Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 23 Наурыз 2023

Қалыбы қазақ болып кеткен келіншек

None
None

Қазақ тілі – қазақстандықтар үшін біріктіруші күш. Қазақстан халықтары ассамблеясы елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді дәріптейтін институтқа айналды.

Бүгінде Қарағанды облыстық Қазақстан халықтары ассамблеясының мәміле сұхбаттасу клубына келетін 25 жас  мемлекеттік тілді өз еріктерімен үйреніп жүр. Өңірдегі түрлі этностың балалары қазақ мектептері мен жоғары оқуы орындарына бере бастағаны қазақ тілінің мерейін өсіріп қана қоймай, оның келешегіне деген сенімді нығайтады.

Қарағандылық Ольга Осипчуктің әкесі – қытай, анасы – украин ұлтынан. Ольга өзін қазаққа балайды. Ұлы халықтың бай тілі мен тағылымды тәрбиесін тал бойына дарытқан. Дархан даланың дана тілін шынашақтайынан құлағына құйып өсіпті.

— Менің балалық шағым әйгілі Қоянды жәрмеңкесі туын тіккен мекенде өтті. Қазіргі Қарқаралы, бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Қоянды кеңшарындағы орта мектепте оқып бітірдім. Қазақтарға сүйегім сіңіп кеткені сонша, өзімді қазақпын деп санадым. Мектепте оқып жүргенде орыс тілінің тапсырмасын орындағанда қиналатын едім. Сол кезде әжемнен көмек сұрайтын едім, – деп балалық шағын еске алған Ольга.

Бүгін де Ольганың достары қазақ жастары. Ұлттың құндылығын өз ортасына ғана емес, іс жүзінде  айналасындағыларға дәріптеп жүр.

— Әр жұма сайын отбасымда бауырсақ, шелпек пісіруді әдетке айналдырғанмын. Осы қалыпта әлі де айнымай келемін. Қазақтың салт-дәстүрін ұстанамын. Балаларым менің тәліміммен қазақ болып өсіп келеді, – деп марқайды. Қазақ әндерін домбыраға салып, құйқылжыта ән салып, күй шертіп, Абайдың, Мұқағалидің өлеңдерін жатқа оқитын Ольга Осипчуктің ендігі мұраты – Алаш зиялыларының мұрасын әлеуметтік желі арқылы жас ұрпаққа дәріптеу.

Тегтер: