«Қаңтар қасіретін» жасаған «Йақын инкар» қандай ұйым?
Жұрт боп жанығып жүріп қаңтар қасіретіне кінәлілерді таптық-ау, ақыры! Сөйтсек, қаламызға от қойып, даламызға оқ боратып жүргендер әлдебір діни ұйым өкілдері екен.
Құзырлы орган солай деді. Қанды қаңтарды жасаған діни ұйымның аты «Йақын инкар» тобы деп ресми мәлімдеді. Бірақ бұл ұйым осыдан 4 жыл бұрын экстремистік деп танылып, қызметін тоқтатқан көрінеді.
Қ.Тоқаев оқиға кезінде Алматыда жиырма мың терроршының болғаны туралы айтқан болатын-ды. Ал Ақорда «Алматы мен Талдықорғанның, Шымкент пен Тараздың ту-талақайын шығарғандар терроршылдар» деген ресми мәлімдеме жасады.
Сол-ақ екен, жұрт жаппай лаңкес іздеп кетсін. Халық сәләфтер мен уаһабтардан көрді. Тіпті, теке сақал қойып, мұртын қырып тастайтын, бір саусағын ішіне бүгіп жүрген сәләф-уаһабтардың тізімін жасап, серкелерін де атап жатты.
Бірақ бейбіт жиынмен басталған берекесіздіктің басты кінәлілері жұрт ойлағандай болмай шықты. Қанды қаңтарды ұйымдастырған ҰҚК-нің басшысы Кәрім Мәсімов болды да, қару асынып оқ атқан, қалаларға от қойғандар «Йақын инкар» діни ұйымы деп аталды. Мәсімовке ешкімнің жаны ауырған жоқ. Қайта мемлекетке жасаған опасыздығы мен төңкерісті ұйымдастырған сатқындығы үшін жұрт жаппай айыптады. Ал от қойып, оқ атқан «Йақын инкар» діни ұйымынан ешкім мұндай жауыздық күтпегені анық. Тіпті, дінтанушылардан басқа қауым Қазақстанда ондай діни ұйымның барынан бейхабар болып шықсын. Сәләф пен уаһабтарды ит қосып қууға дайын отырған халық қаңтар қасіретін ұйымдастырғандар «Йақын инкар» ұйымы дегенге аса сенгісі келмегендей, кейіп танытты. Әлі де солай…
Сонда ойда жоқта пайда болған, террорлық топ ретінде танылған «Йақын инкар» қандай ұйым? Серкесі кім? Қайдан шыққан, мақсаты не? Қазір барша жұрттың көкейіндегі осы бір сұрақ.
Тақырыпты тарату үшін дінтанушыларға хабарластық. Тұрарбек Құсайыновтың айтуынша, «Йақын инкар» ұйымының мақсаты қан төгу емес, олардың өмірлік философиясы білім алу, іздену. Осылай деген дінтанушы билік бәрін қырғыздарға жапқысы келетінін меңзеді. Ол: «Таблиғ/Йақын инкар» жамағатының базасы Қырғызстанда орналасқан. Бұл ислами идеологияның ұстанымы тұп-тура біздегі мүфтияттың діни платформасы, яғни, діни сенімде (ақида) матуриди, мазхабы (фикх) Әбу-Ханифа, ал мистикалық-рухани жолы суфизм» — деп түсіндірді. Дінтанушы: «Сопылық жолдағы пәкістандық діни ағымды, меніңше, Назарбаев әулеті өздерінің спецоперациялық саяси жобасына мейлінше, пайдаланғаны көрініп тұр. Менің субъективті пікірім аталмыш индо-пәкістандық діни-саяси ұйым болып табылатын, Таблиғ/Йақын инкардың Қырғызстанда көп болуы және қырғыз билігінің бұл діни жамағатқа лоялды екенін ескерсек, Қазақстан билігі жақын шет елден келген террористер деп бар кінәні солардың мойнына ілмекші. Сонда талай әлемде теракт пен жарылыс ұйымдастырған сәләфизм-уахабизм идеологиясын ұстанатын біздің азаматтар қайда қалды?» — деген заңды сұрақпен аяқтады сөзін.
Сонымен, Йақын инкар қандай ұйым болды? Біздің зерттеу нысанамызға ілінген деректер де Т.Құсайыновтың пікірімен сарындас. Таблиғи жамағат – Мұхаммед Ілияс Кандеһләуи есімді дін ғұламасының 1926 жылы Үндістанда құрған ағымы көрінеді. Әуелде олар исламға шақыру, исламды тарату мақсатында құрылған. Ағым өкілдері дін таратуға 3 күнге, бір жетіге, 40 күнге шығып, елді мекендерді аралап, уағыз айтумен айналысады екен. Діни ұйымның негізін қалаушылар сопылық тариқаттардың өкілі болып есептеледі, матуриди сенімін ұстанады.
Бас прокуратураның жариялаған мәліметіне қарағанда, діни ұйым Қырғызстанда да экстремистік деп танылыпты. Бірақ бізге берген сұхбатында әлеуметтану ғылымының кандидаты Талғат Жақиянов бұл пікірге мүлде қайшы дерек келтірді. Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінің бірқатарында тыйым салынғанымен, таблиғ жамағаттарына Қырғызстанда барлық еркіндік берілген. Талғат Жақиянов қаңтар қырғынын жасаған радикалдардың ішінде Үндістаннан, Пәкістаннан, Ауғанстаннан келген басбұзарлардың болғанын растады.
Біз Таблиғ/Йақын инкар ұйымы деп жатырмыз. Көпшілік қауым олардың сырт келбетінде қандай да бір ерекшелік болатынын білгісі келеді, бұл анық әңгіме. Әлеуметтанушы олардың ауғанстандықтар сияқты киінетінін, бірақ сырт келбетіне қарап, азаматтардың діни ұстанымын айырудың қиын әрі дұрыс емес екенін жеткізді. Өйткені, сәләфиттер сияқты кейбір ағымның жамағаттары өз мүдделері үшін бір-ақ сәтте сақал-мұртын қырып тастап, кәстөм-шалбар киіп, шыға келетін көрінеді.
Т.Жақиянов бізге тағы бір қызық дерек келтірді. Ол: «Халықаралық тәжірибені қарайтын болсақ, сәләфиттердің 70 пайызы таблиғтардан шығады. ІІМ-гі лауазымды адам таблиғшыларды күзет полкіне жинаған. Бұл өте қауіпті қадам» дегенді айтты. Сәләфиттер демекші, әлеуметтанушы олардың техникалық салаға өте бейім болып келетінін, ұялы телефон сатумен, жөндеумен айналысатындарын, көлік және автобөлшектер саудасында да солардың саны басым екенін ескертті. Қазақстанда олар садақ ату, күрес, ат спортына көбірек шоғырланғанын да тілге тиек етті...
Алматының астан-кестеңін шығарған қанды қаңтарды сәләфиттер емес, «Таблиғи Жамағат» экстремистік ұйымының негізінде құрылған «Йақын Инкардың» басбұзарлары жасағанын әңгіме басында айттық. Тіпті, халық әлі күнге дейін атын көп ести бермейтін таблиғшылардың төңкеріс жасауға ұмтылғанына сенбейтінін де ескерттік. Бірақ ресми билік қанды қаңтарға соларды кінәлі деп тапты. Бас прокуратураның сайтында бұл ұйымға 2018 жылы тыйым салынғанын ескерсек, олардың мұндай үлкен ауқымда төңкеріс жасауға ұмтылуы ақылға сыймайтын сыңайлы. Мұнда да қарапайым халық түсінбейтін бір жұмбақ бар сияқты. Қазақта «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылыпты» дейтін жақсы сөз бар. Қоғамда «Йақын инкар» жамағаты шелек жалап қалды ма деген күдік басым.