Қаңтар оқиғасы: Прокуратура қаза тапқандардың санын айтты
Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқандардың ресми санына құқық қорғау органдарының азаптауынан қайтыс болғандар кірмеген.
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, — деп хабарлайды `Жас Алаш" Tengrinews.kz сілтеме жасап.
«Біздегі бар ресми ақпарат бойынша 232 адам қаза болды. Біз қылмыстық қудалау органымыз ғой, жеке жұмыс істейміз. (...) Қаңтардағы оқиға кезінде қызметкерлердің заңсыз іс-әрекеттерінен, қылмыскерлердің іс-әрекеттерінен қаза тапқан адамдар бар. Мен қазір нақты санын айта алмаймын. (...) Азаптаудан қайтыс болғандардың жеке тізімі бар, дәл қазір нақты саны есімде жоқ», — деді Шындалиев.
«Азаптаудан 6 адам, барлығы 238 адам қайтыс болды деген ақпарат бар. Рас па», — деп сұрады журналист.
«Иә. Қаңтар оқиғасы кезінде — 232, азаптаудан 6 адам қаза болды», — деп мойындады Бас прокурордың орынбасары.
Осылайша, қаңтардағы тәртіпсіздіктерден қаза тапқандардың ресми саны өсті. Сондай-ақ, Шындалиев құқық қорғау органдарында 15 адам күдікті деп танылғанын айтты.
«9 адам қамауға алынды. Сегіз адам — ҰҚК қызметкері, біреуі — полицей. Олардың арасында Ұлттық ұлан қызметкерлері жоқ, тек ҰҚК мен полиция қызметкерлері бар», — деді ол.
Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталды.