Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:20, 18 Мамыр 2022

Қалтырауық үкімет

None
None

зейнеткерлер мен мұқтаждарды тағы жарытпады

Осыдан тұп-тура бір ай бұрын үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде зейнетақы 4 пайызға артатынын мәлімдеді. Вице-премьердің сөзін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де қуаттап, зейнетақының сәуірде көтерілетінін нақтылаған. Алайда, қолына сәуір айының зейнетақысын алған зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақыға мұқтаж жандар зейнетақының да жәрдемақының да өспегенін көріп, үкіметтен көңілдері қалып отыр.

Нақтысында, вице-премьер Ералы Тоғжанов 6 сәуірден бастап зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеу үшін бюджеттен 111 миллиард теңге қарастырылып отырғанын мәлімдеген. Бұл ретте, ол мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанда бағалардың, инфляцияның 8–10 пайызға дейін шарықтауына байланысты зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшерін тағы 4 пайызға қосымша индекстеу көзделді. Нәтижесінде, биыл барлық әлеуметтік төлемдер 2021 жылмен салыстырғанда, жалпы алғанда, 9 пайызға, ал ынтымақты зейнетақы – 11 пайызға ұлғаяды», – деген болатын. Тоғжанов осының арқасында, әлеуметтік төлем төленетін 4,2 миллион адамның алатын ақшасы артатынына да бізді сендіріп қойды.  

Ең қызығы, 1 сәуірден бастап, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 063 теңгеден 3 180 тенгеге дейін артты, халықтың қалтасынан бюджетке төлейтін салық көлемі өсті. Бірақ зейнетақы мен жәрдемақыға 4 пайыз үстеме қосуға келгенде, үкімет «жүз толғанып» бұлтаққа салып шыға келді.

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, қазіргі инфляциялық өсіммен халыққа 4 пайыздық индексті айтудың өзі ұят. Индекстеу 20 пайыздан асуы керек.  

– Ішің ашиды. Өздері 4000 доллардан аса жалақы алады. Халыққа 4 пайыз үстеме қосуға келгенде, мың ойланып, жүз толғанады. Шындап келгенде, бұл елдің жыртығын жамайтын, әлеуметтік жағдайын түзейтін де қаражат емес. Қазіргідей қымбатшылықта халыққа 20 пайыздық үстеме қажет. Тіпті, өсіреміз деп өсіре алмай, халықты алдап-сулап, жұмыс істеу де ұят, – дейді қаржыгер.

Бірақ біздің үкімет «зейнеткерлер мен жәрдемақыға мұқтаждарды алдап соқтық», деп отырған жоқ. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, бұл кешігу бюджеттік процеспен байланысты. Министрдің айтуынша, ел басшылығы халыққа қамқорлық танытып, зейнетақы мен жәрдемақыларды жыл ортасында емес, сәуірден бастап, көтеруге тапсырма берген. Бірақ биылғы ең басты, қаржылық құжатты нақтылайтын заң жобасын үкімет мәжіліске тек 7 сәуірде ғана енгізе алды. Құжатты мәжіліс 20 сәуірде мақұлдап, 21 сәуірде ол сенаторлардың қолына тиді. Яғни нақтыланған бюджет әлі күнге күшіне енген жоқ.

Осылайша, халыққа келгенде, асықпайтын үкімет «игіліктің ерте кеші жоқ, қосылған үстемақыны ел әйтеуір, бір алар», деп марғаулыққа салынып отырған сыңайлы. 

Сала мамандарының айтуынша, үкімет Жаңа Қазақтанды құрамын десе, халыққа келгенде, сараңдық танытқанды доғару керек. Керісінше, елдің жайын ойлап, барынша, әлеуметтік жағдайды көтеруді сауатты ұйымдастыру қажет. Расымен де, өзге дамыған және дамушы елдердің халқына жасап отырған  дүниелерін көріп, біздің үкіметтің елді емексітуге келгендегі шеберлігіне еріксіз таңғаласың, біздің атқарушы билік бұған дейін «елдің жайын жаңғыртамыз», деп қаншама реформаларға реңк берді. Әттеген-айы халық олардың игілігін толыққанды көре алмады. Көбісіне, сол реформаларды желеу етіп, бюджеттен ақша сұраған министрліктер мен шенділер өздері жекелеп байыды. Ал халыққа келгенде, қалтырап отыратын үкімет «аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйыртпай-ақ қойды». Міне, бұл жолы да 4 пайыздық мардымсыз үстемені алдын ала «өсіреміз, қосамыз», деп әдеттегідей, жарнамасын өсірді, артынша, оны халықтың қолына тигізбей, айласын да асырды. 

Тегтер: