Қаңтар қырғыны: Тергеушілер алты істі сотқа жолдады
Түркістан облысында қаңтар оқиғасы бойынша қозғалған қылмыстық істердің алды соттарға жолдана бастады.
Қазіргі уақыта дейін алты іс сотқа түскен.
Облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасовтың арнайы брифингте келтірген мәліметтеріне қарағанда, қаңтардағы төтенше жағдай кезінде орын алған қылмыстар тонау, бұзақылық, заңсыз қару, есірткі сақтау, бөтеннің мүлкін қасақана жою, көрінеу жалған ақпарат тарату фактілермен байланысты. Жалпы, бас-аяғы 17 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде, бірқатары өзге қалаларда болған оқиғалармен байланысты. Облыс аумағында қойылған тосқауыл бекеттерінде Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктер мен тонау жайттарына қатысы бар 15 азамат ұсталған.
Департамент нақты фактілерді де келтірді. 8 қаңтарда Түркістан қаласындағы «Ынтымақ» блок-бекетінде тәртіп сақшылары ішінде екі жолаушысы бар Yutong маркалы автокөлікті тоқтатқан. Оның жолаушыларынан 3 ұялы телефон, 5 фотоаппарат, ноутбук, 11 алтын бұйым, киім-кешектер мен аксессуарлар, сондай-ақ 200 мың теңгеден астам ақша тәркіленген. Күдіктілер бұл заттарды Алматы қаласындағы көшелердің бірінде орналасқан тұрмыстық техника мен зергерлік дүкендерден жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу барысында ұрлағанын мойындаған. Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі (тонау) бойынша тіркеп, күдіктілер қамауға алынды. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Алматы қаласының прокуратурасына жолданды.
Сол күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Шардара аудандық Полиция бөлімінің тәртіп сақшылары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан жергілікті тұрғынды ұстаған. Тінту кезінде жедел уәкілдер ұсталған азаматтың үйінен жалпы салмағы 9 келі болатын марихуана есірткісін, ИЖ автоматын, 30 патрон мен 3 жиналмалы пышақ тапқан. Қазір осыған қатысты іс айыптау актісімен бірге Шардара ауданының сотына жіберілді.
– Жалпы, Алматыдағы оқиғаларға қатысы бар деген күдікпен ұсталған 15 азаматқа қатысты 9 қылмыстық іс қозғалды. 2 қару, 18 ұялы телефон, 755 мың теңге қолма-қол ақша және алтын бұйымдары тәркіленді. Аталған қылмыстық істер айғақтақ заттармен бірге тергеу амалдарын жүргізу үшін қылмыс орын алған Алматы қаласындағы құқық қорғау органдарына берілді, – деді Н.Жалғасов.
Басқарма басшысының айтуынша, жалпы қылмыстық істер бойынша 21 айыпталушы қамауда отыр. Екі азамат қолхатпен бостандыққа жіберілді. Жоғарыда айтқанымыздай, алты іс сотқа жолданды. Бұл істер бойынша соттардың қандай төрелік айтатыны – уақыттың еншісінде.
Жалпы, қаңтардағы оқиға кезінде Түркістан облысы басқа өңірлермен салыстырғанда, тыныш болды. Ал Шымкентте қатарынан екі күн болған наразылықтар салдарынан көптеген ғимараттар зардап шекті. Адам өлімі де орын алды. 18 қаңтарда адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Шахноза Хасанова жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Шымкенттің мәйітханаларына 18 адамның мәйіті жеткізілгенін мәлім еткен болатын-ды. Кейінірек оқиға кезінде тұтқындалған азаматтардың туыстарымен кездескен қала прокурорының орынбасары Нұржан Сейдалиев қаза тапқандардың санын 19 деп, нақтылады. Бірақ бұл мәлімет жұртшылыққа ресми түрде әлі жария етілген жоқ. Қазір Шымкентте қаза тапқандардың басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары екендігі айтылуда. Үшінші мегаполисте оқиға кезінде ұсталып, үстінен іс қозғалғандардың қатары аз емес. Бізге белгілісі, 80-нен астам азамат қамауда отыр.
Мегаполисте қаңтар оқиғасын зерттеумен айналысатын қоғамдық комиссия құрылғанымен, оның жұмысы әзірге, жанданбай тұр. Себебі бұл бастама құзырлы органдар тарапынан қолдау таппады. Прокуратура комиссия мүшелеріне қылмыстық істің құжаттарымен танысуға рұқсат етпей отыр.
Жуырда Шымкентте оқиға кезінде сауда үйін тонады деген айыппен үш жігітке қатысты үкім шығып, оларға үш жылдан шартты жаза тағайындалды.