Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:24, 17 Ақпан 2021

Қанат Ислам: Канелоның өзімен жекпе-жекке шықсам деймін

None
None

      Кұптан кіргенде, телефон шыр етті. Мұхиттың арғы жағынан соғылған қоңырау екен.

Баяғыдай емес. Байланыстың нығайған кезі ғой. Қанат Ислам екен. Сәлемдескеннен кейін төмендегідей әңгіме өрбіді.

— Қанатжан, қалың қалай, қолың қалай? Өзіңмен сөйлескен сайын қоятын дәстүрлі сұрақтар ғой.

— Қалымыз да жақсы, қолымыз да дұрысталған сияқты. Шүкір дейміз. Қазір жұмыс көбейіп тұр. Қал да керек, қол да керек кез.

— Ободаи Саимен сынға түседі деген ақпар тарады.

— Иә, аға! Мұнда келген мақсатымыз сізге белгілі. Бірнеше жекпе-жек өткізу. Тіпті әлгі Канелоның өзімен шықсам деймін.

— Талабыңа нұр жаусын! Канело келісе қояр ма екен?

— Бізге тап қазір даңқ қажет болса, Канелоны ақша қызықтырады. Қасымда Дархан деген досымыз бар екенін білесіз ғой. Ол мынау заманауи технологиямен бірге дамып келе жатқан жігіт. Тіпті осы Саимен өтетін жекпе-жекте де тың тәсіл қолданып көрмек. Сәтті шықса, Канелоға ұсыныс жасауға әбден болады және оның келісіп қалуы ғажап емес.

— Дарханның ұсынысы не, сонда?

— Ұсыныс болғанда сол – жекпе-жекті тіке тарату амалы. KO TV арқылы. Қосымшаны жүктеп алып,  әркім біздің бәсекені өз телефонынан көре алады. Ертең Канеломен шығып жатсақ, оны тамашалайтындар саны бірнеше есе көп болатыны белгілі ғой. Қосымша көп жүктелген сайын, біздің табатын пайдамыз да молая түседі. Өткенде өзіңіз де жаздыңыз. Уолтермен кездескенімді ше? Сол жігітті де қайта шақырсам деймін. Қолымның жарақатына байланысты айызым қанып сабай алмадым. Ұпай санымен жеңдік қой, бірақ өзімнің басым екенімді тағы бір дәлелдеп берсем деймін. Бәрін бір Алла біледі. Әзірше біздің жоспар осындай.

 - «Тұранды» құрды деп естідік...

— Иә, Turan promotionды  тіркедік. Қасымда бірнеше талантты інілерім бар екенін өткенде айттым ғой. Соларға жол ашуым керек. Жол ашу қаржыға келіп тіреледі. «Тұранның» аясы кең. Ислам әлеміндегі талантты боксшыларды топтауға болады. Түрік балаларының басын қосатын клуб десеңіз де болады. Ауқымды бір іспен шұғылдансақ дейміз ғой. Нәтиже шығады деген үміт басым.

— Іске сәт! Флорида штатындағы жекпе-жек туралы не айтасың?

— Майами – спортқа, соның ішінде кәсіпқой боксқа қатты қызығатын қала. Жанкүйерлері қызуқанды келеді. Ұсыныс түскеннен кейін құп көрдік. Ободаи Саи да осал қарсылас емес. Кәсіпқой рингте 35 кездесу өткізген. Соның 21-інде қарсыласын сұлатып түсірген. Нокаут дейміз ғой. Бапкерлерім де, өзім де қалай жұдырықтасатынын зерттеп көріп жатырмыз. Гананың спортшысы. Шынын айтқанда, біз мексикалық боксшы Хайме Мунгиимен шығамыз ба деп ойладық. Оның әзір реті келмей тұр. Түбінде жолығамыз деп жүрміз. Бір қисыны келер. Рингке шықпағалы да бірталай уақыт болды. Ободаимен де күш сынасып көру керек. Шаршы алаңда сезінуге де мүмкіндік туады. Оның үстіне өзімнің бабымды да байқап көремін.

— Саи Намибия өкілі Уолтер Каутондоквемен де кездескен екен. Бірақ ұтылып қалыпты.

— IBF Continental Africa жолында кездескен. Уолтер туралы сіз де кезінде сараптама жасадыңыз, айтқаныңыз қисынды еді. Шынында да, мықты спортшы. Алматыға алдырған себебіміз де сол. Шын мықтыны шақырдық. Ободаи да осал емес дедік қой. Әсіресе кәсіпқой боксты ә деп бастағанда ешкімге дес бермеген. Алғашқы 16 жекпе-жекте жақсы танылды. Қарсыластарын түгел ұтқан ғой. Ганада жүрсе де, Америка мамандарының көзіне түседі. Олар мүмкіндікті қалт жібере ме?! Өздеріне тартып алды.

— Британияда да ізі жатыр екен. Джейми Кокспен кездескен.

— Ол кезде Саи Британ Достастығының бірінші орта салмағында чемпион ретінде рингке шықты. Өз жерлесі Джозеф Лэмптиді ұтып, әлгі белдікті байланған. Кокспен де жақсы жұдырықтасыпты. Он екі раунд бойы дес бермеген. Дегенмен төрешілер Джеймидің қолын көтерген ғой. Тап қазір Саи қандай екені өзіме де белгісіз. Ол да соңғы рет 2019 жылы өнер көрсетті. Ширығып, күші бойына сыймай жүрсе керек. Жарысты бәрі сағынып жүр. Маған да қарсылас керек. Қисыны келген екен, бас тартпадым.

— Ол да дұрыс екен. Саған да 2019 жылдың қазан айынан бері ешкім кезікпеді ғой. WBO International белдігін алдың да, тоқтап қалдың.

— Өзіңіз де білесіз, сол жекпе-жекте сынған қолмен сайысқа түстім. Бәсеке басталмас бұрын, сыннан бас тартуыма болатын еді. Бірақ мені іздеп келгендердің қатары көп болғандықтан, дерт жаныма батып тұрса да, рингке шығуды құп көрдім. Бәрі де сәтімен аяқталды.

— Сол сәттілік өзіңе 20 ақпанда да серік болсын!

— Әмин, рақмет! Қазақ үшін атқа мінген ұлмыз ғой. Алла қолдасын!

— Жортқанда жолың болсын, «ҚАЗАҚ!»

  

Тегтер: