Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:44, 28 Маусым 2022

Қант қайда кеткен?

None
None

Қазыналы қалада қант қат тағамға айналды

 Апта бұрын ірі супермаркеттерде құмшекердің келісі 570 теңге тұрса, кіші дүкендер алыпсатарлық жолмен қанттың бағасын 600-ден асырып, 700 теңгеге тақатып, сатты.

Қаладағы тиісті ведомство өкілдері қанттың қоры жеткілікті, деп жауырға жаба тоқыса, халық әлі күнге дейін сауда нүктелерінен құмшекер таппай, шапқылап жүр. Алған да, алмаған да арманда.

– Қантқа бола таңмен таласа тұрып, біраз супермаркеттерді аралап шықтым. Әйтеуір, іздегенімді біреуінен таптым, келісін 570 теңгеден алдым. Тағы бір аңғарғаным, дүкен алдында үймелеген жұрт. Мұндайды біраздан бері көрмеп едім, – дейді Арай Алпамысқызы.

– Кеше кешкісін базардан бір жәшік құлпынай әкеліп, мұздатқышқа әрең сыйғызып, салып қойғам. Енді жағалай жүгіріп, қант таппай, дал боп жүрмін. Төңіректегі дүкендерді түгел шолып шықтым. Мейлі, 700 теңгеден асса да, «нар тәуекел!» деп алуға бел байладым, – деді қала тұрғыны Мәриям Хасенова.

– Биыл тосап қайнатпауға шешім қабылдадым. Жылда ақшамды үнемдеп, балаларға он шақты банке тосап жабатын едім. Небәрі бір келі жидек алу үшін 700 теңге шығару мен үшін қисынсыз. Ол балаларымның екі күндік нанының ақшасы, – дейді көпбалалы ана Мәдина.

Кеншілер қаласындағы көк базарда жеміс-жидектің саудасы қызып тұр. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы дөп келді» дегендей, биыл жылы жақтан келетін жеміс-жидек легі тоқтаусыз ағылуда. Әсіресе торсықтай құлпынайлар мен үлбіреген шиелер көздің жауын алып, қу құлқынның құмарын оятуда.

Арқа жұртының жанарын жаулаған ерте піскен жеміс-жидектердің нарқы да удай. Шиенің келісі 2500 мың теңге болса, құлпынайдың бағасы 1500 мың теңгеге тіреліп тұр. Бірақ соған қарамастан, жемістен тарыққан қарағандылықтар жомарт табиғаттың жемісін бәрібір алып жатыр.

Кімдікі ақиқат? Он күн бұрын Қарағанды қалалық кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Абзал Рахымбаевқа қоңырау шалып, ақ тағамның азаюы мен бағасының шарықтау себебін сұраған едік. Сондағы жауабы мынау болды:

– Бүгінде Қарағандыда 600 тоннаға жуық қант бар, келуінде іркіліс жоқ. Екі апта бұрын екі вагон қант мезгілінде жеткізілмей қалғандықтан, тапшылық болған еді. Негізі, құмшекерді «ажиотажға» айналдырып отырған халықтың өзі. Көктемде ел арасында «жазда қант болмайды» деген жалған сыбыс тарады. Қайсібіреулер сол кезде үйлеріне қап-қабымен қант тасып алды. Оның үстіне, серіктес қалалар мен аудандардан келушілер Қарағандының сауда орындарына ауыз салуда. Күн сайын өзіміздегі көтерме базарлардан қаланың ірі дүкендеріне қант 500 теңгеден жөнелтіліп жатыр. Онда келісі 530-580 теңгеден тұр. Заң бойынша супермаркеттер тауарға 10 пайыз үстемақы қосуға құқылы. Ал кішігірім дүкендердің көбі осы сауда орындарынан алады, – деген еді бізге ресми ведомствоның қызметкері.

Қош делік. Кеше әлеуметтік желіден қантқа таласқан қала тұрғындарының талапайын тамашаладық. Бейнебаянды әріптесіміз Диана Сапар жолдапты. Онда Ә. Бөкейхан атындағы ауданның 13-шағын ауданындағы «Аян» супермаркетінде сөреге қойылған қантқа жапа-тармағай лап қойған жамағаттың қылығы таспаға түскен. Айналдырған аз уақыттың ішінде халық қанттың ту-талақайын шығарып, жоқ қылды. Тап, Уильям Голдингтің «Шыбындар әміршісі» романындағы ағылшын аралында қалып қойған балалардың доңыздың сүйегіне тартысқан көрінісін көз алдыңа елестетеді. Бірақ осы видео өтірік пен шынның аражігін анықтап бергендей.

Тегтер: