Қалмақ этнонимінің сыры

«Қалмақ» атауының қалыптасу үрдісі жоңғарлардың тарихымен тығыз байланысты. Жазбаша деректерде және ел арасындағы түсінік бойынша бұл халық «ойрат», «жоңғар» және «қалмақ» деп аталады.
Алғашқы екі терминнің мағынасы ғылымда талас тудырмайды; ойраттың монғолша ұғымы «орман елі», «орман халықтары», ал жоңғардікі сол көршілердің тілінде: зүүн гар – «сол қол», «сол қанат» екендігімен зерттеушілердің бәріне дерлігі келіседі.
Ал үшінші «қалмақ» сөзіне келсек, олай емес, ұзақ уақыттан бері бұл мәселе айтыс-тартыстың күн тәртібінен түспей жүр. Мұндай жайтты түсінуге де болады. Өйткені Жоңғария тарихына қалам тартушылар аталмыш даулы тақырыпты айналып кете алмайды, қаласа да, қаламаса да оған міндетті түрде тоқталады. Қызығы сонда, «қалмақ» сөзінің түркі тіліне жататындығын, оның мәні «қалып қалған» деген ұғым беретіндігін кәсіби тарихшылар мен тіл мамандары бір ауыздан құптайды. Алайда төркіні «қалып қалған»-ға саятын ұғымды алыс-жақын шетелдік және отандық ғалымдар әртүрлі қырынан түсіндіріп бағады. Оқырмандар үшін танымдық маңызы зор сол көзқарастарға шолу жасап өтейік. Бірден ескерте кетелік, біздің бұл бағыттағы жұмысымызды Ц.Д. Номинхановтың 1958 жылы жарияланған «Қалмақ» сөзінің шығуы» мақаласы біршама жеңілдетеді. Ондағы библиографиялық тұрғыда сирек кездесетін шығармалардан 125 алынған үзінділердің қажетті тұстарын өз керегімізге жараттық.
Немістің көрнекті географ, биолог, этнограф ғалымы С.П.Палластың (1741-1811) пайымдауынша, «қалмақ» атауын монғол халқының бір бұтағы –өлөт (ойрат-М.А.) тайпасы меншіктенген. «Отанында қалған өлөттер деп жазған автор 1776 жылы, өздерінің татар көршілерінен «Калимак», яғни «артта қалғандар» деген лақапты алған». Мұндай болжаммен XIX ғасырдағы орыстың монғолтанушысы А.Позднеевтың пікірі сәйкеседі. Ол қалмақ терминін «бөлініп қалу», «артта қалып қою» түрінде қабылдайды, және Ресей империясының аумағында, Қалмақ даласында, Волга мен Дон аралығында, Алтайда т.б жерлерде тұратын монғолдардың батыс тармағына қалмақ этнонимі берілген. Осындай анықтамаларға кері тұжырымды француздың ориенталист, Париж университетінің профессоры Абель Ремюза (1788-1832) ұстанады. Оның ойынша, «қалмақ» сөзі артта қалып қойғандарға емес, алға қарай кетіп қалған монғолдарға атау болып таңылған.
Қозғалып отырған мәселені XVIII-XIX ғасырлар қарсаңында Рига қаласындағы ғалым Бергман да зерттеген. «Калимак» этнонимін ол «жолдан тайған» (отступник) деп сипаттайды. Өз болжамын автор былайша негіздейді. Түрік халықтары мен монғолдардың екеуі де ертеде шаманизм дінінде болған. Соңғылардың бір бөлігі буддизмді қабылдаған кезде жолдан тайғандарға айналып, қалмаққа жатты, ал олардың бұл дінді мойындамаған жартысы олай аталған жоқ. Академик В.В.Бартольдтың пікірі Бергманның осы айтқандарымен үндес келеді. «Қытай тілінде сөйлейтін дұңғандар» дейді ғалым діні жағынан мұсылмандар. Ол халықтың атауының мәні «жолына түсушілерді» («последавать») меңзейтін дөнмек етістігінен шыққан, демек, дұңған: исламның жолын қуушылар. Сол сияқты ойраттарды білдіретін қалмақ сөзі де «қалып қойған» секілді түсінік береді. Себебі, ойраттар пұтқа табынушылық (язычник) салтында қалып қойғандар. Яғни, қалмақ сөзі мағынасы бойынша дұңғанға қарама-қарсы келетін этноним. В.В.Бартольдтың болжамын Ц.Д.Номинханов толығымен қолдайды және соның негізінде өзінің тұжырымын жасайды. ««Қалмақ» сөзі деп жазады ол, Шығыс Түркістанда тұратын ұйғыр, қытай және басқалардың арасында ислам дінінің таралуына байланысты пайда болған. Содан бері ойрат- монғолдар өздерінің көршісі – түріктерден жеккөрушілік нышаны басым «қалмақ» атауын алды. Әрине, ойрат-монғолдардың жаулары олардың исламды қабылдамай, шаманизм немесе буддизм дінінде 126 қалғандары үшін берген».
1843-1913 жылдары өмір сүрген қазақ ғалымы Құрбанғали Халид та жоңғар тақырыбына тоқталып, қалмақ этнонимінің шығу төркінін дінмен сабақтастырады. Оның ойынша: пұтқа табынатын қалмақтар отты да қастерлейді, кіші дәретті отқа сындыру олар үшін өте ауыр қылмысқа жатады. Автор халықтың отқа деген наным-сенімнен шығып, «қалмақ» сөзін «адастырушы» деп аударады. Сонымен бірге, зерттеуші ойын ел аузынан естіген келесі аңыз-әңгімеге сүйене жалғастырады. Шыңғыс хан Амур өлкесінен бастап Бағдатқа дейінгі аумақты бағындырады, соңынан ол өлкенің тұрғындары мұсылманды қабылдағанда, қалмақтар өз дінінде қалады. Оларды әдепкіде «ешкім дінге зорламай еркіне қойып, олар кеңесіп көрейік деген соң уақыт белгілеген. Бірер ай өткен соң жиналып қалай болды дегенде: «біз өз дінімізде қалмақ болдық» деген. Халық та, қалмақ та бұл оқиғаны жақсы біледі». Бұл халықтық аңыздан аңғаратынымыз, Құрбанғали Халидтің заманындағы ойрат ұрпақтарының өздері де қалмақтың түріктік сөз екендігіне сенімді болғандықтарында.
Ендігі назарымызды «қалмақ» атауының шыққан уақытын анықтауға аударайық. Ғылыми әдебиеттерде бұл мәселе бойынша бірыңғай түйін жоқ, екі пікір қалыптасқан. Бірінші тұжырым. XV ғасырдың бірінші жартысында монғолдарды Тоғонның (1418-1439) және оның ұлы Эсэннің (1440-1455 жылдары) басқарғандығы белгілі. Олар Монғолияның шығысы мен батысындағы ойрат тайпаларын бір мемлекетке біріктіре алды. Эсэн өлгеннен кейін ол тайпалар қайтадан ыдырайды. Осы кезден бастап, түркі тіліндегі шығармаларда және қазақтар арасында ойраттар Қалмақ деп аталып кетті. Екінші болжам. XVII ғасырдың 20-30-шы жылдары Жоңғарияда тайпа көсемдерінің арасында билік үшін күрес өрістейді. Соның барысында Ертіс бойындағы торғауыттардың басшысы Хо-Өрлөг құрамында 200-250 мыңдай адамы бар 50 мыңнан астам шаңырақты өзімен бірге ертіп әкетіп, Волганың төменгі жағына барып қоныстанады, ал 1735 жылы Туру-Байху (Гуши хан) бастаған Хошут тайпасы оңтүстік-шығысқа қарай жылжып, Тибетті (Кукнор) жаулап алады. Нәтежиесінде, ешқайда көшпей Жоңғарияда қалып қойған монғолдарға «қалмақ» этнонимі тағылады.
Сөйтіп, бүгінгі күнге дейін «қалмақ» терминінің мағынасы мен оның пайда болған уақытына қатысты зерттеушілер тарапынан айтылған пікірлер жоғарыда баяндалған ғылыми деңгейдің 127 шеңберінің ішінен көрінеді. Қалай десек те, бұл атауды жоңғарларға қазақтардың «сыйға» тартпағаны анық. Біздің халқымыздың тіл ерекшелігіне жүгінсек, «қалмақ» сөзі қалып қалғандарды емес, қалып қалуды әлі жоспарлап жүрген адамдардың (қалып қалмақ ойы бар, қалып қалмақшы) ниетін білдіреді. Рас, орыстың «оставаться» сөзін Түркиядағы ағайындардың тіліне аударсақ, нақты «қалмақ» тұлғасындағы сөздің үстінен тура шығамыз. Алайда жоңғарлармен ешқашан қарым-қатынасқа түспеген, шалғайда жатқан түріктерді біздің әңгімеге араластыруға болмайды. Турасын айтқанда, ойраттарға қалмақ атауын түрік көршілері беріпті деген болжамға біз жалпы күдіктене қараймыз. Бұндай қадамға бекерден-бекер барып отырғанымыз жоқ, оның салмақты дәлелдері бар. Олар төмендегідей.
«Қалмақ» сөзі мен оның мағынасын жалғыз түрік тілінен ғана қайта-қайта іздей беру міндетті түрдегі ғылыми талапқа жатпайды. Шынтуайтына келсек, ол сөзді монғолдың да тілінен кездестіруге болады: халмах – қалқу, сыпырып алу, қармап алу, бетін қалқып алу. Мәні осындай монғолдың халмах терминін негізге алып, ары қарайғы айтар лебізімізді осы бағытта жалғастыра түсейік десек, ол әрекетімізді іске асыруға құндылығы жағынан одан да артық жазбаша түпнұсқалардағы өте маңызды келесі бір дерек кедергі жасайды. 1504 жылы жазылып біткен «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» («Книга избранных дат победы») атты шығармадан мынадай жолдарды оқимыз: «Этот Махмуд-Бахадур-султан в возрасте трех лет попал к калымаку Уз-Тимур-Тайши». Көріп отырғанымыздай, бұл мәтінде Мұхаммед Шайбани ханның кенже інісі Махмуд-Бахадур сұлтанды (1454-1504) үш жасында яғни, Сығанақ қаласының түбінде Абулхайыр ханның әскерін талқандаған 1457 жылы тұтқынға алған ойраттардың тайшысы Өз-Тимур «калымак» деп аталған. Мухаммед Хайдар Дулатидің(1499-1551) 1541-1546 жылдар аралығында жазылған әйгілі «Тарихи Рашиди» еңбегінде де қалмақтардың атауы «Калимаг» түрінде хатталған.Түпдеректердегі «калымак», «калимаг» тұлғасында жазылған сөздерді кітаптың «Ескертулер» («Примечания») бөлімінде «қалмақ» деп түзеткен. Біздіңше, мұндай түзету енгізгендік қате. Айтпақшы, 1776 жылы С.П.Палластың да қалмақ атауын «калимак» түрінде жазғандығын бағана көрсеткенбіз; сонымен қатар Бергман (1804) мен Абель Ремюза (1820) да осы «калимак» сөзін пайдаланған. Бұл ретте ресейлік ғалым И.Я.Шмидттың (1779-1847) еңбегінен үзінді 128 келтірсек артық етпейді: «монғолдардың өзіне түсініксіз «калимак» – татарлардың (түріктердің-М.А) сөзі». Зерттеушілерді ұстанған дұрыс бағытынан жаңылдырып, басқа арнаға салатын И.Я.Шмидтің мәлімдемесін өзгерте отырып, өзіміздің сөйлемді құрастырсақ, «қалмақ» сөзіне жеңіл ауысып кететін және түрік халқына мүлдем ұғынықсыз «калимак» термині монғолдардың нағыз төл сөзі. Сондықтан да ертедегі ғалымдар, кейіннен түрік жұрты өз тілдеріне ыңғайластырып қалмақ деп бұрмалап жіберген этнонимнің әу бастағы «калимак» тұлғасындағы нұсқасын ешқандай өзгертусіз сол қалпында қағаз бетіне түсіреген.
Осы тұста ғылыми әдебиеттерде орын алған мынадай түсініктемеге тоқтала кетелік. С.Г.Кляшторный мен Т.И.Султанов сынды тарихшы- ғалымдардың пікірінше, нақты Халимаг бейнесіндегі атау алғаш рет (әлгінде айтылған) Волга бойына көшіп кеткен торғауыттарға беріліпті. «Около 1627-1628 гг деп жазады олар, прежний ойратский союз вдруг распался: хошоуты подались в Тибет, а торгоуты (около четверти миллиона человек) во главе с Хо-Урлюком отделилились от остального ойратского общества, откочевали через Северный Казахстан на Нижнюю Волгу, получили название халимаг (калмак, калмык) и в 30-х годах XVII в.основали там Калмыцкое ханство»[6.309]. Зерттеушілер халимаг сөзінің мәнін ашпаған.
Дәл осындай мағынадағы болжамды Монғолия азаматы ғалым Ислам Қабышұлы «Керейлер керуені» деген монографиясында келтіреді және халимаг сөзін өзінше аударады. «Ертеде,– дейді ол, – хойт, дорвод, өөлд, торғауыт деген төрт ру бірлестігін – ойраттар дейтін. Ойраттар ыдырап Волга бойында қалғандарын «халимаг», монғолша «асып төгілген, ауып кеткендер немесе ауғандар» деп атап кетті. Біз қолымызға монғол – қазақ сөздігін алып тексергенімізде автордың бұл анықтамасының тиянақты емес екеніне көзіміз жетті. Ислам Қабышұлы халимаг емес, басқа халимал деген сөзді қазақшалап отыр екен: халимал – (су) асқан, жайылған, асып кеткен; халимал ус – арнадан асқан су, асып жайылған су. Демек, тек суды ғана суреттейтін сөздің «ауып кеткендер, ауғандар» сияқты ұғымына мүлдем қатысы жоқ.
Сонымен, монғолдардың тілінде «Халимаг» түрінде айтылған сөздің қазақша берер мағынасы: «Халимаг, кәлмік (жартылай бітеу қиғызған еркек шашы). Халимаг тавих-кәлмік шаш қою; битүү халимаг-бітеу кәлмік; задгай халимаг-жартылай ашық кәлмік» [1.238,560]. Келтірілген аудармадағы әңгіме монғолдардың қазіргі 129 кезде жоғалып кеткен ертедегі шаш қою тәсілі жйында болып тұрғандығы түсінікті. Бұл анықтама, өз кезегінде, бізге монғол халқының өткен замандарда шаш өсіру модасының ерекшелігі туралы сөзді кеңінен қозғауға мүмкіндік береді.
Орта ғасырларда, әсіресе монғолдар дәуірінде олардың шаш үлгісін сипаттайтын мағлұматтар сол жылдардағы қытайлық және еуропалық ғалымдар мен саяхатшылардың еңбектерінде молынан сақталған. Мәселенің шығыстану ғылымындағы өзектілігін есепке алып, дереккөздердегі материалдардан бірнеше цитатаны даралай жазуды дұрыс деп шештік.
1220 жылы Қытай елшісі Чжао Хун монғолдар арасында болады, ал 1221 жылы оны Шыңғыс ханның Яньцзиндегі наместнигі Мухали қабылдайды. Елші өзінің естелігінде монғолдардың шаш үлгісін де назарынан тыс қалдырмайды. «Жоғарыда, – дейді ол, – Шыңғыстың өзіне шейін, төменде қол астына қарайтын қарапайым кісілерге дейін барлығы қытай балалары сияқты басына үш тұлым қалдыра қырады. Алдыңғы жағындағысы аздап өскен кезде оны қияды, ал екі жақ бүйіріндегіні кішкентай шоқ етіп байлайды да иығына түсіріп қояды». Қытайдың «Чан-чунь си-ю цзи» деген көне шығармасында да монғол «еркектері шаштарын байлап құлағына дейін іліп қояды» деп айтылған.
Батысеуропалық саяхатшылар: итальяндық дипломат Плано Карпини 1245-1247 жылдары, француздық миссионер Гильом де Рубрук 1253-1255 жылдары Монғол империясының астанасы Қарақорымға барып қайтады. Олардың жазған еңбектері көшпенділердің этнографиялық деректеріне толы. Гильом де Рубуктың сөзін тыңдайық:
«Еркектер (монғолдардың-М.А) өздерінің басының төбесіне төртбұрыш қырады және алдыңғы бұрыштарынан бастап қыруды бастың төбесінен самайға дейін жүргізеді. Сонымен қатар олар самайы мен мойнын желкедегі шұңқырдың ұшына дейін қырады, ал маңдайдан төбеге дейін қалдырған шоқ шашты көздің қасына дейін түсіреді. Олар желкесінің бұрышына шаш қалдырып, оны бұрым етіп өреді де құлаққа дейін түйіндеп байлайды». Тұрмысқа шыққан әйелдер де «өзінің бас сүйегін бастың ортасынан маңдайға қарай қырады».
Өзге түпнұсқалардағы мәліметтерге қарағанда, монғол еркектерінің шаш қою тәртібін егжей-тегжейіне дейін тәпіштеп талдаған зерттеуші – Плано Карпини. Оның берген сипаттамасының 130 дәлдігі соншалықты, XX ғасырдың 20-30 жылдары Пекиндегі ескі император сарайынан табылған Шыңғыс ханның, оның ұлы – Өгедейдің, оның ұлы – Хубилайдың, оның немересі Тоған Тимурдың (1307 жылы өлген ) портреттері Плано Карпини жазбаларының тура көшірмесі іспеттес. Мұндай қызықты жағдайдан кейін автордың бейнелі хабарының бояуын өзгертпеу ниетімен оның орысша мәтінін сол түрінде келтірген орынды.
«На маковке головы они имеют гуменце наподобие клириков, и все вообще бреют [голову] на три пальца ширины от одного уха до другого; эти выбритые места соединяются с выше упомянутым гуменцем; надо лбом равным образом также все бреют на два пальца ширины, те же волосы, которые находятся между гуменцем и выше упомянутым бритым местом, они оставляют расти вплоть до бровей, а с той и другой стороны лба оставляют волосы, обстригая их более чем наполовину; остальным же волосам дают расти, как женщины. Из этих волос они составляют две косы и завязывают каждую за ухом».
Кейбір ертедегі жазбаша құжаттар монғолдардың шаш қою тәсілінде тым күрделі «конструкцияны» ойлап табу себебіне жауапты қайтара алады, нақтылай көрсетсек, XIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қытай ғалымы Чжэн Сы-сяоның «Синь щи» («Син тарихы») шығармасының шамасы жетеді. Онда «үш тұлым»-ның атқарар қызметі қысқаша мазмұндалған. «Монғолдар» деп жазады Чжэн Сы-сяо, – төбесін шеңбер етіп қырады. Алдыңғы жағында қалдырылған шашы қысқа қиылып, ретсіз салбырап тұрады, бастың екі жағындағы шашты бөліп алып, екі түйінге байлайды. Олар сол және оң жақтан киімге дейін салбырап тұрады және «қасқыр сияқты жан-жаққа қарама» («не озирайся как волк») деп аталады». Міне, осындағы тырнақшаға алынған соңғы сөйлемнің мағынасы бізге «халимаг» сөзінің шығу тарихының ең түбінде жатқандай сезіледі. Көне монғолдар ер азаматтарды өжеттікке, батылдыққа тәрбиелеу мақсатында бастың екі жағынан салбырата бұрымдар өріп қою салтын дүниеге әкелгенге ұқсайды. Соғыс кезінде түйіндеп байлаған бұрымдар жауынгерлердің артына қарауына кедергі жасап тұрады, және оларға қасқыр секілді қорқақтық танытып, жалтақтауға мүмкіндік бермейді; нәтежиесінде, сарбаздар жаудан тайсалмай, қарсыластарына тура ұмтылады. Ежелгі түріктер де шашқа айрықша мән берген. «Түріктердің әдеті деп жазылған қытай жылнамаларында, шаштарын жайып жібереді» 131. Монғолдармен салыстырғанда, түріктердің шаш өсірудегі мұндай өзгешелігінің де олардың кісілерді жаугершілікке баулудағы өздеріне тән толып жатқан тәсілдері мен түрлерінің бір көрінісі ретінде түсінеміз.
Осы жерге дейін баяндалған тарихи деректерді жинақтап, нақты тұжырым жасар болсақ, шаш өсірудің монғолдық модасын олардың өздері Халимаг сөзімен атаған. Тиісінше, бұл термин XV ғасырдан әлдеқашан бұрын, сол шаш үлгісінің қалыптасу кезінде (бәлкім, Шыңғыс хан дәуірінде болар?) монғолдардың сөздік қорынан берік орын тепкен.
«Халимаг»-тың, ілгерідегі қазақша аудармасынан байқағанымыздай, екінші нұсқасы – кәлмік. Сырт көзбен қарағанда, бұл екі сөздің бір-біріне қатысы жоқ сияқты. Мұндай жайттың жауабын монғол халқының сөздерді жазбаша және ауызша айтқанда қалай түрленіп тұратын құбылысынан іздеген абзал. Олардың тілінің фонетикалық ережесі бойынша, «а» әрпі қандайда бір сөзде бірнеше рет қайталанса, онда оның бастапқы буынында ол әріп сол қалпында сақталады да кейінгі буындардағысы «ы» дыбысымен көмескі айтылады: халимаг-халимыг. Ал дауыссыз «л»-ның сонынан келген «и» әріпінің алдынғы жағындағы «а» дыбысы «ә» болып өзгереді: халимыг-кәлимік; сондай-ақ «и» дыбысы жуан сөзде «ли» түрінде бедерленсе «і»-мен алмасады: кәлимік — кәлімік, қысқаша-кәлмік, қатаң дауыспен сөйлегенде: қалмық. Бүгінде монғолдар Ресей Федерациясында мекендейтін қалмақ туыстарын Халимаг деп атаса, олар(қалмақтар) өз атын өздерінің диалектісімен хальмг тұлғасында айтады .
Кәлмік, я болмаса, қалмык демекші, түрік халықтары (қазақтар да) өз тілдеріне бейімдей қалмақ деп бұрмалап әкеткен бұл терминнің орысшадағы «калмык» нұсқасы дұрыстығы жағынан көңілге қонымды келеді. Алайда бұндай қызықты жайды Ресей ғалымдары онша біле бермейтін тәрізді. Олардын арасына таралып кеткен түсінікті В.Б.Бородаев пен А.В.Контевтің аузынан естиік. «Алтай тауларының батысында» дейді ол зерттеушілер, тұрған өздерінің монғолтілдес көршілерін түрік халқы «қалмақ» деп атады. ХVI ғасырда орыстар осы түріктік атты түрін біраз өзгертіп, олардан ауыстырып алды да «калмык» сөзімен белгіледі». Мәселеге өз көзқарасымыздың аясында ресейлік жоңғартанушы мамандардың ортасында қалыптасып қалған пікірге түзету енгізсек: орыстар атаудың «калмык» вариантын ешбір «делдалсыз» ойрат 132 тайпаларының өздерінен тікелей естіп-білген.
Қорытынды. Ежелгі монғол еркектері шаш қоюдың жаңа үлгісін ойлап тапқанда өздерін әдемі көрсетуді мақсат тұтпаған, оның сәндіктен гөрі жаугершілік замандағы атқарар рөлін артық санаған. Шаштың ерекше кескінін қамтып дәл бейнелей алатын атын да тілдік қорына кіргізген, ол: жазбаша-халимаг, ауызша-калмык (кәлмік) сөзі. Егер 1457 жылы Сығанақ қаласын қоршаған Өз-Тимур тайшыны түпдеректер «калымаг» (халимаг) түрінде атаса, онда сол уақытқа дейін бұл сөз ойрат тайпаларына лақаб ат ретінде бекіген деп мөлшерлейміз. Шамасы, бұндай оқиғаға себепкер болған ХIV ғасырдың ортасында құрылып, территориясы Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Шығыс Түркістан жерін қамтыған Моғолстан мемлекетінің халқы болса керек. Өйткені бұл ұлыстың тұрғындарын жергілікті түркітілдес адамдармен қоса түріктеніп кеткен арлат, барлас, баарин т.б. монғол рулары мен тайпалары құрады. Соңғылар өздерінің бұрынғы әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, ұлттық киімдері мен шаш өсіру тәсілдерінен мүлдем қол үзеді, тек монғол этнонимін жергілікті халықтардың «моғол»-ға өзгерткен, тиісінше, мемлекеттің «Моғолстан» деген аттарын ғана иеленіп қалады. Міне, осы ассимиляцияға ұшыраған моғолстандық «моғолдар» (монғолдар) өздерімен үнемі шекаралас көшіп-қонып жүрген, бұрынғы салт-дәстүрлерін бұлжытпай сақтап отырған батыс ойрат- монғолдардан ажырату үшін тегі бір қандас көрші туыстарының шаш қою ерекшелігіне орай, астарына бүккен ешқандай кемсітулік сарынынсыз, халимаг-калмык сөзімен атаулары әбден мүмкін; уақыт өткен сайын бұл термин ойраттардың екінші этнониміне айналған.