Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 03 Мамыр 2022

Қан төгілмей, мәселе шешілмей ме?

None
None

ҚР Жоғарғы Сотының назарына!

Былтыр басындағы баспанасын қорғау үшін бес адамды жайратып салған «алматылық атқыштың» оқиғасы елімізді дүр сілкіндірген еді. Редакциямызға хабарласқан Райхан Саухымбаева «Мен оны жан жүрегіммен түсінемін. Қорғансыздығын, дәрменсіздігін сезінген кезде адам не істеп, не қойғанын білмей кетеді екен. Кепілге қойған үйімнің ақшасын артығымен төлесем де, қарызды артығымен өтесем де, үйімнен айырылып қалып отырмын. Қазір үй де жоқ, банкке құйған ақшаны да кімнен сұрарымды білмеймін. Еліміздегі барлық құқық қорғау орындарына жүгіндім. Бірақ жанайқайыма айналған мәселе шешілер емес», дейді. Әрине, адам өлтірген адамды еш ақтап ала алмаспыз. Алайда қоғамдағы заңсыздықтар мен әділетсіздіктердің құрбаны болып, ашынған адамның басындағы жағдайды өзіндей болып ешкім сезінбес.

Басынан бастап баяндасақ, Өсербай Саухымбаев 2014 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы Қажымұқан көшесінен «ВТБ» банк АҚ арқылы сол баспананың өзін кепілге қойып, үш бөлмелі үй сатып алады. 2014-2017 жылдар аралығында ипотекалық несиені төлеп тұрғанымен, кейін отбасылық кәсіптері қиындыққа ұшырап несиені төлей алмай қалады. Бірақ банкке үнемі хабарласып, уақыт беруін өтініп отырады. Өздеріне қомақты мөлшерде қарыз тұтынушыларының қарызды қайтарып қалуынан үміттеніп уақытты создырады. Кейін кәсіптері қайтадан қалыпқа келіп жүре бастаған уақытта қайтадан несиені төлеп бастайды.

Райхан Саухымбаева: «Неге заң халыққа қарсы жұмыс істейді»

Үйдің иесі Өсербай Саухымбаевтың анасы Райхан «Кейін қолымызға ақша түсе бастаған уақытта үйдің есепшотына қайтадан ақшаны төлей бастадық. 2021 жылдың ақпан айынан бастап, тамыз айына дейін үйдің 12 миллиондай ақшасын құйдық. Барлығының квитанциясы өзімде сақтаулы тұр. Соған қарамастан, сот орындаушы Бакиров тамыз айында үйді сатып жіберген. Бірақ біз білмегенбіз. Кейін банктегілер енді 6 млн 700 мың теңге төлесем, қарыз толығымен жабылатынын айтты. Оны да апарып құйдым. Кейін білгенімдей, үй сатылған соң, екі күннен кейін үйдің қалған соңғы 6 млн 700 мың теңгесін төлеппін. Мен «үйдің қарызын толығымен жаптым», деп жүрсем, біршама уақыттан соң, Алматыда сол пәтерде тұратын қызымды сатып алған адамдар келіп мазалап, қорқыта бастағанын білдік. Өзіміз Ақтаудамыз. Қызыма келіп, «үй сатылды, босат» деп қорқытқан. Негізі, 25 миллионның үйі еді, сатып алған кезде алғашқы жарна ретінде 5 миллион теңгесін құйып, қалғанын ипотекалық несие ретінде рәсімдеген едік. Сонда үйдің негізгі қарызы 20 миллиондай болса, төлей алмай қалған жылдарыма тағы 6 млн 700 мың теңге құйыппын. Заң бойынша кепілде тұрған үйді, алдымен, үй иесінің өзіне сатуға мүмкіндік беру керек екен. Мен сата алмаған жағдайда ғана өздері сатуға шығарып, тіпті сатар алдында ескертуі қажет екен. Бірақ маған не банк тарапынан, не сот орындаушысы тарапынан бірде-бір рет ондай ескерту жасалмады. Әйтпесе, мен ана кейінгі ақшаларды құймас едім. Енді бүгінгі күні үй де жоқ, ақша да жоқ. Оны кімнен сұрарымды да білмей жүрмін. Тіпті баламның есепшоттары да әлі жабық. Жұмысқа тұрғанымен жалақысын ала алмайды. Баламның есепшотына бір теңге түссе де сот орындаушысы көріп отырады. Бірақ кезінде сонша ақшаны үйге төлеп жатқанымызда, қалайша көрмей, үйді сатып жібере салғанын түсінбеймін. Бүкіл есепшот көз алдында тұрғанына қарамастан, неше ай ипотекамды қайта өтеп жатқанымды да елеместен, қалайша үйді сатып жібере салады? Сол үйді өзіміз алғаннан гөрі, сот орындаушысына үйді сатып жіберу тиімді болған секілді. Осылайша, аяқ қолымыз маталғандай болып тұрмыз. Саудада ақша керек қой. Бірақ қазір несие ала алмаймыз. Ақтаудағы үйімізді де қазір кепілге алып босатпай отыр. Банкке неше рет хат жаздық. Бірақ нәтижесіз. Қазір үйсіз қалған балам отбасымен Ақтауға келіп қолымда тұрып жатыр. Оншақты адам бір үйде қысылып-қымтырылып, тұрып жатырмыз. Неге заң халыққа қарсы жұмыс істейді?» дейді әділдік іздеп шырылдаған ана.

Еркегүл Саухымбаева: «Риэлторлар үйді тағы сатуға әрекеттенуде»

Редакцияға арнайы іздеп келген Еркегүл Саухымбаева: «Үй алғашында бізден тартып алынған соң, Әйгерім Серікбол деген адамға кейін Меруертке сатылды. Қазір Меруерттің атында тұр. Алайда соңғы уақытта баспананы сатумен айналысатын krisha.kz сайтында сол пәтер жиі сатылымға шығарылуда. Біздің ісіміздің Жоғарғы соттың қарауында жатқанына қарамастан, пәтердің ізін жасыру үшін қолдан қолға өткізіп сатуда. Бірнеше рет krisha.kz әкімшілігімен хабарласып хабарландыруды алғызып тастадық. Үйдің мәселесі әлі толық шешілмегенін, Жоғарғы Соттың қарауында жатқанына қарамастан, бізден үйді тартып алған адамдар, оны одан ары сатып пайда көріп қалуға тырысуда. Қайта-қайта саудалап жатыр. Ал Әйгерім мен Меруерт о баста бір-бірін танымаймыз дегенімен жылжымайтын мүлікті алып сатумен айналысатын агенттікте бірге жұмыс істейтінін білдік. Дәлел ретінде әлеуметтік желідегі парақшасын да скриншот жасап алдық. Бұрыннан бір-бірін танитынын, біз секілді қиын жағдайда қалған үй иелерінің баспанасын алып, сосын қолдан-қолға өткізіп, сатып жіберуді әдетке айналдырған жандар екенін байқадық. Тіпті сот орындаушы Бакировтың бұрыннан танысы екенін бізді үйден шығаруға келгенде, телефон арқылы сөйлескен сөздерінен байқадым. Заң бойынша суық мезгілде үйден шығаруға болмаса да, күздің қақаған суығында есікті бұзып ашып, заттарымызды далаға үйіп қойды», – дейді.

Расында да әлеуметтік желідегі парақшаларын шарлап шықтық. Жылжымайтын мүлікті алып-сатумен айналысатын компанияда жұмыс жасайды. Өз парақшаларында бірі өзін «жылжымайтын мүлік мәселесіне қатысты заңгермін», жылжымайтын мүлікті алып сатумен айналысатын агенттіктің құрушысымын» деп таныстырса, жеке компаниясын «ипотека рәсімдейді, келісімшарттар түзуге заңды тұлға ретінде көмектеседі, жылжымайтын мүлікті алып сатуға көмектеседі, бұл нарықта сегіз жылдан бері жұмыс жасайды», деп жарнамалаған.

Тимур Умаров, адвокат: «Банк риэлторлардың мүддесі үшін неге жұмыс істеп отырғаны түсініксіз болып отыр».

– 2021 жылдың қараша айында Алматы қалалық соты істі Саухымбаевтардың пайдасына шешкенімен, сол екі ортада бір компанияда жұмыс жасайтын, бір риэлтордың үйді екінші риэлторға сатып үлгеруі істі одан сайын шиеленістірді. Ал «ВТБ» банк Саухымбаевтардан үйдің құнын толығымен өндіріп алып тұрса да, ұялмастан, Жоғарғы Сотқа шағым түсіруі істің қазір бір орында тұрып қалуына әкеліп тұр. Банк риэлторлардың мүддесі үшін неге жұмыс істеп отырғаны түсініксіз. Банкке үйдің құны толығымен өтелді, олардың үйге таласуға да құқығы жоқ. Ақшасын алған соң, банк бұл іске мүлдем араласпауы да керек.

Ақшасын толығымен қайтарып алса да баспана ісіне араласып келе жатқан банктың ісі расында да кез келген адамды айран асыр қылары сөзсіз. Осы орайда, былтыр саланы тексерген прокуратура сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің «астыртын сөз байласуы» сияқты мәселелерді әшкерелеп бергенін ескерсек, мұнда да банктың тірлігі көп нәрсені аңғартатындай.

Халық қашанғы жылайды?

Жақында Игорь Дужновқа қатысты сот үкімі шықты. 2021 жылдың 20 қыркүйегінде Алматының Ақбұлақ шағын ауданындағы үйінің ауласында жеке сот орындаушысын, екі полицейді және үйдің жаңа иесі мен оның өкілін атып өлтірген алматылық атқыш өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Өкінішке қарай, осы оқиғадан сабақ алмағанымыз байқалады. Бір жағынан несиесі, екінші жағынан өлексеге үймелеген құзғындай, дәрменсіз сәтін пайдаланып қалуға тырысқандардың әрекетіне шыдай алмағандардың мәселесіне көз жұма қарап отырғандаймыз. Әйтпесе, банктің мүддесіне ғана негізделген жүйені, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алып», үйді иемденіп қалуға тырысқандардың әрекетіне құқықтық баға берілетін уақыты жеткен жоқ па?! 

Негізі, «алматылық атқыштың» оқиғасынан соң, сенаторлар үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, кредит төлей алмайтын азаматтардың мәселесіне қатысты бірнеше ұсыныс жасаған болатын-ды. Өйткені сол оқиға салада айтарлықтай мәселе бар екенін, оның ушығып кеткенін көрсетті. Мемлекет басшысы да банктердің кепілзат саясаты, мүлікті бағалау мен жеке сот орындаушыларының қызметі бойынша нақты ұсыныстарды енгізуді тапсырған-ды. Мәселен, сенатор Ләззат Сүлеймен де кепілге қойылған жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын азаматтар мәмілені жүзеге асыру кезінде заңсыздыққа жол беретінін мәлімдеп, «Банктер мен жеке сот орындаушылары борышкерлердің жылжымайтын мүлкін төмен бағамен, кейде шектеусіз мөлшерде сатып алады. Бір адам бірнеше пәтерді сатып алған фактілер де тіркелген. Бұған қоса, сауда-саттыққа қатысушылардың бір-бірімен байланысты болғаны анықталған. Әділет министрлігінің дерегінше, 2016 жылдан бастап, 2021 жылдың қазан айына дейін сот орындаушылары 1,4 мың жылжымайтын мүлік сатқан. 464 борышкер өз үйін өзі өткізген. 195 адам үйінен шығарылған. Олардың – 74%-ы кепілге қойылған жалғыз баспанасынан айырылған», – деген мәлімдеме жасаған еді.

 Сондай-ақ Бас прокуратура жеке сот орындаушылары республикалық палатасының қызметін тексеру барысында 2015 жылдан бастап, 2018 жылға дейін банктер электронды сауда арқылы кепілде тұрған жылжымайтын мүліктің 78%-ын нарықтан 30% төмен бағаға сатып алғанын анықтаған. «320 жағдайда онлайн-қатысуға өтінім беру банктерге тиесілі мекенжайдан жүргізілді. 52 жағдайда сауда-саттықтың заңдылығын формальды түрде қамтамасыз ететін екінші қатысушылар банк қызметкері болып шықты», – деген болатын-ды Ләззат Сүлеймен. Яғни Бас прокуратураның электронды сауда-саттықтың қаншалықты заңды өткізілгенін тексеру нәтижесінде, 2015-2018 жылдар аралығында банктер аукционға шығарылған мүліктің 78 процентін сатып алғаны, олармен бәсекелес болатын ешкім қатыспағанын, қатысқан күннің өзінде, көбінесе, банк қызметкерлеріне бұйырып отырғанын анықтағаны ашық айтылған болатын-ды. Ең өкініштісі, осынша заңбұзушылық болғаны, талай халықтың құқығы бұзылып жатқаны анықталса да әлі күнге банктер мен сот орындаушыларының «қолынан келсе, қонышынан басуға» заң мүмкіндік беріп қойғаны болып отыр.

Риэлторлар мен сот орындаушылары қашанғы заңсыздыққа жол бере береді?

Осы орайда, сенаторлар банктерге кепілзатты сатып алу аукциондарына қатысуға тыйым салу қажеттігі туралы бастама көтерген-ді. Өйткені банк қызметкерлері мен сот орындаушылар бірлесіп, борышкердің кепілдегі мүлкін өте төмен бағамен сатқан деректер жетерлік. Сондықтан жеке сот орындаушылардың қызметіне мемлекеттік бақылау жасалмаса, қиын жағдайда қалған халықты тонайтын, ең алдымен, сот орындаушыларының өздері болатынын көріп отырмыз. Сот орындаушыларының үстінен арызданатындардың да көбеюі олардың шектен шығатынын аңғартып отыр.

Сенатордың сөзінше, 2021 жылғы 1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін әкімшілік соттарға 7 мыңнан астам іс келіп түскен. Оның – 2 338-і жеке сот орындаушыларының заңсыз әрекетіне қатысты. Осы дерек-ақ сот орындаушыларының қызметіне мемлекеттік бақылау қажет екенін аңғартады. Саухымбаевтардың да пәтерінің қаланың көрнекі ауданынан екенін ескерсек, біреудің қайғысынан қуаныш іздегендердің көз құртына айналғанын байқау қиын емес.

Сондықтан ҚР Жоғарғы Сотының аталмыш мәселеге назар аударып, баспананың өз иесіне қайтып, әділдік орнауына ықпал етсе, талай адамның көз жасының тыйылуына себепкер болар еді. Жалпы, саладағы мәселені шешпесек, ипотеканың күйігінен қатты күйзеліске түскендердің өзіне-өзі қол салғанын да, бүйрегін де сатып, айықпас ауыр дертке шалдыққандарын да естіп жатырмыз. Адамы құнды елде, адам құқығы тапталмаған елде олай болмаса керек-ті.

Түйін:

Мемлекет тұрғын үймен қамту бойынша жылдар бойы бірнеше бағдарлама қабылдағанымен, халыққа баспана әлі де қолжетімсіз күйінде қалып отыр. Пәтер бағасы аспандап кеткен соң, жұрт шарты ыңғайсыз, пайыздық үстемесі жоғары ипотекаға жүгінуге мәжбүр. Property Prices Index есебі бойынша, Қазақстан ипотека тиімділігі жөнінен 109 елдің ішінен 74-орындатұр. Есеп бойынша, елде 90 шаршы метр үйді 20 жылға ипотекаға алған отбасының төлемі айлық табысынан 1,5 есе көп адамдар жетерлік. Сондықтан елде үйінің қарызын төлей алмай, мәжбүрлеп шығарылатын жағдайлар жиі кездеседі. Үйлі болам деп, ауру жамап, пайызы еселенген үйдің қарызын өтей алмай, о дүниелік болатындар да көбеюде. Сондықтан мемлекет халықтың осы мәселесіне назар аудармаса, жағдай ушығып барады. Ал Саухымбаевтардың мәселесі алдағы уақытта да редакция назарында болады.

Тегтер: