Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:28, 03 Қараша 2022

«Қаңғып келген шүрегей...»

None
None

Соғым маусымы кейбіреулердің ұйқысын бұзып жатқан сияқты. Ресейдегі мобилизациядан қашып келген эко-блогер Алексей Сибирский деген біреу қазақтардың жылқы сойғанына наразылық білдіріп, қоғамға үндеу тастапты.

Келмей жатып, төр менікі деген блогердің мұнысы, шынымен артық. Басқа елдің салт-дәстүріне қарсы шығудың астарында қандай пиғыл жатқанын түсіну қиын емес. Қазақ соғымға, ас пен тойға жылқы сояды. Жылқы қазақ үшін – мінсе көлік, ішсе сусын, жесе азық. Қазақ қазақ болғалы ат жалында келе жатқан көшпенді. Алексей Сибирский мұны бүгін ғана көріп, біліп отырған жоқ. Ресейдегі екі миллион қазақ жылқы жемейді деп кім айтты? Сибирский Сібірдегі түркі халықтарының жылқы соймайтынын білмейді десек, ақылға сыймас.

Эко-блогердің мұнысы жылқыға жаны ашығаннан шыққан жанайқайы емес. Егер, ол шынымен экологияның жанашыры болса, онда Ресей жалға алған Байқоңырдың экологиясы туралы неге бір ауыз үндеу жасамайды? Гептил төгілген даладағы көкжөтел жылқылардың мұңын неге жазбайды? Жыл сайын құлайтын «Протондардың» экологияға, адам денсаулығына келтіріп жатқан зардаптарын неге көрсетпейді?

Сибирскийдікі атақ шығарудың арзан амалы. Бір жағынан мұның астарында ел иесі қазақтарға көрсеткен қыры, мінезі жатыр. Жылқы сойылмасын деген Сибирский қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріне қарсы шығып отырғанын түсінуі керек. Дәстүрге қарсылықтың астарында елге, жерге, мемлекетке қарсылық бар. Қазақстанға жан сауғалап келген адам болса, қазақтардың арасына қалай сіңемін, ел иелеріне қалай құрмет көрсетемін дегенді ойлауы керек еді. Оның бойында қашып келген келімсектің мінезі жоқ. Келе салып дәстүріңе, өмір салтыңа қарсымын деу – бүлікшінің ісі.  

Сибирский эко-блогер ретінде Қазақстанға тез танылғысы келсе, тартылған Аралға барып, таусылып тұрып видео түсіруі керек еді. Тегін кеңес. Аралдың апатын айдай әлемге жариялағанда, қазақтар оны төбесіне көтереді. Жаратылысы бөлек Маңғыстау даласындағы экологиялық апаттарды санап тұрып видеоүндеу жасағанда, дүниені дүр сілкіндірер еді. Мұнайды сорған сайын соры шығып, жер астындағы тұщы су қоры азайып, құм басып бара жатқан ауылдардың тағдырын көрсеткенде, Сибирский «супер» блогер болар еді.

«Жас Алашта» жазылған жайдың жаңғырығы сибирскийлерге жететініне сенімдіміз. Ел иесі ретінде біздің ескертуімізді елінен қашып келген қай келімсек болса да, көкейіне тоқып жүрсін! Қазақстанға келе салып, төр менікі деу, қазақтардың елдің салт-дәстүріне қарсы шығу – елдікпен келген ердің ісі емес.

Тегтер: