Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:40, 08 Ақпан 2023

Қаналған Қазақстан жаңарған қоғамға қашан айналады?

None
None

Күні кеше World Inequality Lab халықаралық зерттеу компаниясы «10 пайыз адам (804 млн адам) әлемнің 52 пайыз байлығын иемденіп отыр», деген мәлімет таратты.

Осы арада біздің Қазақстанның байлығын тек 162 адамның ғана меншіктеп алғаны еріксіз ойымызға оралды. Рас, былтырдан бері осы мәселені дүркін-дүркін көтердік. Президенттен бастап, қарапайым халыққа дейін «байлар осы уақытқа дейін ішіп-жегенін ортаға салуы тиіс» деп үндеу тастадық. Бірақ біздің бай-манаптар байлығын халықпен бөлісуге әсте асықпайды.

Жасыратыны жоқ, қазір көкелер байыған сайын қоғам кедейленіп барады. Мәселен, соңғы екі жылда еліміздегі кедей-кепшіктің саны 4,5 пайызға өсіп,  1 млн адамды құраған. Тиісінше,  шетелде тұрғын үйлері мен ақша, көліктері бар байшікештердің де қатары өсуден қалысар емес. Ең қызығы, біздің тиісті  ведомстволар осы бай-манаптардың табысын жариялағанда  «қазақстандықтардың шетелде осынша мүлкі бар» деп дабыралағанды жөн көреді. Ал шындап келгенде мұндай сән-салтанат қарапайым қазақстандықтарға тән емес. Мұндай байлық біздің елде көбіне шенеуніктерге, инвесторларға, алпауыт компания басшыларына  тиесілі емес пе?!

 Мысалы, мемлекеттік кірістер комитетінің 2021 жылғы  есебінше,  қазақстандықтардың шетелде тіркелген 666 жылжымайтын мүлкі, 691 млрд теңге ақшасы, 1198 көлігі бар. Бұларға тиесілі банк шоттарының көбі Ресей, АҚШ, Швейцарияда ашылады. 494 жеке тұлғада әлемнің 26 елінде 666 жылжымайтын мүлік бар. Соның ішінде 436 нысан Ресейде, 44-і Біріккен Араб Әмірлігінде, 38-і Түркияда көрсетілген. 1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралын көрсеткен. Басымдық беріп айта кететін жайт – қаржы министрлігі бұған дейін шенеуніктердің 2 млрд 697,6 млн теңгедей қаражатты шетелде сақтап отырғанын да жария еткен болатын. Мұндай деректерге қарап, «еліміз әбден қаналды, тоналды» деп ашынатын сарапшылар да баршылық.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша,   біздің шенеуніктер, ірі холдинг басшылары, квазимемлекеттік секторды басқаратындар мемлекеттік бюджеттің қаражатының белгілі бір бөлігін өздерінің қалтасына басуға әбден машықтанып алған. 

— Отыз жыл бойына бюджет қаражатының есебінен шылқып байып, оны шетелге шығарып жатқандар есепсіз болды. Сондықтан бізге болашақта ең алдымен бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аудару қажет. Алдағы уақытта ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, тағы басқа ведомстволар осы мәселеге назар аударуы керек. Жергілікті әкімдерден әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талап етілуі тиіс. Аудан-аймақ әкімдері әр тоқсан сайын стратегиялық жоспармен жұмыс істеп, бюджеттің орындалуы нақты бақылауға алынуы тиіс, – дейді Жаңабай Алдабергенов.

Бұдан бөлек маманның пайымдауынша, бюджеттен әр салаға қаржы бөлу деген бар. Кейде сол қаржыны үш жылға немесе 10-15 жылға кепілдендірілген қайтарыммен береді.

— Міне, осындай қаржыны тек жеке-жеке бір жылға есептеп беріп отыру керек. Бізде бюджеттің шығыс бөлігіне үнемі өзгерістер енгізіледі. Үш жылға есептеп аламыз да ол бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей қалады немесе орта жолда «желініп» кетеді. Сондықтан қосымша шығындарды көбейтпеу қажет. Жапонияда бюджет арқылы бөлінген қаражаттың жылдың аяғына дейін 25 пайызы ғана жұмсалады. Ал жұмыстың орындалуы 95 пайыз нәтиже көрсетеді. Сонда бюджеттен қаржы артығымен бөлінетін болып тұр. Бұл арада министрліктерге «қаржы игерілмегені үшін мені кінәлайды» деп, қаражатты толық жұмсап жіберуге болмайды. Бюджеттің орындалуында кемшіліктер өте көп, – дейді экономист-сарапшы.

Сондай-ақ мамандардың байыптауынша, біз заңсыз байығандарды тезге салатын пәрмені мықты заңмен жұмыс істей алмай отырмыз. Бізде жемқорларды тезге салатын заң нормасы бар.  Бірақ соны толық пайдалануға, орындауға құқықтық мәдениетіміз жетпейді.

Бұл ретте заңгер Ғабиден Жайлиннің айтуынша, аталмыш заң тек қана мемлекеттік қызметкерлерді жазалайтын заң болмауы керек. Жалпы, елдегі жемқорлық саласына тұсау салатын норма болуы қажет. Заңгердің пікірінше,  «алдымен құқықтық жауапкершілік, одан кейін қатаң қылмыстық жауапкершілік енгізіп, заңды нығайту керек».

Бұдан бөлек біздегі мемлекеттік шенеуніктердің басым бөлігінің өз бизнесі барын, олар кейде сол өз бизнесіне кесірі тиіп кететін заң жобаларын қабылдамай, орындамай да қоятынын алға тартқан мамандар «осы жайттарға да тоқтау салатын кезең жетті» деседі. Мамандардың пайымдауынша біздегі сол бизнесі бар мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мінбеден сөйлеп, әдемі көрініп кетеді де мінбеден түскеннен кейін өз бизнесін дөңгелетуді ғана ойлайды. Демек, бұл жерде жалған күрескерлік, тағы басқа өтіріктер толып жатыр.

Жалпы, қазір біз үшін халықтың тұрмысын теңестіру маңызды. Ол үшін  «байдан алып, кедейге бер» деген шведтердің тәсілін ұстану да көптік етпейді. Негізінде, осы тәсілге жүгінген шведтер байлардан алады да, қолайсыз, өркендеуі төмен аймақта тұрып жатқан халыққа мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы тағайындайды. Құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға олар байлардың үлесінен төлемақы төлеп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. «Сондықтан осындай халыққа қажетті бағдарламаларды қазіргідей қиын кезде қайта қолға алу керек» деседі мамандар.

Әрине, мұндай ұсыныстарды жүзеге асыру қолымыздан келсе, қанеки. Негізінде, біздің үкімет «халық үшін шашылып-төгіліп, аптығып, жұмыс істеп жатырмыз» деп есеп береді. Елдің әлеуетін көтеру мақсатында қилы-қилы жобаларды жүзеге асырып, түрлі-түрлі реформаларға реңк бердік дегенде алдына жан салмайды. Бірақ кейде тіпті елдегі реформалардың дені қарапайым халықты емес, бай-манаптарды одан әрі байытып жатқанын көріп еріксіз қынжыласың. Осындай шашармандығымыздан халық қаналып, экономика батпақтап барады. Ең өкініштісі – осы...

   

Тегтер: