«Қамқорлық» қанатын жайған күн
Қазіргі күнде мүмкіндігі шектеулі балаларды қатарынан қалдырмау, ортаға бейімдеп, айналасын сезініп өсуге жол ашу өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі.
Қай отбасында болсын, туғаннан тағдыр сынағына тап болған перзенті үшін жанын шүберекке түйіп, тығырықтан шығуға ұмтылатын ата-аналардың жай-күйі қандай болатыны түсінікті жайт. Дегенмен мемлекет тарапынан ерекшелігі бар балаларға назар аударып, оларға медициналық тұрғыдан қолдау көрсету аясы жыл сайын кеңейіп келеді.
Соның бір дәлелі ретінде өткен апта соңында Семей қаласында балаларды оңалту және «Қамқорлық» ерте араласу орталығының тұсауы кесілгенін айтуға болады. Қала халқының көкейіндегісін тап басқан салтанатты шараның ашылуына «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Н.Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы және Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов қатысты.
Балаларды оңалту орталығында дүниеге келген кезінен 3 жасқа дейінгі балалар ем алса, ерте араласу орталығында 3-тен 18 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын жақсартуға мән беріледі.
Атап өтерлігі сол, мұнда медициналық оңалту жабдықтарының 90-нан астам түрі қамтылған (жалпы сомасы 207 млн теңге). Нұр-Сұлтан, Мәскеу және Санкт-Петербургте білім алған 80 білікті маман жұмыс істейді.
— Ана мен баланы қорғау – бұл ана мен баланың денсаулығын жақсаруын қамтамасыз етуге, ананың дәрежесін арттыруға, балаларды тәрбиелеп, олардың дене бітімі, зияткерлік және адамгершілік жағынан дамуы үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-шаралар жүйесі.
Баршаңызға денсаулық пен амандық тілеймін! – деп атап өтті қала басшысы Б. Баяхметов.
«Қамқорлық» Семей қаласының перинаталдық орталығының неонаталдық және педиатриялық қызметінің басшысы Гүлжазира Дүйсекенованың айтуынша, қазірдің өзінде орталық жұмысының жақсы нәтижелері баршылық. Мысалы, жарты жыл ішінде қимыл-қозғалысы қиын балалардың 72%-ы жүре бастаса, 55%-ы басын ұстап, 48%-ының еңбектеуді сезінуі соның дәлелі.
Инновациялық сипатта ашылған екі орталықта да нейро-ортопедиялық ауруларға шалдыққан, оның ішінде церебральды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемдік үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері қолданылады. Мамандар қызметіне мұқият жауапкершілікпен қарап емделуге келген әр баланың денсаулығын қалпына келтірудің жеке бағдарламасын жасайды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары, оңалтудың арнайы техникалық құралдары, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендері негізінде көмек көрсетіледі.
Медициналық қолдауға мұқтаж мұндай балаларға барлық көмектер (оңалту, педагогикалық, әлеуметтік, психологиялық) тегін көрсетілетіндігі де ата-аналардың ойынан шығып отыр.
— Он үш жастағы қызым Ақтілекті жыл сайын Астанаға, Алматыдағы оңалту орталықтарына апарып, ем қабылдатып қайтқанша жол қиындығын да талай рет бастан өткердік. Рас ондағы бірнеше емдеу түрлерін игерген мамандар қызметі өте жақсы. Енді біздің Семейде осындай орталықтың ашылуы менің ғана емес, осындай балалары бар отбасылар үшін ерекше қуанышты оқиға болғаны сөзсіз. Тіпті елордаға барғанда 7 жыл үздіксіз ем алған Айнұр Мырзаханқызын «Қамқорлықтың» ашылуынан көріп, қызым қатты қуанды. Өйткені оның шексіз мейірімін қызым үнемі сезініп келеді. Осындай игі істің жүзеге асуына себепкер бола білген қала басшысы Бақытжан Кәкенқажыұлына мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналар атынан шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді Жұлдыз Алдажарқызы.
Орталық мамандарының сөзіне сүйенсек, емдік дене шынықтыру, электроэнцефалография, физиотерапия, жарықпен емдеу, су массажы, логопед және дефектологпен күнделікті жеке сабақтар қарастырылған. Иммерсиялық ванна, механотерапия, эрготерапевт және психолог кабинеттері, сенсорлық бөлме, құрғақ ванна жұмыс істейді.