Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ: Көкбөрінің ұрпағы екеніміз рас болса, азуымызды көрсететін уақыт жетті

«Жас Алаштың» бетінде айтар ойы бар азаматтарды шақырып, әңгіме-сұхбат құру – бұрыннан бар дәстүр.
Олардың сөзі қоғамның қисығын түзеп жібермесі анық. Бірақ мемлекетте жүргізіліп жатқан саясатқа, елде болып жатқан қоғамдық-саяси ахуалға, ұлттық өзекті тақырыптарға ел азаматтары өздерінің пікірін ашық айтып, өз ойларын білдіріп отырса, артық болмас. Ойды ой, пікірді пікір қозғайды. Біреуі болмаса, біреуінің сөзі биліктің құлағына шалынады. Бұл – анық әңгіме. Бүгінгі кейіпкеріміз – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі.
– Қалдыбек аға, жуырда ғана жүрегіңізге ота жасаттыңыз. Қазір қалайсыз? Жүрегіңізге салмақ салған не болды екен?
– Денсаулығымды сұрап жатқаныңа рахмет, бауырым! Иә, жүрегіме ота жасаттым. Бірақ жұдырықтай жүрекке салмақ салған қандай жағдай екенін өзім де білмеймін. Соңғы үш-төрт жылдан бері қан қысымым көтеріліп, қандағы қант құрамы артып ауырып жүргем. Жас емеспіз ғой. Осының бәрі жүрегіме салмақ салған шығар. Жүрегімнің ауырып жүргенін де сезбедім. Қан айналымын реттеп, емделіп алайын деген оймен Алматы қалалық кардиологиялық ауруханаға барғанмын. Бас дәрігері, сол орталықтың директоры Алмат Қодасбаев мені бастан-аяқ тексеріп шықты. Кардиологиялық орталықтың тәртібі бойынша қандай аурумен барсаң да, бірінші кезекте жүректі тексереді екен. Құдайдың сәтін салып тұрғанын қараңызшы! Жүрегімде кінәрат барын білгендей барыппын ғой.
Жүрекке стенд қоямыз деген әуелде. Бірақ оған жүрек тамырларым жарамады. Содан кейін балтырымнан тамыр алып, кеудемді ашып сол тамырды қойды. Күрделі ота. Бала-шағамның, туыс-туғанымның тілеуі, елдің, жақсы адамдардың тілеуінің арқасында ота сәтті жасалды. Бір сынақтан аман қалдым. Отадан бері үш айдан асты. Құдайға шүкір, денсаулығым бірқалыпты. Ауылыма келіп, туыс-туғанның басын қосып құдайы тамақ беріп, қайтқан кісілердің орнына құран бағыштап, аман қалғаныма шүкір етіп жатырмын.
– Қалаға, бұрын еркін сөйлеп, қоғамдық мәселелердің ішінде жүруші едіңіз. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметке араласып, үніңіз бәсең тартып қалған сияқты. Қоғамдық позицияңыз да бұрынғыдай ашық емес, көмескіленгендей. Келісесіз бе?
– Келіспеймін! Мен бұрын да, қазір де қызметке, мансапқа қызыққан адам емеспін… Соңғы жылдары мемлекеттік қызметте болғаным рас. Бұрынғы ОҚО-ның ішкі саясат басқармасында басшының орынбасары, одан кейін басшы қызметін атқардым. Шымкент облыс орталығы болып тұрған кезде «Түркістан» мәдениет сарайының директоры болдым. Шымкент қаласының бұрынғы және қазіргі екі әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқардым. Қай қызметте жүрсем де, журналистер алдында ашық сұхбат беріп, кез келген тақырыпқа азаматтық пікірімді ашық айтып жүрдім. Бұл – менің жеке тұлғалық қасиетім, азаматтық пікірім.
Қазақстандағы барлық БАҚ-ты бөліп-жармаймын. Мынау оппозициялық, мынау мемлекеттік деп бөлмеймін. Мен үшін Қазақстан Республикасының ақпарат министрлігінде тіркелген басылым болса болды. Ол – қазақ үшін, осы ел үшін қызмет етіп жатқан басылым. Мемлекеттік қызметте болған уақытта да, одан бұрын да осы ұстанымдағы адаммын. Бірақ кейбір журналистер телеарнаға шақырады. Барасың. Өткір сұрақтар қойып, өзекті тақырыптарды қозғап қайтасың. Бір күні эфирден қарап отырсаң, әлгі айтқан әңгімеңнің ұшық-ұшығы шыққан, кесіп-пішіп, шұнтитып тастаған. Содан көңілің қалып, ішің ашиды. Тіпті кейбір бағдарламаларда жақсы сұрақты жауабымен бірге кесіп тастайды да, салмақсыз бір сұрақты өзіңнің көңілің толмайтын жауабымен бірге қалдырып қояды. Ондайда қонаққа шақырған журналистермен ренжісіп қалатын кездерім де аз емес.
Тағы да айта кетейін. Мен ешқашан қызметтің құлы, биліктің айтаршысы болған адам емеспін. Қай кезде де айтатын пікірім ашық, айтар ойым көмескіленген емес. Жалтақтаған кезім болған жоқ. Айтатын сөзімді реті келгенде айтып тастайтын ана сүтімен берілген турашыл мінезім бар. Басқасы өзгерсе де, осы мінезім өзгермейді.
– «Нұр Отан» партиясының мүшесі екенсіз. Өнер адамдарының біразы осы партия қатарына өтіп алған. Жалпы өнер адамдары – шеңберге сыймайтын еркін азаматтар. Олардың партияға өтуі, кез келген бір партияның қатарында болуы дұрыс па?
– «Нұр Отанның» қатардағы мүшесімін. Бөлім басшысы, аймақ басшысы сияқты лауазымдарым жоқ. Партияға өз еркіммен кірдім. Ешкім мені қыстап қабылдаған жоқ. Қоғамда пікір көп қой. Мысалы, бір партияны құбыжық көрсету, оның құрамындағы азаматтарды ойсыз, топас санау сияқты біржақты пікір басым. Керісінше, бір партияның басшысы өзіне бақталас екінші партияның басшысы қызметінен кетсе, соған жылап-сықтайтын әсіре көзбояушылар, әсіре жағымпаздар да бар. Оны жоққа шығармаймын.
«Нұр Отанға» мүше болудағы мақсатым – болашақта депутат болып қаламын-ау деген ішкі есебім болған емес. Қайта осы партия қатарында болсам, қоғамда болып жатқан кейбір әділетсіздіктерді, кейбір заңсыздықтарды айтып, соның шешілуіне себепкер болсам деген мақсат қана. Өнердің ғана емес, қоғамның күйіп тұрған мәселелерін көтерсем деген ой. Партия қатарына өткелі, кейбір ұсыныстарым қабылданып, кейбір ұсыныстарым далада қалған кездері де болды. Тіпті күн тәртібіне енбей қалған пікірлерім де жоқ емес. Оған өкпелеген жоқпын. Өйткені әр адамның өз пікірі болады, бәрі бір адамның пікірін қолдау керек деген сөз жоқ. «Нұр Отан» партиясы маған мүшесі ретінде жеке басыма ешнәрсе берген жоқ. Одан дәметпеймін де. Бүгін «Нұр Отанда» жүріп, ертең «Ақ жолға» өтіп, ананы мына жаққа, мынаны ана жаққа жамандап, содан ұпай жинап, парламенттің мандатына ие болып жүрген азаматтар да баршылық. Мен олардың қатарынан емеспін. Ешқандай партияны жамандаған, депутат болуды армандаған кісі емеспін.
Мен «Нұр Отандағылардың» бәрі керемет, шеттерінен білімді, білікті демеймін. Бәрі жұмыстарын мінсіз атқарады деуден де аулақпын. Өз партиямды ішінен көріп отырмын ғой. Ішің қайнап кететін дүниелер бар. Мысалы, кейбір азаматтар әсіре жағымпаздыққа салынып, жоқты бар деп, жоқ зауытты бар қылып, аз пайызды көбейтін көрсетіп жатады. Сондай өтіріктерді ашық айтамын. Оны түсінетіні де, түсінбейтіні де бар. Сол сияқты «Ақжолдағы» жігіттердің бәрі нашар деген пікірден де аулақпын. «Ақжолдағы» жігіттердің арасында да сыйласып, сіз-біз десіп жүрген жігіттер бар. Жалпы, менің түсінігімде, мейлі кім қай партияда болсын, бәрі – бір қазақтың баласы, бір елдің азаматтары. Бір қазақтың баласы бірін-бірі қызмет үшін немесе партия үшін жамандап, бірінен бірі саяси өлік жасауға қарсымын! Шамасы келсе, бірін-бірі көтеріп, саяси тұлға жасасын. Мен осындай ұстанымдамын.
