Қанағат, қайда барасың?

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы».
Абай
Бала кезімізде қазақтың қабырғалы қара шалдары «қанағат» сөзін жиі ауызға алып айтып отырушы еді.
Бүгінде бұл сөз сол қара шалдармен бірге келместің кемесіне мініп кеткен тәрізді. Тіпті қазіргі қазақ тілі лексиконынан секіріп түсіп қалып, архаизмге айналып бара жатқандай көрінеді. «Қанағат» сөзі Алланың 99 көркем есімінің тізімінде кездеспегенімен, ұлы Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой» деген өсиет сөзінде төртінші болып төбе көрсетіп тұр. Даналық ойдан дән іздеген данышпан ақынның «қанағат» сөзін айналып өтуі мүмкін емес еді.
Адамзат баласы жаратылғаннан бергі дәуірлерде байларға қарағанда кедейлер қатары әлдеқайда көп, он орап кетіп отырған. Бай мен кедейдің теңесетін жері – қанағат, тәубе, ынсап. Құдайдың бергеніне қанағат еткен, тойса тәубесін айтқан, ынсап сайын берекеге кенелген адам – нағыз бай. Бұлар жоқ жерде кедей – бай, бай Құдай болуды тілеуін қоймайды. Бұл үдеріс бүгінде өзінің апогейіне жетіп отыр. Адамзаттың қолында бәрі бар, қанағаттың құрып бара жатқаны болмаса. Қатынданған қоғамға кейіп жүргеніміз бекер екен. Көресіні қанағатсыз қоғамнан көреміз, көріп те жатырмыз.
Қазір жер бетінде бір қауіп-қатер айқын төбе көрсетіп отыр. Ол – жеке пенденің өзімшіл, ашкөздік, қомағайлығын былай қойғанда, қанағатсыздықтан бастау алатын ұсыныстың көпшілік сұранысына айналуы. Бұл үдеріс рухани дүбәралыққа соқтыратыны даусыз.
Ауданда сот болып істейтін бір кісі істі болған адамның берген парасының тең жартысын өзіне қайтарып береді екен. «Неге олай етесіз?» деп сұраса: «Біріншіден, бұл мені қанағатқа үйретеді; екіншіден, жарты ақшасын қайтарып алған адам менен сый алғандай болады, мені жамандамайды және қарғамайды; үшіншіден, үкімді жеңілдетуді заңнан алшақ кетпейтіндей етіп жасаймын», – деген екен. Әп, бәрекелді! Парақор сотты ақтауға келмейді, дегенмен қанында қанағат түйіршіктері айналып жүрген адамға қызыға қарайсың. Болған үстіне бола берсе дейтін қомағай, ашкөздер жайлаған заманда азға қанағат етудің өзі «ерлікпен» пара-пар дүниедей көрінеді.
Бір бай кісі көл жағасымен ары-бері өткенде аптап ыстықта мәйкішең, қармақ салып, суға үңіліп отырған біреуді жиі көреді екен. Жаны ашып, жәрдем бергісі келіп: «Мен саған көп ақша берейін, қайық сатып ал. Жүзіп жүріп көп балық аулап, ақшасына кеме сатып аласың. Кемемен балықты көптеп аулап, жағаға балық өндейтін зауыт саласың. Көп пайда тауып, сөйтіп, өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысасың», – депті. Сонда балықшы: «Ал мен немен айналысып отырмын?!» – деген екен. Қарапайым балықшының қанағатшылдығына қайран қаласың. Қарапайымдылық жоқ жерде қанағат қайдан болсын, екеуі бір-біріне керағар дүние ғой. Қырық жыл ел басқарып, ең жоғары лауазымда отырған Қонаевтың қанағатшылдығын ешкіммен де, ештеңемен де салыстыруға келмейді. Жарықтық әулие адам болған ғой, әйтпесе бай боламын десе, бәрі қолында болды. Қызметтен кеткен соң, жаяу қалыпты. Мініп жүретін көлігін де қамдамаған ғой. Бүгінгі дүниеқоңыз дүмше дөкейлерге қарапайым Қонаевтың қанағатшылдығы қонбады, дарымады, үлгі-өнеге болмады. Өкінішті-ақ.
Қазақтың қанында о баста бар қасиет-қанағатшылдық кешегі социализм заманында да сақталып, мұрты бұзылмаған еді. Ел еркіндік алған күннен бастап тәуелсіздіктің «балалық аурулары»: ашкөздік, жемқорлық, парақорлық, көзбояушылық, алаяқтық, мақтаншақтық т.б. асқынып, оның есесіне қанағатшылдық қатардан ығыстырылып, шетке шығып қалды. Байлыққа, ақшаға, дүние-мүлікке, жоғары лауазымды қызметке деген құштарлық пен қанағатсыздық аса қауіпті дертке айналды. Адамның түсіне кірмейтін шексіз байлықты иеленген миллиардерлер, алпауыт монстрлар, алыпсатар магнаттар пайда болды. Олар өте көп: білетініміз тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Біздің көріп жүргеніміз айсбергтің су бетіндегі азғана бөлігі, көрінбей жатқаны қаншама. Бүгінгі сенаттағы емес, жай санаттағы байлардың алдында баяғы 40 мың жылқы айдаған қазақтың Қарабайлары жіп есе алмайды.
Қанағатсыздық адамдар арасында бәсекелестікті асқындырып, біреуді төрге сүйреп, біреуді көрге көміп жатыр. Қанағатсыздық көрсеқызарлықты қоздырады екен. Қазір ешкім де «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» демейді: үй тұрғызу, той өткізу, қымбат көлік міну, шетелде демалу т.б. бәсекелестік модаға айналды. Мейлі ғой, жиған-тергені жетіп жатса. Далақтап шауып жүргендердің көпшілігі банктерден несие алып, шашып-төгіп қарызға батады. Олар қанағатсыздықтың құрбаны болдық демейді, қайта үкіметке «қарызымызды кешірсін» деп талап қоятынын қайтерсің. Осы жұрттың көзін шел басып қалған ба дерсің: несие сөзі – біреудің затына «несіне ие болып жүрсің» дегенді астарлап жеткізіп тұрған жоқ па? Бәрінен де бұрын биік лауазымға, атақ пен даңққа, сыйлыққа деген қанағатсыздық қынжылтады деген жай сөз, қорқыныш ұялатады. Қанағатсыздықтың осындай «жемістерін» көріп-біліп жүріп, білімге, өнерге, ғылымға, еңбекке, елге адал қызмет етуге деген қанағатсыздық кең қанат жайса шіркін деп армандайсың. Академик деген дардай атағы бар, 4-5 жыл парламент партасында отырып ұйықтап, демалып қайтқан бір ғалым: «Бар-жоғы 4-5 кітап жазған Шыңғыс Айтматовты бүкіл әлем таниды. Ал 15 кітап жазған мені ешкім білмейді», – деп, ақымақ адамның сөзін айтып сандырақтайды. Осыдан кейін «қанағат, қайда барасың» деп сұрауға мәжбүрсің.
Ертеде дала төсінде дүлей дауыл тұрып, дүниенің астан-кестеңін шығарыпты. Сол дауылда бір бозторғай биік еменнің бұтағына ілініп, аман қалыпты. Дауыл басылған соң, бозторғай еменге ризашылығын білдірейін деп: «Ей, емен! Мені аман сақтап қалған саған мың рақмет! «Биіктеп өсе бер!» дейін десем, онсыз да биіксің. «Жапырағыңды жая бер!» дейін десем, онсыз да жайқалып тұрсың. «Тамырың тереңдей берсін!» дейін десем, онсыз да тамырың тереңге кеткен. Саған тілейтінім: Құдай сені ақымақ балташының балтасынан сақтасын!» – деген екен. Сол айтпақшы, Жаратушы иеміз жер бетіндегі тіршілікті қанағатсыздықтан сақтасын дегіміз келеді.