Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:58, 03 Ақпан 2022

Қаңтар қасіретіне кім кінәлі?

None
None

Қаңтар қасіретіне қатысты ақпарат тым аз. Бірақ қоғамда бұл оқиға бойынша бірнеше фактор қарастырылады.

Көпшілік әлеуметтік-экономикалық жағдайды келтіреді, бұл сөздің де жаны бар. Сосын террористік шабуыл мен төңкеріс әрекеті жасалды дейді, бірақ меніңше ең негізгі себеп – екі элитаның арасындағы, керек десеңіз екі басшының арасындағы өзара текетірес, дейді шығыстанушы Александр Князев «ZonaKZ» интернет газетінде.

Өйткені билік транзитінің моделі өте сәтсіз болып шықты, біз екі жыл бойы екі президенттің қайсысы шын президент екенін түсінбей келдік. Отыз жылдың ішінде Қазақстанда өсіп-өнген компрадорлық элиталар өзара мүдделер қақтығысына тап болды.

– 20 мың деп мәлімделген саны тым күмәнді, бірақ лаңкестер болды. Ары кетсе – 200-300 адам. Төңкеріске басты себеп болған олар емес, олар тек қалыптасқан тұрақсыздықты ушықтыру үшін пайдаланылған сияқты. Сырттан келген күш емес, меніңше 30 жылдың ішінде Қазақстанның өзінің радикалды топтары «тәрбиеленді». Тауда қарулы жасақ дайындалатын лагерь көрдік деген әңгімелер бұрын да талай рет болған. Әсіресе Алматы тауында қорықшыны өлтіру, Арқанкерген қырғыны сияқты оқиғаларға байланысты. Алматыдағы бүлікке де сондай топтардың қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Өзім Алматыда тұрған кезімде Қазақстанның оңтүстігінде немесе анау Шамалғанда салафиттер қауымдастығының ордасы бар дегендей сыбыстарды еститінмін. Ел олардың бақылаушысы Қайрат Сатыбалды деп айтатын. Шынымен де сырттан содыр тасып әкелу деген қиын шаруа. Ол үшін құжаттар керек, қанша жерден нашар болса да, шекаралық бақылау бар дегендей. Енді біреулер Ауғанстанмен байланыстырып жатыр, бірақ оның дәлелі қайда? Соңғы 30 жылдың ішінде Орталық Азияға жатқызылатын бес республиканың біреуінде ғана радикалды ұстанымдарын насихаттаған Ауғанстан азаматы ұсталған. Қазақстанда бір ғана адам. Қалған жағдайлардың бәрінде ұсталғандардың ешқайсысы Ауғанстан азаматы болған емес еді. Олар – Түркия, Пәкістан, араб елдерінің адамдары болған. Меніңше, өзінің үлкен сұхбатында президент Тоқаев Алматыға содырлардың ірі тобы ұшып келді деп асығыс айтып жіберді. Бұрынғы дипломат үшін бұл біршама дипломатты емес мәлімдеме болмаса да, ол нақты қанша және қайдан келгенін айтуы керек еді немесе бұл туралы мүлдем айтпауы керек еді. Өйткені мұндай сөздер Қазақстаннан тыс жерлерде көп қауесет туғызады және президенттің аузынан шыққан сөздер мен ресми мәлімделерге деген сенім деңгейін төмендетеді. Меніңше, әлгі «террористер» Қазақстанның өз адамдары.

Кім кінәлі десеңіз, өткен 30 жылдарда элитаның бұрынғы президентпен байланысы бар тобы кінәлі. Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағы жүйеде экономиканың өте әділетсіз моделі құрылды. Толықтай шикізатқа тәуелді болашағы жоқ. Қазір әрине оны қайта қарастыру керек. Қазақстанның жаңа билігіне әлеуметтік салаға бағытталған экономикалық дамудың жаңа моделін құру қажет. Екіншіден, транзит толықтай аяқталып жатқанын, енді бұрынғыдай болмайды дегенмен келіскісі келмеген әлгі элиталық топтың тұяқ серпіген түрі бұл.

Қазақстанда қаңтар қасіреті қайталанбасын десек, бір адамның өз билігін бекіту үшін лауазымдар мен атақтарды өз туысқандарына бөліп беруі мен сыбайлас жемқорлықты осымен доғару керек. Әйтпесе, осы екеуі бүкіл саяси жүйеге негіз болып келді. Бұл Қазақстан үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Саяси жүйе өзгеруі керек, енді бәрі ашық болғаны дұрыс. ҰҚК басшылығына қандай айыптар тағылып отырғанын ескеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін толығымен өзгерту қажет. Көрші Өзбекстанның жақсы мысалын келтіруге болады. Оларда бұрынғы президент тұсында ҰҚК мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты, бәрін бақылайтын құзіреті шексіз орган болып келген. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінде де шамамен соған ұқсас мәртебе болды. Өзбекстанда билік ауысқан соң ҰҚК-нің атауы өзгертіліп, көптеген құзыреттері тартып алынды. Мәселен, ҰҚК тергеу жұмыстарымен айналыспауы керек деді. Ресейде мысалы, тергеумен Тергеу комитеті деген жеке орган айналысады. Сосын ҰҚК-нің құзыретіне экономикалық қылмыстармен байланысты істер немесе сыбайлас жемқорлық істері қаншалықты керек? ҰҚК армияны немесе ІІМ-ін бақыламауы керек. Ондайда моральдық қасиеттері төмен басшылар бар билікті өзіне қарай тартуға тырысады. 2016 жылдың күзінде Өзбекстанда да мемлекеттік төңкеріс жасала жаздады. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі төрағасының бірінші орынбасары Шухрат Гулямов төңкеріс жасап, билікке келмек болды. Бірақ МҚК басшылығы билікті Шавкат Мирзиеевке тапсыру жөнінде нақты кепілдік беріп қойған соң, төңкеріс жүзеге аспай қалған. Сосын Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жаңа атыстардың да Қазақстандағы оқиғаға еш қатысы жоқ. Бұл мүлдем бөлек тақырып, ол екі ел арасында шиеленіс бірінші рет емес. Совет одағы тарағаннан бері қырқысып келеді. Екі республиканың басшылары мәселені реттеуге қауқарсыз, тіпті оны өздерінің ішкі мақсатында пайдалануда, – деген екен сарапшы.

Тегтер: