«Қалқамановты қайта тексерсін!..»
Өмірзақ Шөкеевтің Түркістан облысы әкімі қызметінен босатылғанына, міне, жеті айдан асыпты.
Бүгінде оның кезіндегі біраз кадрлар орындарынан кетті. Солардың бірі, Шөкеевтің орынбасары лауазымын атқарған, қызмет барысында жиі сынға іліккен Сәкен Қалқаманов креслосымен былтыр жыл соңында қош айтысқан болатын-ды. Арада 2-3 ай өтер-өтпестен, Қалқаманов туралы жайсыздау әңгімелер айтыла бастады. Мұның ақырының немен аяқталатынына дәл қазір болжам жасау ертерек.
Жуырда антикор бұған дейін Түркістан облыстық әкімдігі қоғамдық даму басқармасы басшысының қызметін атқарған Дамир Жүнісовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, оған қатысты тергеу амалдары «бюджеттің 239 миллион теңгесін талан-таражға салды» деген дерек бойынша жүріп жатқанын жария етті. Ресми мәліметте Жүнісовтің кінәсін мойындағаны, оның үйқамаққа жіберілгені айтылды. Алайда «Жас Алаштың» Шымкенттегі қосынына келіп, өзінің жанайқайын айтқан айыпталушының әкесі Дәулет Жүнісовтің сөзіне қарағанда, мойындаудың арғы жағында біраз құпиялар бар сияқты. Қылмыстық істегі басты «ойыншылар» бар кінәні Жүнісовтің мойнына артып, өздері жауапкершіліктен сытылып кеткен. Сонымен, шарасыз әке не деді?
– Ұлымның айтуынша, ол Қоғамдық даму басқармасы басшысының қызметін пандемия кезінде атқарған. Басқарманың мойнына облысқа келген қонақтарды, тексерушілерді, журналистер мен блогерлерді күту, шығарып салу, алып жүру міндеттері жүктелген екен. Әрине, бұған қазынадан ақша бөлінбейді. Дамир шығындардың бәрін басқарманың көтере алмайтынын айтып, Қалқамановқа кірген. Тіпті жұмыстан босатуды сұраған. Алайда Қалқаманов туыстарының, таныстарының аттарына ашылған фирмаларды тендерге қатыстырып, солар арқылы ақша шығарудың жолдарын айтқанға ұқсайды. «Оларға 5-10 теңгесін бересің, қалған ақшаларды қайда жұмсау қажеттігін өзім айтып отырамын», – деген көрінеді. Заңсыз тірліктер осылай басталған. Оңды-солды кетіп жатқан қаржы көбейген соң, ұлым Сәкен Қалқамановқа тағы кіріп, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтқан. Ақыр аяғында, жұмыстан өз еркімен босап кетті, – деді бізге мән-жайды түсіндірген арызданушы. Осыдан кейін Д.Жүнісов екі ай бос жүріп, Астанаға қызмет ауыстырады.
– Дамир – менің жалғыз ұлым. Былтыр ақпанда инсульт алып, бірнеше ай төсек тартып, жатып қалдым. Осы кездері ұлымды жұмысынан шығартып, Шымкентке шақыртып алдым. Дамир келген соң, Шымкент қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тұрды. Бәрі осыдан кейін басталды. Былтыр жазда оны антикордың тергеушілері алып кетеді. Бірнеше күн қамалып шығады. Ұлым мән-жайды маған осыдан кейін барып айтты. Тексеру жүріп жатқан кезде ол Қалқамановқа кірген. Алғашқыда әкім орынбасары: «Бәрі дұрыс шешіледі. Жігіттер жұмыс істеп жатыр», дегенді айтыпты. Кейінгісінде, «Мен ештеңе білмеймін, өз тірлігіңе өзің жауап бер», – деп басын алып қашқан көрінеді, – дейді арызданушы.
Антикор қызметкерлері тергеу барысында Дамир Жүнісовті Сәкен Қалқамановпен беттестірген.
– Беттестіру кезінде ұлым ақшаларды қашан және қай жерде бергеніне дейін айтып берген. «Қалқаманов қып-қызыл болып, сөйлей алмай қалды», – дейді. Осыдан кейін тергеушілер Дамирді үйқамаққа жіберді. Енді осыменен Қалқамановқа қатысты тергеу амалдары басталатын шығар дегенбіз. Жоқ, екі күннен кейін оны босатып жіберген. Ал Дамирдің өзін қайтадан қамап қойды, қазір ол абақтыда отыр,– дейді Дәулет Жүнісов.
Қазіргі уақытта Дамир Жүнісовке қатысты іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағымен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде талан-таражға салу) жүріп жатыр. Қалқаманов – бұл іс бойынша жай ғана куәгер. Әрине, тергеу амалдары аяқталмай жатып, алдын ала пікір айтудан аулақпыз. Дегенмен арызданушы жоғарыдағылардан мына мәселеге назар аударуды сұрайды.
– Ұлым тергеушілерге жазған арызында ұялы байланыс орталықтарындағы кіріс-шығыс қоңырауларын, ұшақ билеттерін, арнайы тапсырмамен кімдердің «Каспий голдына» қанша ақша, қалай аударым жасағандарына дейін көрсеткен. Тергеушілердің осыған қатысты тексеру амалдарын жүргізуге құлық танытпауы әртүрлі күдікті ойларға жетелеп отыр. Қылмыстық істе аты аталған серіктестіктерге қатысты бірде-бір аудиторлық тексеру әрекеттері жүргізілмеген. Неге? Бұдан бөлек, антикордың ақпарат құралдары арқылы таратқан мәліметтерінде мемлекетке келтірілген шығын 239 миллион 871 мың теңге деп көрсетілген. Алайда бұл жалпы мемлекеттік сатып алу кезінде бөлінген қаржылар. Ал нақты шығынды анықтау үшін экономикалық сараптама жүргізілмеген. Тергеу амалдарының бәрі біржақты қаралау, әділдік, заңдылық жоқ. Сондықтан мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Бас прокурор Берік Асыловтан ұлымның тағдырына ара түсуді сұраймын. Қалқамановқа қатысты тексерулердің қайта жүргізілуін, барлық айғақ-дәлелдемелерді назарға алуды талап етемін. Егер ұлымның мемлекетке келтірген шығындары дәлелденсе, ол төлейді. Бірақ бұл іске қатысы бар басқалар да тиісті жауапкершілікті мойындарына алуы керек, – дейді Дәулет Жүнісов.
Ұлы үшін шырылдап жүрген әкенің жанайқайына құзырлы органдар, Ақорда мен Бас прокуратура қаншалықты құлақ асады?
Жоғарыдағы жағдайдан кейін сол баяғы «Айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылды» деген, айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәтел тағы да еріксіз еске түседі. «Әділетті Қазақстанда» да шелек жалағандар шырылдап, айран ішкендер айлаларын асыра бере ме?