Қаңғыбас иттер адамға шабуда
Облыс орталығында адамға шабатын бұралқы иттер көбейіп кетті. Еркінсіп кеткен төбеттер тапа-тал түсте көшеде топталып жүретін болды.
Өткен аптада Оңтүстік-шығыс ықшам ауданында ашқұрсақ айуандар футбол алаңындағы жасөспірімдерге айбат көрсетті. Абырой болғанда, балалар төрт аяқтыларға қар лақтырып, қолдағы доптарымен сес көрсетіп, қауіптен аман қалды. Кезбе иттердің тұрғындарға озбырлық әрекеті күн өткен сайын үдеп барады. 12 қараша күні Сұрыптау стансасында тұратын ер адамға ит шауып, жәбірленушінің бет аузын қан-жоса етіп талап тастады. Оқыс оқиғаны полиция тіркеуге алып, тергеу жүргізді. Департаменттің баспасөз қызметі аталған аудан тұрғындары бұған дейін де қаңғыбас иттерге қатысты шағымдар түсіргенін мәлімдеді.
– Адамдарға жанашырлықтың болмауынан осындай жағдайлар көбейіп жатыр. Шілде айында біздің аулада жүрген жүгенсіз ит бүлдіршінді қауып, денесіне жарақат салды. Жан түршіктірер хабарды естігенде қатты қобалжыдым, – дейді «Степной-4» ықшам ауданының тұрғыны Бәтима Омарова.
Қарағандыда қаңғыбас иттерге қатысты қылмыстық фактілер кемімей тұр. Биылғы жылдың наурыз айында Михайловка ауданында аяғы ауыр әйелге құтырған ит шапты.
- Сол күні жұбайым ауыр психологиялық соққы алды. Ол құрсақтағы сәбиін ойлап күйзелді. Біз бірден акушер-гинеколог дәрігерге хабарластық. Ол жедел арада жарақат тану бөлімшесіне барып, құтырмаға қарсы вакцина алып, ем қабылдауға кеңес берді. Дәрігерлердің айтқанын орындадық. Алайда іштегі нәрестенің жағдайы не болар екен деген уайымымыз басым. Бұл жоспарлаған сәбиіміз еді. Шарананы төрт жылдан бері зарығып күтіп жүрміз, – дейді оқыс оқиғаға тап болған келіншектің жолдасы Ерлан.
Бәрінен бұрын құтырған иттер қорғансыз жандар мен балаларға шабуылын үдетуде. Мұндай жәйтті қалада өз көзімізбен көріп жүрміз. Ауылда да осындай көрініс кездеседі. Өткен жазда Ақтоғай ауданында кезбе иттің бірі екі бүлдіршінге төніп, қапияда біреуінің өмірін қиып тынды. Жыртқыш хайуандардың көзін жоятын облыстық ветеринария басқармасындағылардың иттерді аяусыз жазалауға батылы жетпей отыр. Олар дәрменсіздіктерінің себебін заң талабына телейді.
– Бізге қазір көше аралап, рейдке шығуға заң жүзінде тыйым салынған. Бұрынғыдай ауызша өтініш қабылдамаймыз. Жазбаша шағыммен жұмыс істейміз. Жасыратыны жоқ, жұмысымызға көбіне жануарлар жанашырлары кедергі тудырады. Олар шағым иелерінің өтінішін орындап жатқан сәтімізді сырттай видеоға түсіріп, инстаграмға салып, үстімізден көпе-көрінеу жала жабады. Сөйте тұра, жануарларға жанашыр даурықпа азаматтар қаңғыбас иттерге қандай шара қолдану керек екенін ашып айтпайды. Мәселен, қараша айында облыстық мәслихаттың кезекті 23-сессиясында қаңғыбас иттерді аулап жансыздандыру, оларды уақытша ұстау, залалсыздандыру және вакцина жасау, сондай-ақ бірдейлендіру мен типтеу жұмыстарын жүргізуге байқау жариялауды бекіту мәселесін қарады. Оған облыстық бюджеттен 25 млн теңге қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, әлгі қаражат қазынаға кері қайтарылды. Өйткені сессия жұмысына байбалам салатын жануарларды қорғаушылар келмей қалды. Тек Алматы қаласынан екі жауапкершілік серіктесік қатысты. Олардың тарапынына ешқандай белсенділік байқалмады, тым марғау болды. Дейтұрғанмен мәслихат бізге тағы бір мүмкіндік берді. Желтоқсан айындағы кезекті облыстық сессияда жоғарыдағы төрт бағдарламаны жүргізуге қаражат аудару екінші рет пысықталады. Ертең қалалық қоғамдық талқылау өткіземіз. Жануарларды қорғаушылар орайы келген сәтті пайдаланып үн қосса, мүмкіндігіміз артып, қауіп сейілер еді, – дейді ведомство басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.
Былтырғы жылдың желтоқсанында елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды. Наурыз айында күшіне енген бұл заңда қарағандылық қоғамды толғандырып отырған қаңғыбас иттерді оқшаулайтын орын салу туралы бап бар. Көріп отырғанымыздай, облыс орталығында қараусыз иттерді ұстайтын қоғамдық орын жоқ. Мамандардың айтуынша, 22 шахта маңындағы және Берлин көшесіндегі жекеменшіктің иелігіндегі ит оқшаулайтын орындардың аумағы аядай. Қалаға мұндай ауқымды ғимараттың қашан салынатыны белгісіз.
– Соңғы заңда қаңғыбас иттерге арнайы орындар тұрғызуды жеке кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар жүргізе алады деп көрсетілген. Ал жергілікті атқарушы органдар аталған жұмысты үйлестіруші ретінде көрсетілген. Бүгінгі күнгі Қарағанды қаласына ит оқшаулайтын 500 орын керек және сыйымдылығы осыншама мөлшердегі ғимарат тұрғызуға 330 млн теңге қаражат қажет. Мұндай көлемдегі ақшаны беруге бюджеттің қалтасы көтере ме? – деген сұраулы күмәнде, аймақтық ветеринария басқармасының басшысы.
Жауапкершілігі бұлыңғыр заңның тұрғындар өміріне пайдасы мардымсыз болып тұр. Соған қарағанда, қарағандылықтарды ұлардай шулатып отырған өзекті проблемаға нүкте қойылатын күн алыс секілді. Айтпақшы, жаңа заң қолданысқа енгеннен бері облыс орталығындағы шағым иелерінің саны 335-ке жетіп, 154 ит тиісті жазасын алған. Ашуға булыққан қаншама ит әлі төңіректегілерге қауіп төндіріп, еркіндікте жүр. Азулы арландардың санын анықтайтын арнайы мекеме жоқ. Жылына қанша ит күшіктейтінін және ешкім тап басып айта алмайды. Бір анығы, әр аналығы жылына 4-5 төлден әкеледі. Қалай болғанда да адуынды иттердің адамдарға иттігі күшейіп тұр. Ашынған төбеттер енді қанша адамға ауыз салар екен?