– Шымкенттің мәдениет басқармасына қарайтын мәдениет үйінің жетекшісі болған Сәкен Майғазиев биыл даудың астында қалды. Сол уақытта сіз Сәкенді қатты қорғадыңыз. Неге? Кінәсіз екенін біліп қорғадыңыз ба, әлде жерлесіңіз болғаны үшін ақтап алғыңыз келді ме?
– Сәкен бірнеше мәдениет ошағы біріккен мәдениет үйінің директоры қызметін атқарды. Сәкен – талантты жігіт. Жерлесім екені де рас. Бірақ мен жердің, рудың ауруымен ауырған адам емеспін. Жұрт мені неге Сәкен Майғазиевті жақтады деп ойлайды? Мен Сәкеннің тұлғасын құрметтеймін. Бізде соңғы жылдары тұлғаларды қаралау, тұлғаларға күйе жағу деген жаман әдет пайда болды. Мысалы, Шәмшіден бері қарай, Бибігүл, Мадина апаларымызға дейін әлемжеліде жұрт қаралап жатады. Тіпті, осы Сәкен мен Мейрамбекке де жалған жала жауып, өтірікті шындай қылып тұрып күсталап жатқандарды өз көзімізбен көріп жүрміз. Қазақтың пейілі мұндай тар емес еді, бұл қалай?!
Қазақ өнерінің шоқ жұлдыздарын бұлай жамандасақ, басқа халық бізге не демейді? Арыстай ұлдарымызды, айдай қыздарымызды өзіміз қадірлемесек, басқа біреу асылын бере сала ма? Әлеуметтік желідегі жұрт ойының таяз, пиғылының ластығы соншалық, бір адамды жамандаса, жаназасын шығарып тастайды, ал мақтаса айға ұшырып жібереді. Сондықтан әлемжелідегі пікірді қоғамның пікірі дей алмаймын. Әлемжелідегі пікірлерлі оқып отырып өмірге келгеніне өкпелі, Жер Анаға екі аяғын тік басып жүргеніне назалы жандардың көбейіп кетекенін сеземін. Егер олардың өкпесі билікке, биліктің кейбір қисық жұмыстарына айтылса, оны қолдаймын. Ал қазақ өнерін ұлықтап жүрген қыз-жігіттерді күсталайтындардың жағында емеспін.
Сәкен қылмыс істеген болса, ішіп-жеп, шашып жіберген болса, онда құқық қорғаушылар бар ғой. Солар ақ-қараны анықтайды. Құқық қорғаушылар да ақымақ емес, Сәкенді әнші екен деп олар аямайды. Қылмысы болса, кім болса да жазасын өтейді. Оны ақтай алмаймын. Ал қылмысы анықталмаған адамды қайта-қайта жерге ұра беруге қарсымын! Әлемжелідегі жұрттың кісі сүймес қылығының бірі сол.
– Салыстырмалы түрде айтсақ, өнер адамдарының көбінің қарны тоқ, көйлегі көк. Содан болар, олар көп жағдайда қоғамды толғандырған әлеуметтік мәселелерге бас қатыра бермейді. Қоғамдық-саяси оқиғаларға, ұлттық тақырыптарға араласпайды. Неге?
– Бұл сұрағыңызға біржақты жауап беру қате. Иә, әншілер тойдан ақша табады, үй алады, зәулім сарай салады. Ол – абаяғы сал-серілердің заманында да болған дәстүр. Қазақтың сал-серілері қой бағып, жылқы күзетіп жүрмеген. Олар ән айтып, сауық құрық, ауыл-ауылды аралап өнер таратып жүретін болған. Оларға атын шығару үшін, байлығын, жомарттығын көрсету үшін байлар ат мінгізіп, шапан жауып, алтын, күміс беріп шығарып салады. Бүгінгі әншілердің тойға барып тойып жүргені сол дәстүр. Ол – халықтың ақшасы. Оны қызғану қателік. Дегенмен, кейбір әнші-әртістердің қоғамдық, ұлттық мәселелерге бас қатырмайтыны рас. Оны жоққа шығармаймын. Бұл – барлық азаматқа тән қасиет. Әншілердің ішінде де ойы таяз, пікірі жоқ жігіттер бар. Бірақ сіз өзіңіз білетін бір шындықты мойындаңыз!
Осыдан бірнеше жыл бұрын жер дауы кезінде, өнердегі азаматтар қасқайып қарсы шықты. Ешкімнен жалтақтаған жоқ. Соған мен де таңғалдым. Барлық басылымдарға, телеарналарға шықты. Өнер адамдарының бәрі бұғып қалады деген пікіріңізге осы жауап болар еді.
Ал кейбір адамдар өнер адамы өнермен ғана айналысуы керек дейді, онымен келіспеймін. Ол саясатпен де, қоғамдық тақырыптармен де айналысуы керек. Мен де әнімді жазып қойып отыра алмаймын. Әнімді де жазамын, ұлттық тақырыптармен де айналысамын. Бұл – азаматтық пікірім. Барлық өнер адамдарында осы пікір болуы керек.
– Мысалы, соңғы оқиғаларды айтайық. Путиннің қазақтың жері, қазақ жерінің шекарасы, мемлекеті, мемлекеттік тарихы туралы қыңыр-қисық әңгімелер айтып жүр… Алматы облысындағы ұйғыр-қазақ оқиғасы… Халыққа белгілі азаматтар, әнші-әртістер осындай ұлттық, мемлекеттік тақырыптардан саналы түрде шет қалады. Осының мәнін түсіндіре аласыз ба?
– Біздің ішімізде де, сыртымызда қазақтың мемлекеттігініне, елдігіне қызғанышпен қарайтын мысықтілеулер бар. Теріскейімізде аюдай ақырған орыс, шығысымызда құмырысқадай қаптаған қалың қытай жатыр. Шындап келгенде, осы екеуінің ешқайсысы қазақтың көсегесі көгерсін, мәңгілік ел болсын демейді. Иә, көрші болған соң, көрші хақысын орындаған болады. Тату-тәттіміз деген тәтті сөздер айтады. Бірақ қазақтың жерін, байлығын, елдігін қызғанады. Бұл анық. Ресей президентінің, сосын депутаттарының қайта-қайта: «Әлемдегі ең қиын тіл қазақ тілі. Қазақтардың өзі оны меңгере алмады», – деп айтуы, бұл мысықтілеу пиғылдарының басым екенін көрсетеді. Бұл саясаткердің аузынан шығатын сөз емес. Сондықтан біз есімізді жинап, шегенделген шекарамыздан айырылып қалмай, тілімізді, дінімізді берік ұстанып, ішкі-сыртқы саясатымызға қырағы болуымыз керек. Реті келгенде айтайын, біздің басшылар бұрынғыдай жалтақтағанды қою керек. Қазақстан – БҰҰ-ның құрамындағы мемлекет. Жеріміз де, еліміз де БҰҰ-ның заңына сәйкес қорғалады. Ендеше, біз ешкімге жалтақтамай, көршілермен тең тұрып сөйлесіп, Ұлы даланың ұлы елі екенімізді мойындата білуіміз керек. Анаған бір, мынаған бір жалтақтай берсек, мемлекеттігіміз ұзаққа бармайды. Кейде билік басындағы азаматтар атқаруға тиісті, солар айтуға тиісті сөзді қоғамдағы қарапайым азаматтар айтып жатады. Өйткені мемлекеттік деңгейде айтылатын сөзді биліктегі шенділер айтпаған соң, солар өз міндетін атқармаған соң, қарапайым халық айтып жатыр. Әркім өз жұмысын істеуі керек. Сондықтан шекара мәселесінде, ұлттық тақырыптарда біздің билік өзінің жұмысын білуі әрі істеуі керек. Кешегі көкбөрінің ұрпағы екеніміз рас болса, азу тісімізді көрсететін уақыт жетті. Бұрынғыдай түлкі бұлаңмен жүретін, қоян құсап әркімнен бір үрке беретін уақыт өтті. Қайта біздің арғы бабаларымыз үлкен империя құрғанын, бізден қорыққан шүршіттер қамал соғып, орыстар салық төлеп тұрғанын естеріне қайта-қайта салып тұру артық етпейді. Рух содан жаңғырады. Рухани жаңғырудың басы осындайдан басталады...
Ал осындай елдік, ұлттық мәселеге тек әнші-әртістер араласпайды дегеніңізге алдыңғы сұрағыңызда жауап бердім ғой деймін.
– Қалеке, қазақтың бір азаматы ретінде мемлекеттің болашағынан алаңдайтыныңызды білеміз. Қазір әлемді алпауыт елдер билеуге көшті… Түрік елдері де алдағы елу, жүз жылдықтың қамын жасап жатыр. Соның бір жарқын мысалы: жуырда ғана Түрік елдерінің кеңесі өтті. Түрік елдерінің осындай келелі кеңесіне біздің ел бар ықылас-пейілімен қатыспайтын сияқты. Мәскеуге қарап жалтақтап отырамыз. Бұл қорқақтық па, әлде саясаттағы сақтық па?
– Жер деген алып планетада бірін-бірі жұтып қойғысы, жойып жібергісі келіп отырған мемлекеттер баршылық. Қазір империялардың күш көрсетіп, әлсіздердің жан сақтауға тырысып жатқан уақыты. Осындай уақытта нақты әрекетке бармасақ, ұтылатынымыз анық.
Түрік елдерінің кеңесі құрылып, жылына бір-екі рет жиналыс жасап жатқаны көңіл қуантатын іс. Оған мүше ретінде қатысып, атсалысып тұруымыз керек. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, Ресей мен Қытайдың ортасында отырған ел болғандықтан, бұл қадамға да абайлап барған дұрыс. Осы күнімізге зар болып қалмасымызға кім кепіл? Сондықтан, осыны саясаттанушылар, экономистер, әлеуметтанушылар, биліктегі азаматтар жақсылап таразылап барып бір шешім қабылдауы керек. Түрік елдеріне қосылғанда не ұтамыз, қосылмасақ неден ұтыламыз? Бұл – мемлекеттің тағдырын шешетін сауал. Бірақ Қазақстанның бұл таңдаудағы жолы қазірше дұрыс сияқты...
– Соңғы сұрақ болсын. Әдебиетте, өнерде жүрген ағаларыңыз туралы әзілге толы жақсы әңгімелер айтып жүресіз. Соның бірімен сұхбатымызға нүкте қойсақ.
– Мен ақын-жазушылардың қасында көп жүрдім. Қазақтың Сәкен серісі (Жүнісов), Жарасқан Әбдіраш, Мұхтар Шаханов, Ибрагим Исаевтардың жанында жүріп, елге белгілі азаматтармен көп сырлас, сыйлас болдым. Бәрінің басынан кешкен қызықтарына куә болған кездерім көп. Ондай қызықтар туралы кітап жазуға болады.
Ертеректе Жазушылар одағында жастардың әдеби-өнер бірлестігін басқардым. Сол кезде Сәкен Жүнісовпен, Жарасқан Әбдірашпен жақсы араластым. Сәкен ағамыз одақтың жанынан құрылған әдеби қордың басшысы еді. Қордың ақшасы жазушылардың шығармашылық сапарына, қаламақысына, жаңадан мүше болған жас қаламгерлерге, баласы үйленген жазушыларға беріліп тұратын. Оның арнайы мөлшерлемесі болды. Содан бір күні Жарасқан ағаның баласы үйленетін болмай ма. Жарасқан аға Сәкен серіге арыз жазып кіреді. Сол уақытта әдеби қордың қоржынында ақша аз болып қалыпты. Сәкен ағамыз ананы-мынаны сылтпауратып Жарасқанның арызын кейінге шегере беріпті. Тойдың болатын уақыты жақындап қалған. Бір күні Әбдіраштың Жарасқаны Сәкен Жүрісовке қоңырау шалып: «Сәкен аға, мен сізге бір өлең жазып едім», – депті. Сәкен сері: «А, онда өлеңіңді қабылдау бөліміне қалдырып кет», – дейді. Жарасқан көкем өлеңді қалдырып кетеді. Сөйтсе Жәкең:
«Сәкен ағам ер еді,
Сәкен ағам сері еді,
Сәкен ағам бөрі еді,
Қайдан шықты Литфонды?
Литфондыға барды да,
Сәкен ағам ит болды», – деп жазып кетіпті.
Мұндай естеліктер көп. Жөпелдемеде еске түсетіні, еске түспей қалатыны бар. Сол асыл ағалардың қасында жүріп, бірге қызметтес болғанымның өзі неге тұрады? Қазір соның бәрі естелікке айналды.