«Қамқорлық» іске кірісті
Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін балаларға қызмет көрсететін «Қамқорлық»орталығы іске қосылды.
2 сәуір –Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орай пайдалануға берілген орталықтың ашылуына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, қала әкімі Мұрат Әйтенов және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен «Самұрық-Қазына» АҚ, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының өкілдері қатысты.
– Бұл орталықта аутизм дертіне шалдыққан балаларға заманауи әдістер бойынша оңалту, өмірге бейімдеу шаралары жүргізіледі. Ғимарат «Қамқорлық» қоры ұсынған «Бренд бук» үлгісі негізінде экологиялық таза құрылыс материалдарымен жабдықталған. Мұның барлығы біздің ерекше күтімді қажет ететін балаларымыздың денсаулығын жақсарту үшін жасалып отырған игі шаралар, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов салтанатты шарада.
Орталық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен орталыққа жалпы құны ғимаратты толық жабдықтау үшін 280 миллион теңге инвестиция жұмсалып, қажетті жабдықтар Финляндия, Жапония, Австрия мемлекеттерінен жеткізілген. Қосымша 164, 6 миллион теңгеге мамандар арнайы оқытылған.
Мұнда балалар үшін проекциялық интерактивті сенсорлық бөлме, сенсорлық интеграциялық бөлмелер, робототехника, лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған. Сыйымдылығы 110 балаға лайықталған орталықта қазір 40-қа жуық бала ем алуда.
Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, үшінші мегаполисте дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалалық білім басқармасы тарапынан бұл салада бірнеше бағытта іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, «2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасының» жоспарына сәйкес, қыркүйек айында психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес және бір психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған. Сонымен қатар Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында ресурстық кабинеті қызмет көрсетуде.
Қалада ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғамға тартып, олардың арасында дарынды жандарға қолдау көрсетуде түрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени білім беру жобасы аясында қалалық «Қазақстан – менің алтын бесігім», «Шексіз шығармашылық» байқауы ұйымдастырылды. «Тең мүмкіндіктер әлемі» «Қоғамға қызмет» жобасы аясында «Өнерліге нұр жауар», «Juldyzai» республикалық балалар шығармашылық фестиваліне талапты өрендер қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Сонымен бірге Шымкентте пандемия кезінде салынған модульді жұқпалы аурулар орталығы балалар ауруханасы болып қайта құрылады. Енді орталық базасында дәрігерлер кішкентай науқастарға түрлі медициналық көмектер көрсетеді.
Емдеу орталығының сыйымдылығы 200 төсек орынға лайықталған. Мұнда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің 20 орны, КТ аппараты, цифрлық рентген және басқа да медициналық жабдықтар бар. Сондай-ақ ғимарат аумағында оттегі станциясы, автономды электр станциясы, лас қалдықтарды дезинфекциялауға арналған орындар мен жедел жәрдем машиналары қарастырылған.
Әкімдіктің таратқан ақпаратына қарағанда, осыған дейін инфекциялық госпиталь ретінде жұмыс істеген орталықты науқастарға қауіпсіз ету үшін барлық тиісті шаралар атқарылды. Ғимарат қабырғалары мен медициналық аппараттардан жұғындылар алынып, экспертиза жүргізетін тәуелсіз мекемелерге тексеруге жіберілген. Қорытынды санитарлық талаптарға сай танылып, орталық жұмысына рұқсат берілді.