Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:38, 04 Мамыр 2023

«Qamqor» қолжетімді баспанамен қамтамасыз етеді

None
None

Шымкент қалалық әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, энергетика және БАҚ саласының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие беру мақсатында «Qamqor» өңірлік бағдарламасын әзірледі.

 Осыған байланысты жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы» банк АҚ-ның төрайымы Ляззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, аталған бағдарлама аясында 150 адамды жеңілдетілген несиемен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен

3 миллиард теңге қаржы қаралып отыр.

Бағдарлама тұрғын үй кезегіне тұруға жатпайтын, баспанасы жоқ мемлекеттік емес ұйымдардағы дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, жоғары оқу орны және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін пәтермен қамтуға мүмкіндік береді.

Осы күні мегаполисте Asar House тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.

– Бүгін Шымкентте екі қуанышты жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Оның бірі – «Qamqor» бағдарламасы бойынша қалалық әкімдікпен арнайы меморандумға қол қойдық. Бұл өте керемет бастама. Себебі енді алдағы уақытта қарапайым еңбеккерлер баспаналы бола алады. Сондықтан мұның әлеуметтік маңыздылығы зор деп ойлаймын. Екіншіден, OKS Development құрылыс компаниясы Asar House тұрғын үй кешенін салып, жаңа пәтердің кілттерін тапсырып жатыр. Келешекте оның жанынан тағы да екінші тұрғын үй кешені бой кетереді. Адамдар пәтерді құрылыс компаниясы қатысып жатқан 70/30 бағдарламасы бойынша алған. Бұдан бөлек, бірінші нарықтан үй алуға мүмкіндік беретін 50/50 бағдарламасы бар. «Qamqor» бағдарламасы Шымкентте жұмыс істейтін барлық тұрғындарға қолжетімді болады. Заемның ең жоғары сомасы 20 миллион теңгеге тең. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 5%, одан әрі ол жылдық 3,8%-ға дейін төмендейді. Ипотека мөлшерлемесін біртіндеп төмендету – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр. Алғашқы 8 жылда несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 155 мың теңге болса, кейін ол 87 мың теңгеге дейін түседі. Мұндай мүмкіндік несие төлемі отбасы үшін қолжетімді етеді, – деді салтанатты жиынға арнайы қатысқан «Отбасы» банк АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Аталған банк жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасайды. Жеңілдетілген несиелендіруге көп ұпай жинаған азаматтар үміт арта алады. Ұпайларды санағанда некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және «Отбасы» банкінде үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескеріледі.

Бағдарламаға қатысушыларға қойылған талап бойынша өтініш берушінің жасы 63-тен аспауы керек. Үміткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда тұрғын үйi болмауы қажет. Соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы талап етіледі. Шымкент қаласында таңдаған саласы бойынша соңғы 12 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы тиіс. Ескерте кетері, бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Тегтер: