Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 27 Шілде 2021

Қанша рет Алтайға көктем келіп, Жапырақ жайды ағаштар мен кеткелі

None
None

Тәңірім — ай,

Тағы қандай сынағың бар,

Саған қояр таусылмас сұрағым бар.

Пәлсәпә айтам өзімше кесіп — пішіп,

Күн астында менің де тұрағым бар.

Адам, адам болып жаралғалы,

Атыс — шабыс өмірден бар алғаны.

Әділетсіздіктің кесірі шығар мүмкін,

Пандемия індеттің таралғаны.

Неге бердің адамға арамдықты,

Жөнге салсаң күштісің шараң мықты.

Неге бердің айтшы сен о, құдайым,

Қанағаттың орнына сараңдықты.

Сонау өткен ықылым замандардан,

Қайғы кетіп көрмепті адамдардан.

Жер жұмағын таба алмай  Асан қайғы,

Қобызының үнімен алданды арман.

Адамдардың бірі қу, бірі момын,

Аңғармайды көбісі оң мен солын.

Сабақ алар түрі жоқ өткенінен,

Білсе дағы тарихтан өткен жолын.

Адамзаттың бар ойы қалса қарпып,

Күштілері әлсізден алса тартып.

Жемесе де қойларды қырып салған,

Түз тағысы қасқырдан неміз артық.

Жылтыраққа соншалық қызығамыз,

Әрбір тастың тарихын қылып аңыз.

Алтын, күміс санаға билік етіп,

Жансыз тастың буына жығыламыз.

Жетегіне нәпсінің байланыппыз,

Түсінбеймін біз өзі қай қалықпыз.

Қарыз алып ақшаны тойға жұмсап,

Кредиттің құлына айналыппыз.

Тізгін ұстар хандардың түрі анау,

Бұйырғаны халыққа тиын санау.

Уәзірлері бірі — би, бірі ‐ қожа,

Бар мақсаты елі мен жерін тонау.

Амал қанша еріксіз тырбаңдаймыз,

Биік жардың шетінде тұрғандаймыз.

Гармония ауылы алыс бізден,

Әділетсіз қоғамды құрғандаймыз.

                                   ****

Шүйлікпесем дауыл боп,

Сіркіремесем жауын боп,

Тұра алмасам алыста,

Мұнардай биік тауың боп,

Ақындықтан не пайда?

Өзгеше күйге енбесем,

Махаббатқа сенбесем,

Мақсат қойып алдыма,

Өзімді өзім жеңбесем,

Ақындықтан не пайда?

Сағынбасам ауылды,

Бірге өскен қауымды,

Құлақ таппай естірге,

Айта алмасам дауымды,

Ақындықтан не пайда?

Сұлулықты көрмесем,

Жырдан жұмақ өрмесем,

Шықпай жатып менікі,

Төбедегі төр десем,

Ақындықтан не пайда?

Миым ашып талмасам,

Бос жатысты жалғасам,

Кеше кеткен қатемді,

Бүгін түзей алмасам,

Ақындықтан не пайда?

***

Жетемін деп табысқа,

Қанат байлап алысқа,

Кеткен едік ауылдан,

Түскендей ұлы жарысқа.

Балалықты қалдырдық,

Тау ішінде алыста.

Сол күндер саған таныс па?

Таудан өзен сарқырап,

Ағатын еді арқырап.

Тұрушы еді жұлдыздар,

Жол көрсетіп жарқырап.

Ең алғашқы махаббат,

Оянған еді қалтырап.

Сол сезім саған таныс па?

Ағарып таң ататын,

Қызарып күн бататын.

Ошақтан шыққан көк түтін,

Ашытып көзді жататын.

Ойын қуып күнімен,

Сезіндік өмір рахатын.

Сол өмір саған таныс па?

Есіңде ме көктемде,

Күн нұрын жерге төккенде,

Ағушы еді  мың бұлақ,

Көбесін қардың сөккенде.

Иісі аңқып шығатын,

Жуаны басып өткенде.

Сол күндер енді алыс па?

Шаңында қалып дүрмектің,

Балаша әлі күлмеппін.

Сағымдай болып бұлдырап,

Өтерін өмір білмеппін.

Жүйткімейді неліктен күңіл пырақ,

Қайшылықтар алаңы өмір сұрақ.

Ақылдылар өмірде көп болғанмен,

Адал жолда жүргені аз ақ бірақ.

Болмаған соң тектілер өмір жұтаң,

Ел басқарып жүр бүгін құл мен құтан,

Өздеріне ыңғайлап заң жазады,

Айтқандары өтірік, бір ақ тұтам.

Сұр өмірдің шырайы, сиқы кетті,

Өр халықты бөлшектеп қиқым етті.

Иілмеген бастарын төмен салып,

Оянбастай мәңгілік ұйқы жетті.

Халық едік қашаннан тойға құмар,

Жері ғана қазаққа бойға тұмар.

Мына сатқын биліктің көздегені,

Қазақ жерін сататын ойлары бар.

Қайдасыңдар оқыған асыл жастар,

Кенде емес қазақта ақыл, бас бар.

Құдайым — ай күш берші тым болмаса,

Арам тамақ биттерді сілкіп тастар.

Мен саған өмір ғашықпын.

Алпыстан жасым асса да,

Ұстатпай жастық қашса да,

Аларым көп өмірден,  ...

Кәрілік есік ашса да.

«Дәл қазір алып кетем» — деп,

Тәңірім өкім жазса да.

Мен сені — өмір, сүйемін,

Ыстығыңа күйемін.

Алтайдай асқар тауыма.

Басымды төмен иемін.

Кіреді таулар түсіме,

Өркешіндей түйенің.

Мен сені — өмір, қимаймын,

Әр күнімді сыйлаймын.

Еріксіз көзге жас келсе,

Аға берсін тыймаймын!

Бақ өсіріп, дән сеуіп,

Жемісін әлі жыйнаймын.

Мен саған өмір ғашықпын,

Армандар әлі қашық тым.

Ертеңгі күнді көруге,

Таң бозынан асықтым.

Қиындықпен қорқытып,

Демеймін өмір жасыттың!

Өмір өзі қызық- ә, байқаймысың.

Дүние шіркін толассыз айқаймысың,

Жылатып ап күлдірер сайқалмысың.

Тамсандырар толғантып, әнге бөлеп,

Өмір өзі қызық — ә, байқаймысың?

Төңкеріліп дүние самғайды уақыт,

Жүрісінен ешқашан танбайды уақыт.

Жолың болмай болдырсаң бүгініңнен,

Үміт беріп әркімді алдайды уақыт.

Ащы менен тұщының дәмін берген,

Қуаныш пен қайғының бәрін берген.

Мың асқанға бір тосқан өзі келіп,

Ынсапсызға тәңірдің кәрін берген.

Бір міні жоқ дүниенің келбетінде,

Көк аспанда, мұхитта, жер бетінде.

Үстемдігін көрсетіп мықтылары,

Әлсіздерін жылатып шерді етуде.

Төрт құбыла ешқашан тең болмаған,

Сұлулықтан жер беті кем болмаған.

Небір ғажап жерлер бар, көрсе шіркін,

Өңім түгіл түсімде мен болмаған!

Әлде бір күш жетекке шақырғандай,

Ой кемесі таңымды атырғандай.

Қиял құстың қанаты талар емес,

Ай — жұлдызға тіреліп жатыр маңдай.

 Апырай,

Бұл несі екен көңілдің селт еткені,

Күн шығыстан бір әуен кеп жеткені.

Қанша рет Алтайға көктем келіп,

Жапырақ жайды ағаштар мен кеткелі.

Күн еңкейіп жиектен асқан шағар,

Бұқтырма да ашуын басқан шығар.

Баласына "әйтеуір бір келер"- деп,

Туған жерім құшағын ашқан шығар.

Күн үңіліп, түн түңіліп қарайтын,

Таудан асып жалпақ бетке тарайтын,

Таң шапағы нұрға бөлеп әлемді,

Пейзаж еді жұмақ жерге балайтын.

Балғын қайың биіктеп толған шығар,

Талай шыбық көктемей солған шығар.

Таңғы шәйі секілді көк майсаның,

Гүл үстіне мөлдір шық қонған шығар.

Білмеймін, ана өмірде бар ма жұмақ,

Дау туғызар ол да бір үлкен сұрақ.

Туған жерім мекенім жер жәннаты,

Әке — шеше, туыстар тапқан тұрақ.

****

 Өзіңдікін дәлелдеп қылқынатын,

Өтті жастық булығып бұлқынатын.

Қайда қалды от мінез бала кезгі,

Қырылысып, қызарып, жұлқынатын.

Жүрек тулап кеудеде сыр тұнатын,

Шыға алмай іркіліп жыр тұратын.

Сезім қайда шынымен басылды ма,

Қиялға еріп аспанға ұмтылатын.

Арман қайда әуелеп асқақтаған,

Толғаныстан бойыңа ас батпаған.

Сүрінсең де мойымай алға ұмтылып,

Жетелейтін жаңадан бастап қадам.

Күндер қайда арайлы, шапағатты,

Сағынамын көз көрген жамағатты.

Ақ қағазға ойыңды сыйдыра алмай,

Түніменен жырлайтын махаббатты

Өте шықты жастық шақ демде міне.

Шүкір Алла бұл жасқа келгеніме.

Рахмет саған өмірім маған берген,

Шаппасам да аяңдап желгеніме.

Талай адам өмірден кетіп жатыр,

Рахмет өмір,

Таң шапағын тағы да көргеніме!

 Жасы келген жол үстінде тұр адам,

Қолын жайып елден көмек сұраған.

Жоғын жоқтап түгендейтін халықтың,

Өкіметте бар ма өзі бір адам?

Қымбаттады өмір сүру бағасы,

Аш отыр- ау, баласы мен  шағасы.

Болса егер өкіметтен бір пайда,

Тұрар ма еді жол үстінде ағасы?

Бір жағынан індет қысып халықты,

Енді міне жұт жақындап қалыпты.

Түйе байғұс шөп орнына қағаз жеп,

Өркештері май жыйнамай талыпты.

Қымбатшылық тепкілеп тұр бүірден,

Басымызда дырау қамшы үйірген.

Күн де туар, ей шенеунік біліп қой,

Қанатармын мұрыныңды шүйірген.

Бірде айтыс, бірде тартыс бітпейтін,

Жүгі ауыр бұл өмірдің жүктейтін.

Тоқтатуға шамамыз жоқ уақытты,

Үлгермесем мені тоқтап күт дейтін.

Қара бұлтты жарып тағы күн шығар,

Жауыздардың үні шықпай тұншығар.

Селт еткізіп сара жолға салатын,

Мына күндер тағы да бір сын шығар.

 Алпыстан асып барамыз,

Қайталанбас дарамыз.

Сырласамыз хат жазып,

Алыс та болса арамыз.

Өмірден озып кей досым,

Жазылмай жүр жарамыз.

Пейіште болсын жандары,

Тілеген тілек шарамыз.

Тірілерге ғұмыр бер,

Суымасын арамыз.

Алабұрқан көңілі,

Біз әлі де баламыз.

Ойланбай айта салатын,

Баяғыдай шаламыз.

Қиындықты мойымай,

Бағындырып аламыз.

Қоштасқанша өмірмен,

Осылайша қаламыз.

Сыйластықты ту етіп,

Оттай лаулап жанамыз.

Айырмасы тек қана,

Өсіп толды санамыз.

Тегтер: