Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:25, 11 Ақпан 2022

«Қаңтар қырғыны» сабақ болуы тиіс

None
None

      Мен соғыс ардагері – Мұқанбек Естеновтің қызымын. 1922 жылы Кеген өңірінде дүниеге келген әкем өзі сұранып жүріп, 17 жасында майданға аттанған.

Елі-жері үшін аянбай күресті. Кеңес одағының Батыры, генерал-майор И.Панфилов атындағы 8 гвардиялық дивизияның 1075 полкының автоматшылар ротасында гвардия аға сержанты, взвод командирінің орынбасары болды. Сол кезде Кеңес оағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаровпен және жауынгер композитор Рамазан Елебековпен бірге сұрапыл соғысқа қатысқанын айтып отыратын. Әкеміз соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсетіп «Қызыл Жұлдыз», Отан соғысының І дәрежелі ордендерімен және көптеген медалдармен марапатталды. Сол соғыстың жазылмас жарасындай, сол көзінен, бір жақ бетінен айырылып, мүгедек болып елге оралды. Әкем – журналист, қарымды қаламгер еді. Соғыстың алдында Кеген аудандық «Екпінді малшы» газетінде алғашқы еңбек жолын бастады. Соғыстан кейін қырық жылға тарта уақыт баспасөз саласында істеді. Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде бөлім меңгерушісі, одан кейін редактордың орынбасары болды. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандарындағы меншікті тілшісі болып, жемісті еңбек етті. Сол кездегі қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін еңбектен қол үзбей жүріп, бітірді. Баспасөзге қосқан үлесі үшін Қазақстан Журналистер одағының арнайы сыйлығына ие болды. Алматы облыстық партия комитетінің, атқару комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Есімі облыстық Құрмет кітабына жазылды.

    Мен әрдайым майдангер әкемді мақтан етемін. Ұрпағын, бізді адалдыққа, еңбекке, тура жүруге, ешкімнің ала жібін аттамауға тәрбиеледі. Әкеме тарқан мінезім бар. Тура айтамын, ашығын айтамын. Шындықты, әділдікті жақсы көремін. Сол мінезіммен кейбіреулерге жақпай да келемін. Әкем Мұқанбек Естенов Кеген өңірінің бір перзенті болғандықтан, Кеген ауданының әкімі Т. Байеділовке бір өтініш жазып, мүмкіндік болса, бір көшенің атын берсе, жақсы болар еді деп едім. Бірақ, бұл ойым орындалмады. Тіпті, сол әкімдікте отырғандар «Әкеңіз еш жерде тіркеуде жоқ. Соғысқа қатысқанын дәлелдейтін еш құжаты жоқ», – деп, әрі итеріп, бері итеріп, мені шығарып салды. Бұл менің жаныма қатты батты. Әкем соғысқа қатыспаса, кеудесіндегі орден, медалдарды кім берді? Не үшін берді? Бұл сұрақ оларды ойландырып, та, толғандырып та отырған жоқ. Мен сияқты қарапайым аналардың өтінішін тыңдағысы келмеген, оны жоққа шығарып отырған әкім әкім бе?! Мен ұзақ жылдардан бері Кеген ауылында кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Қолымда барымды, тапқан қаражатымды жетімдерді жебеуге, жесірлерді демеуге, жалғыз басты қарттарды сүйемелдеуге жұмсап жүрмін. Қайырымдылық шарасының ортасында болуға тырысамын. Жыл сайын оқу жылы басталардың алдында жап-жақсы қаражатыма жетім балаларға аяқ киім, оқу құралдарын алып беремін. Рамазан айында қарттарыма ауыз ашар жасаймын. Қызыл ағаш ауылындағы сел тасқынында да қарап қалғам жоқ. Көмегімді көрсеттім. Ауданда тұратын «Джип» мінетін, жағдайы жақсы мырзалар, шенеуніктер сондай іс жасаған жоқ.

    Биылғы жылдың басында болған «Қаңтар қырғыны» бекер болған жоқ. Шүкір, көзіміз ашық. 20 мың террорист дегенге ешкім сенбейді. Елді жайлаған қымбатшылықтың әсерінен, өзіміздің қандастарымыз, тек қана қазақтар алаңға шықты. Өзге ұлттың бәрі үйлерінде бұғынып, терезеден бақылап отырды. Енді сол бауырларымызды аяусыз, соққының, тепкінің астына алып, террорист ретінде мойындатып, түрмеге қамаудың амалын жасап жатыр. Бұл жақсы емес. Осы қаңтар көтерілісі барлық деңгейдегі шенеуніктерге сабақ болуы тиіс. Қиын кезде халыққа қол ұшын беру – ел көшін бастағандардың міндеті. Халық – қоғамның бір бөлшегі. Отанымыздың басты байлығы. Қазақстан мықты мемлекет болуы үшін ел арасында бірлік пен ынтымақ, туған жеріне деген махаббат, адалдық, бойында күш-қуат болуы керек. Билік басында отырғандар сыбайлас жемқорлықты тыймай, қоғамның, елдің жағдайы жақсармайды. Мемлекет қаржысын желге ұшырып, жеке басына пайдаланып келген әкімдер ел алдында, үкімет алдында жауап беретін кездері келді. Дәл қазір ел ішінде бірлік пен тірлікті нығайта түсетін шақ туды.  Осыдан 20 жыл бұрын атақты болгар қызы Ванга түсімі кірді. «Қазақтың қызы жылай берме, ел-жұртыңның арасында кішкене түсінбеушілік болады. Одан қорқуға болмайды. Қазақ елі бірсыпыра жылдар өткен соң, басынан өткен қиындықтарын ұмытып, әлемдегі ең мықты мемлекетке айналады», – деген сөзі әрдайым көкейімде тұрады. Әкімдердің тағдарын шешетін – халық. Сол мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Қазақстан Республикасының Президенті, толық билікті қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқымызға арнаған Үндеуін жүрегіммен қолдаймын. Қарапайым адамдарға шіреніп қарайтын, мұң-мұқтажын тыңдағысы келмейтін, елдің сөзін жүре тыңдайтын әкімдерге тосқауыл қою керек.

Тегтер: