, біраз әңгіменің басын қайырды. «Шаршасаң, немерелеріңнің қызығында шаршай бер, Балқияш!» дегем. Қазір де айтарым сол.

Курстың алтын арқауы болған үркердей қыздарымыздың баршасына да арнайтыным сол тілек! Қалам мен отбасының тірлігін қатар ұстап жүріп-ақ, өмірдегі өз орындарын тапқан, өздерін танытқан олар жайында таратып жазсақ та жарасар еді. Оған бірақ бір мақаланың аясы жетер ме?

Сонда да есімі елеусіздеу қалған семейлік Шолпан Әлханованы қалай ұмытарсың?  Әлі есімде, Ұлы Абайдың 150 жылдық тойына шақырылған  БАҚ өкілдері қатарында бір топ курстастар арнайы бардық. Семей ол кезде бөлек облыс. Шашу шашып, қарсы алғандардың қатарында Шолпан қарындасымыз да жарқылдап жүр екен. Курстастарын көріп қатты қуанды. Облыс әкімі Ғалымжан Жақияновтың баспасөз хатшысы, тойды ұйымдастыру алқасының мүшесі екен, бірге оқыған әріптестеріне деген ықыласы бөлек болды.

Тойдан кейін ел тарқап, бізді – Жеделхан жеңгесі екеумізді қонаққа шақырды. Ол да журналист, «Қазақстан мұғалімінің» тілшісі. Шолпанның орталықта үш бөлмелі кең пәтері бар екен. Жазғы каникул болғасын, бала-шағасын анасына жіберіпті. Арада өткен он жылда айтылар әңгіме аз ба? Арасында өлеңдер оқылды. Бұрын мән бермеген екенбіз, Шолпан өлең оқыған сәтте шабыттанып, әне-міне аспанға ұшатын құстай иығын қомданып отырады екен. Облыстық газеттегі күйкі тірлік, әкімшіліктегі аласапыран жүгіріс тамаша бір ақынды «жұтып қойғанын» сезіндік.

Кейініректе авторитарлық билікке қарсы шыққан бастығы қамалып, қосақ арасында бірге шырмалып кете жаздады. Сол кездегі саяси жағдайларға байланысты жолы жабылып қалғанын өзі де байқады. Астананың шет жағына тұрақтағанын естідік. Көзге көрінбейтін саяси күштер, тұрмыс тауқыметі оны да ақыры жүректен құлатыпты...

Ортамыздан ерте кеткен тағы бір курстасымыз – Оңлагүл Арзықұлованы Таразға іссапармен барғанымда кездейсоқ бір аялдамадан кезіктірдім. 90-жылдардың басы еді. Бір баласын көтеріп, бір баласын жетектеген оны алыстан таныдым. Басында жасыл орамал, үстінде көк кәзекей, толықсыған салиқалы келіншек болыпты. Неге екені белгісіз, құшақтап бетінен сүймекке оқтала бергенімде, асау тайдай шегіншектеп басын ала қашты.

– Ой, Оңлагүл, қалайсың? Жағдайың жақсы ма? – деп мен де қоймаймын.

– Жақсы… – дейді ол қызарақтап, біреуден қысылғандай. Амандық-саулық сұрасқаннан басқа арыға бара алмадық. Әңгімеміз жүрмеді. Сөйтсем, ар жағында ала қарғадай қатпа кемпір маған оқты көзімен қадалып тұр екен. «Енем...» – деді сыбырлап. Алдыма келіп тоқтай қалған автобусқа секіріп міндім де, бір аялдамадан кейін түсіп қалдым. Көз алдымда Оңлагүлдің пұшайман мұңды келбеті ғана қалды.

Ержүрек апасының есімін иеленген, өкінішке қарай, оның да ғұмыры қысқа болған келесі қызымыз – «Б» тобының старостасы Мәншүк Бақжаева. Мектептен кейін ауыл шаруашылығында бірер жыл жұмыс істегені бар, көргені де, көңілге түйгені де аз емес. Орысшасы да мықты еді. Университетте де жақсы оқыды. Бірақ диплом алысымен журналистика ауылына соқпай, бірден мемлекеттік қызметке кетті.

Қаладағы аурухананың бірінде ем-дом алып жатқанмын. Бір күні тал түсте бірінші қабаттағы дәлізге түссем, саңқылдаған таныс дауыс естіледі. Жер жарған күлкісі де таныс. Қарасам, теледидардан күнде көріп жүрген халық әншісі. Қасында қара маржандай жалт-жұлт етіп біздің Мәншүк жүр. Мені көріп, жүгіріп келді. Құшақтаса кеттік.

«Қақа, мынау не жүріс?» деді үстімдегі алабажақ киімге күле қарап. «Е, өкіметтің бергені де… Өзің неғып жүрсің?» «Мына қызды дұрыстап орналастыр деп әкім тапсырып еді. Соның шашбауын көтеріп жүрмін» деп әнші жақты нұсқады. Алдында ғана Медеу аудандық әкімдігінде бас маман болып кіргенін естігенмін. «Проблема жоқ па? Болса, айт!» деп ірілігін де сездіріп қояды. «Бар, – дедім іркілмей. – Жастау бір медсестраны массаж жасауға бекіттіріп берсең...» Қолын бір сілтеген Мәншүк жарықтық: «Базар жоқ!» деп сақылдай күліп, ұзай берді...

Міне, біздің қыздар осындай өр мінезді болатын. Істері де ірі, сөздері де кесек. Солай бола тұрса да, тәкаппар емес, кеуделеп ер-азаматтардың алдына түскен емес. Ізеттілік таныта жүріп, өз отбасына нұрын шашты, бесік тербете жүріп, қоғамның сөзін сөйледі. Журналистикада азды-көпті із тастады, жазушылық пен ақындықтың тізгініне де қол созды. Бір сөзбен қайырғанда, қыздарымыз бәріне де үлгерді. Мөлдір поэзиясымен қалың оқырманның ықыласына бөленген Салтанат Қажыкенованың:

«Өзгенің қайтем бетіме қарап күлгенін,

Қажеті қанша үлде мен маған бүлденің.

Білмейді-ау, маған ынтызар болған біреулер,

Менің де қолым біреуге жетпей жүргенін...» – деген мұңды өлеңі әнге айналды. Бұл күнде ретро концерттерде ауық-ауық естіліп қалады. Сондайда қасымызда жүрген нәзік жандардың «қадіріне жете алдық па, осы» деген бір күдік қылтия қалады.

Қазіргі уақытта «Дат», «Жас Алаш» газеттеріндегі өткір мақалаларымен билікті қуырып жүрген Гүлмира Тойболдина ол кезде қып-қызыл коммунист болатын. Нарынқолдағы Өрмекші тауында малшыларға арнап үй салуға барғанбыз. Жаз салқын, жаңбырлы. Бәрінен бұрын, отыз адамға ас әзірлеу Гүлмира сұлуға қиын тиді. Қыздардан жалғыз өзі. Бүгінгідей ылп еткен газ жоқ, сарылдап аққан су жоқ. Жинап қойған ағаш су болып, жанбай бықсып, кісіні ит қылады. Содан ба, аспазымыздың еті қаттылау, вермишелі шикілеу шығып жүрді. Жаңбыр ұзаған сайын, астың мәнісі де кетті.

– Болды! Жетті! – деді бір күні саяси сауат ашу тобының жетекшісі Жұмабек Кенжалин ашуға мініп. – Бұдан арыға шыдау мүмкін емес. Бұл саботаж! Тойболдинаның  тәртібін бастауыш партия ұйымында қараймыз!

Бүгінгі күні жас буынға мұндайды есту біртүрлі күлкілі шығар. Ал ол заманда күлуге шама жоқ. Коммунистер үшін ұсақ-түйек деген нәрсе болмайтын.  Әйтеуір, Әмір Оралбаев деген курстасымыз мәселені жиналысқа жеткізбей шешуге мұрындық болды. Өзі көмектесетін болып уәде берді және сөзінде тұрды. Ас-судың да дәмі кірді.

Оқуды тәмамдаған соң, Гүлмира танымал тележурналистің бірі атанды. Бұл туралы әріптесі Қайнар Олжайдың былай деп жазғаны бар:

«Эфирден әрбір үйге күле кірдің,

Сені ойлап, жігіттердің мыңы егілді.

Гүлмира, шашты бояу ештеңе емес,

Боямасаң болғаны жүрегіңді...»

Иә, Гүлмираның да, барша қыздарымыздың да жүректері, пейілдері баяғысынша тап-таза екенінде күмән жоқ. Уақыт арнасы ескірте алмаған жүректерінің лүпілі телефонмен тілдескен сәттерде ап-анық сезіліп тұрады. Досқа деген адалдық, сыйластық, қимастық...

Оңтүстіктің қос дүлдүліндей қатар шапқан журналист-жазушылар Қалдыгүл Мұратова мен Несібелі Рахметова, министрлікте абыройлы биіктерді бағындырып, өз күшімен бірнеше журнал ашқан, қазақ баспасөзінің алтын қорын байытқан Гүлбану Мұқанова, Алматы мен Астананың түнгі жұлдыздарымен ғана сырласатын лирик ақын Бақытгүл Мадиярова, іскер редактор әрі қоғам қайраткері Әтіргүл Сопбекова, мөлдір прозаны немеренің тәтті күлкісіне айырбастаған Шара Батталғазиева, Ақ Жайықтың ақшабағы Света Мунянова, Сүмбіле жұлдызындай бірде көрініп, бірде алыстайтын Тұрар Төлеуленова, ат-құйрығын кесіскен жігіттердің соңынан «хабарсыз кеткен» Бағдат Бәрімбекова, Алма Есенбекова, Роза Молдабекованың қай-қайсысы да бір-бір шежіреге кейіпкер боларлық, Тауман Амандосов ұстазымыздың қайрағына шыңдалып, журналист қыздар көшін жалғастырған, намысты қолдан бермеген жандар. Айтылар сөздің алды-арты бұл емес...

Әрине, уақытты байлап қоя алмайсың. Арада өткен 40 жыл бәрімізді де есейтті. Барыс-келіс сиреді. Тірлігіміздің мәні де, сәні де өзгерді.

Өзгермеген бір-ақ нәрсе бар: ол – қайта оралмас думанға толы, өміріміздің көктеміндей болған студенттік шақты бірге өткізген қыз-жігіттердің бір-біріне деген мәңгілік сағынышы.

             

Тегтер: