Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:25, 04 Ақпан 2022

Қаңтар дауылынан кейін

None
None

Қаңтардағы бүлікшіліктің өткеніне де бір айдың жүзі болды. Жұрттың бәріне аян алдымен 3 қаңтарда Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың шырқап кеткен бағасын 50 теңгеге түсіру жөнінде митинг болды.

Халық айтқан талабынан қайтпай тұрып алған соң  Үкімет амалсыз келісімге келді.Бұл дегеніңіз сол кездегі үкіметтің халықтың әлеуметтік жағдайынан мүлдем бейхабар екендігін дәлелдеп берді. Яғни Үкімет қарапайым халықтан әбден қол үзіп, ат төбеліндей (162 адам) олигархтардың мүддесіне қызмет етіп кеткен. Олай дейтініміз қазақтың мұнайы мен газы әлдебір (әрине біз олардың кім екенін іштей сеземіз) байшыкештердің қолында.Жаңаөзендегі бейбіт шеруге шығушыларды қолдаймыз деп 4 қаңтар күні Қазақстанның 11 аймағы көшеге шықты.Әсіресе, Алматыда орталық алаңға жиналған қисапсыз көп халық биліктің зәресін кетірді. Біз бірнеше адам халықтың алдына шығып сөз сөйлеп, оларды тыныштандыру мақсатымен түнгі сағат 23.00-де алаңға келдік… Алайда сол кез көз ашытатын газ атыла бастады да алаңдағы дені жастар шерушілер бытырай қашып, Желтоқсан көшесінің бойына жөңкіле кетіп бара жатты.Ал 5 қаңтардың таңында Алматыда бүлікшілік басталды. Кімнің бейбіт шеруші, кімнің ұры-қары, бұзық, тонаушы, терррист екенін айырып білу мүмкін болмай қалды. Бүлікшілер қала әкімдігінің ғимаратына, президент резиденциясына кіріп, өрт қойды. Қаладағы тәртіпсіздікті тоқтату үшін қосымша әскери күш керек болды. Өйткені, сол күні түс қайтқанға дейін құқық қорғаушылардың қолдарында қалқаннан басқа қару болған жоқ. Әсіресе әскери оқу орындарының ауыздарынан әлі уыз кеппеген жап-жас курсанттары әбден еліріп алған бүлікшілердің құрбанына айналды, оларды тыржалаңаш шешіндіріп, мазақ қылды, өлтірді, бастарын кесіп алды.Түс қайта президент Қасым-Жомарт Тоқаев сағат 16.00-дің шамасында халыққа үндеу тастап, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын өзі алып, мына келеңсіздік пен тәртіпсіздікті, қанішерлікті тоқтату үшін қатаң шара қолданатынын, елге бітімгершілік әскерін шақыртқанын мәлімдеді.Меніңше осы мәлімдеме дұрыс шешім болды. Өйткені президентіміз дер кезінде ешкімге алаңдамай әділ де, қатаң шешім қабылдамағанда жағдай немен аяқталатыны беймәлім еді. Сондықтан да біз ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда бар жауапкершілікті өз мойнына алып, басына түскен ауыртпалыққа қасқая қарсы тұра білген Мемлекет басшысының бұл ерлігіне риза екендігімізді айта кеткен де абзал.Ал осы қасыретті екі күнде бүкіл қазақ халқының алтын бесігі,   Алматының ұйқы- тұйқысы шықты, талай әсем ғимараттар отқа оранды, банктер мен көптеген сауда орындары тоналды. Әрине, осының бәрін істеп жүрген тек қана террористер десек қате болар еді. Көшеге шыққандардың біразы ұрлықшы, зорлықшыл тобырға лесіп кеткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Есігі бұзылып, иесіз қалған дүкендерге қымбат көліктерімен келіп, үстеріне қымбат құндыз тон киген жап-жас келіншектер асықпай-үсікпей заттарды, киім-кешектерін тонағанын көргендер «біздің халыққа не болған?» деп жағасын ұстағаны да жасырын емес.Иә, біздің халқымызға не болған?! Ықылым заманнан ата-бабамыздың: «Біреудің ала жібін аттама», «Үлкеннің алдын кеспе», сөзін жерге тастама», «Кісі ақысын жеме» деген ырым-тиымы, қасиетті ұлттық тәрбиесі қайда? Бұл дегеніңіз қазақ қоғамы: халық пен үкімет жас ұрпақ тәрбиесін әлдеқашан ұмытқан деген сөз. Демек, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру барысында түбегейлі реформа жасауға кіріскен президентіміз саясатпен экономикадағы келеңсіздіктердің тамырына балта шабумен қатар, жас ұрпақ тәрбиесіне де алдымен көңіл бөлгені абзал. Ол үшін Қазақстандағы қазақ және орыс, сонымен қатар ұсақ ұлт мектептеріне ортақ ұлттық тәрбие беретін бағдарлама жасаудың уақыты әлдеқашан жетті деп ойлаймын. Барлық мектептегі Қазақстан оқушылары отансүйгіштік рухында бірдей тәрбие алуға тиіс. Демек, ұлттың тәрбие пәнінің концепциясы жасалып, халқымыздың жас ұрпақты тәрбиелеудегі ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесін осы оқулыққа енгізсе кәне! Бұған қоса қазақ халқы үлкенін сыйлаған, дуалы ауыз ақсақалдарын қадірлеген, ендеше қоғамдық негізде саясатқа араласпайтын тек қана жас ұрпақ тәрбиесімен айналысатын Ақсақалдар институтын неге кіргізбеске! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында: «Реформалардың мәні адамдарды өзгерту емес. Реформалар ең алдымен, жүйені өзгерту немесе жүйенің кемшіліктерін түзетіп, оның қызметіне түбегейлі өзгерістер енгізу деген сөз» деген жарқын ой айтты. Меніңше, бұл қазақ қоғамы 30 жылдан бері асыға күтіп жүрген киелі сөз. Жүйені өзгерту деген сөз «Жаңа Қазақстанды» өзгерту деген қасиетті ұғым емес пе?! Соңғы аптада биік лауазымды адамдардың біразы жұмыстарынан кетті. Бұл-дағы есіміздегі жаңа реформалардың  бастауы болса керек. Бұның бәрі қаңтар трагедиясынан кейінгі президентіміздің игі шаралары.Осы тұрғыда «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорынан да көп үміт күтеміз. Өйткені бұл қорға салым салатын ірі кәсіпкерлер. Жасыратын несі бар, ақшалы қазақтардың өз халқын ұмытқаны қашан. Шынында да қарапайым халық пен байлардың арасы тым алшақтап кетті. Әсіресе ауыл мектептерінде оқитын балалардың басқа елдерде оқу мүмкіндігі шектеулі. Ал техникалық жоғары оқу орындарында оқуға ауыл балаларын тартудың тура жолы осы қор болса керек.Қаңтар трагедиясынан кейін бүлікшілікке қатысқан талай жастар тергеліп жатыр. Осыған орай жазықсыздарды босатыңдар деген талаптар жиі айтылуда. Бұндай үндеулерді бәріміз де қолдаймыз. Алайда кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін анықтау үшін де уақыт қажет қой.Тергеу жұмысының әділдігін бақылау үшін белгілі құқық қорғаушылардан құрылған қоғамдық комиссияның жұмысына біз бәріміз қолдау көрсетіп, көмектескеніміз абзал. Қаңтар трагедиясынан кейін қазақ зиялыларының да ойланатын тұстары көп сияқты. Әсіресе соңғы кезде белгілі тұлғаларға табыну, мақтау, мадақ арнау, жағынып кітап жазу, бірінен-бірі асыру, сөйлеу қазақ зиялыларының үйреншікті әдетіне айналып кеткенін қалай жасырамыз. Сондай біз білетін жағымпаздардың күні кеше өз айтқандарынан өздері құтыла алмай шәт-шәлекейлері шықты емес пе.Қазақ ақын-жазушыларының осал тұстарын өте жақсы білетін президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің «Мадаққа қалай қарайсыз? деген сұрағына: Мен бұған қарсымын. Өйткені мақтау, мадақтау сөздері мүлдем жоқ ортада өстім. Мен мұндай жағдайларды қолдамаймын. Мақтау сөздерге «табиғи иммунитетім бар дей аламын» деп жауап берді. Демек қазақ зиялыларының да рухани жаңғыратын уақыты жетті ғой деп ойлаймын. «Мен саясаткер емеспін, еркін адаммын» деп ұлы Виктор Гюго айтқандай бізге де еркіндік керек емес пе?..

Тегтер: