Қаңтар қырғынынан кейінгі ойлар
Қазақ халқының тарихында «қанды дүйсенбі», «қаңтар трагедиясы», т.т болып қалатын, шын мәніндегі, қанды оқиғаға бір ай болады.
Қоғам өзінің даму барысындағы, авторитарлық жүйемен күрес кезеңіндегі осы дүрбелеңнен не түйді, қандай сабақ алды? Қазақ елінің билігінің көзі неге жетті, қандай кемшіліктер мен әділетсіздіктерді көре білді? Ең бастысы, осы боздақтардың қанынан кейін асфальтты жуып, қоя саламыз ба, әлде, шын мәнінде, түбегейлі өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз ба? Ол өзгерістерді қалай жасаймыз? Кімдермен жасаймыз? Қандай жолдармен жасаймыз? Алдарыңыздағы мақала – қаңтардан кейінгі күн тәртібіне шыққан түрлі тақырыптар тудырған қысқа ой-пікірлер. Меніңше, осы бір жеке мәселелерге деген көзқарастарды анықтап алғаннан кейін ғана, жалпы мәселеге – қазақ елінің болашағын анықтау мәселесіне көшуге болады.
Революция туралы. Кешегі қырғынға берілген бағалардың ішінде «төңкеріс» сөзі де жиі ұшырайды. Біреулер бұл сөзді халықтың билікті төңкеріп тастауға бағытталған іс-әрекеті деп қабылдаса, енді біреулер бұны биліктің ішіндегі өзара талас – «сарай төңкерісі» деген баға береді. Осыған орай, «бұл жүйеден құтылудың революциядан басқа жолы қалмады», деген пікір де белең ала бастаған сияқты. Әрине кез келген революцияның қозғаушы күші – биліктің өзі, оның жөн-жосықсыз әрекеттері, топас шешімдері, менмендігі мен халықтан бөлектенуі екені де түсінікті. Революция ырғалып-жырғалып жатпай, осылардың барлығынан бір мезетте құтылып, сарайларды күлге айналдырып, патшалардың басын алып, жаңа дәуір қалыптастыратын сияқты. Бірақ тарих беттерінде революцияның да кешірілмес қанды былықтары қалғанын ұмытпалық. Біріншіден, кез келген революциядан кейін келген топты даналар емес, айқайшыл, шолақ белсенділер бастайды, билікке «кек алушылар» кагортасы келеді. Айта кету керек, сол «айқайшылардың» басым көпшілігі кезінде сол билікке қызмет еткен, сол диктаторлардың дастарханында отырған, солардың қасында жүрген адамдар болуы да ғажап емес. Екіншіден, олар «кек алуды» бұрынғы билікте болғандардан бастамайды, сол билікке қарсы, бірақ айқайшылдардан ауылдарын алысқа салып жүрген бәсекелестерінен бастайды. Бұған мысалды ХVIII ғасырдағы Француз революциясынан (бір топ екінші топтың басын алуы салдарынан «террор дәуірі» аталған бір жылда тек корольдің ғана емес, революция жасаушылардың ішінен – 16 600 адамның басы алынды...) немесе 1917 жылғы Ресейдегі қазан төңкерісінен (большевиктерге билікті толық алу үшін өздерінің одақтастары, халықтың көпшілігінің қолдауына ие болып отырған эсерлерді құртуға тура келді) алсақ та жеткілікті. Өз басым, революциялық өзгерістерден гөрі эволюциялық өзгерістің жолын қолдаймын, бірақ қазіргі билік өзінің барлық іс-әрекетімен қоғамды төңкеріске алып келуге күш салып жатқанын да мойындауымыз керек.
Кешегі қаңтар қырғынында да революцияның барлық белгілері болды деп білемін. Әлі табылмаған 20 мың содырды былай қойғанда, арандатушы топ пен соған ерген радикалды жастарды тоқтатуға алаңға шыққан халықтың күші жетпеді дегенге де сену қиын. Меніңше, полиция машиналары қирап, биліктің отыратын орындары жанып, жасанды партияның ғимараттары талқандалғанда, халықтың басым көпшілігінің айызы қанып тұрды. Әрине, олар бүлікке тікелей араласқан жоқ, мүмкін, кейбіреулері «әй, өртемеңдер, қиратпаңдар», деп басу да айтқан болар, бірақ көпшілігінің іштей айыздары қанып, «сол керек өздеріне» деп тұрғаны анық.
Біреуге жағар, енді біреуге жақпас, бірақ революцияның тарихтағы рөлін жоққа шығаруға болмайды. Егер революцияға шыққан халықтың нақты ұрандары, мақсаттары, басшылығы болса… Алайда кешегі бейбіт шеруден басталып, бейберекет дүрбелеңге ұласқан «революцияның» басты қателігі, басты кемшілігі – не басшылықтың немесе айқын мақсаттың болмауы деп білемін («Үкімет отставкаға кетсін!» деген ақымақ ұранды «саяси талап» деуге аузым бармайды). Бес жыл бойы аттандап, алаңға бес жүз адамды шығара алмаған оппозициялық топтар халықтың ашу-ызасын пайдаланып, солардың ығында тұрып, өздерінің жалынды сөздерін айтумен шектелді де, не арандатушыларды тоқтата алмады, немесе республика деңгейінде осы бас көтеруді үйлестіру жұмысын жүргізе алмады. Осы кемшіліктің ақыр аяғы Пушкин айтқан «мағынасыз да аяусыз» қанды қырғынға алып келді. («Нет ничего страшнее русского бунта, бессмысленного и беспощадного»)
Қ.Тоқаев туралы Бейбіт жиынның соңы төңкеріс сипатын алғанда, Президенттің қатаң шешімдер қабылдауына тура келді. 5-6 қаңтарды есімізге түсірсек, ол шешімдердің дұрыстығын да мойындаймыз. Алайда одан кейін билік иелері естерін тез жиып алып, түлкі бұлаң саясатқа қайта түскен сияқты. Бұл саясаттың басты бағыты – ашынған халыққа Президент Тоқаевты «революциялық өзгерістер» жүргізуші етіп көрсету және сол арқылы «қазіргі билік әділетті қоғам жасауға көшті» деген ойды қалыптастыру болатын.
Осы саясаттың бір көрсеткіші – Тоқаевты халықтың сынына ұшыраған олигархтар мен Назарбаевтың жақындарын қуып шығып, бұрынғы президенттен биліктің барлық тұтқасын тартып алып жатқан «батыл басшы» сияқты етіп көрсету. Алайда егер шындыққа жүгінсек, Тоқаев «бұрынғылардың» ешқайсысының бет пердесін жұлып алып, қызметтен қуып шыққан жоқ. Керек десеңіз, Үкіметті отставкаға да жіберген жоқ. «Қашан мені алып тастайды» деп алаңдаумен үш жылын өткізген, отставкаға шығаруды күте-күте шаршаған Асқар Мамин мырза, Тоқаевтың шығармайтынын білген болуы керек, қызметтен кету туралы өтінішті өзі бергені бәрімізге белгілі. Бұл жерде Президентті мақтайтын ештеңе көріп тұрған жоқпын. Назарбаев мырза да қауіпсіздік кеңесінің төрағалығынан өзі бас тартты. Оның жақындарының барлығы дерлік тықыр таянғанын көріп, өздерінің қызметтерінен кету туралы өтініш бергендері де мәлім. Бұл жерде де Тоқаев мырзаның билікті Назарбаевтың жақындарынан тазалау бағытындағы «ерлігін» көріп тұрған жоқпын. Ал «Нұр отан» партиясы саяси кеңесінің құрамын жаңарту – партияның жалпы жиналысының шешімі ғана. Өз басым, бұл қадамды партияның аты мен биліктегі орнын сақтап қалу үшін бір топ адамды «құрбандыққа шалу» тәсілі деп қабылдаймын. Айтпақшы, Н.Нығматулин мырзаның да төрағалықтан өз еркімен кеткенін ұмытпалық. Ал Қошановты мәжілістің төрағалығына алып келуі өте ыңғайсыз, заңсыз жолдармен жүргізілген, орашолақ қадам болды. Конституция бойынша мәжіліс төрағасы сол депутаттардың арасынан сайланады («палаталарды мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сенат пен мәжіліс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының президенті ұсынады. Мәжіліс төрағасының қызметіне кандидатураларды палатаның депутаттары ұсынады». ҚР Конституцияның 58-бабы). Әрине президенттің 107 депутаттың ішінде төраға болатын бір адам таба алмағаны парламентке сын, бірақ Конституцияны да сыйлау керек қой.
Тағы бір көңіл аударатын мәселе. Жоғарыдағы мемлекеттік тұлғалардың қызметтен кетуі – олар үшін жауапкершіліктен құтылумен бірдей. Экономиканы осындай құлдырауға жеткізген, әлеуметтік мәселені дұрыстай алмай, халықтың толқуына дейін алып келген басшылар өз қызметтерінен қуана-қуана кететіні түсінікті. Тоқаев мырза олардың әрқайсысына «үлкен алғыс айтып», шығарып салғанын да есімізден шығармайық.
Президентке позитивті көзқарас қалыптастырудың тағы бір жолы – «Қазақстан халқына» қорының құрылуы болды. Меніңше, статусы жағынан дүбәра (не мемлекеттік ұйымға, не қоғамдық ұйымға жатпайтын «Қазақстан халқы ассамблеясы» сияқты) бұл қордың жұмысы 1928 жылғы бай-кулактарды кәнпескелеуді есімізге түсіреді. Әрине, ақшалы мекемелер мен бай адамдарды отбасымен қоса, итжеккенге айдау жоқ, бірақ олар «шын ниетімен, өз еркімен» миллиондаған, миллиардтаған ақшаны Қорға салып жатыр дегенге сену қиын. Біріншіден, ешқандай (Билл Гейтс болмаса) қазақстандық заңды не жеке тұлғалар жүздеген миллиард ақшаны еңбекпен таба алмайды, екіншіден, өзінің маңдай терімен тапқан ақшаны Қорға салмайды. Біз елдің экономикасын көтеру мақсатында өздерінің сырға-жүзіктерін мемлекетке тапсыратын Корея елі емеспіз. Демек, бұлардың барлығы – халықтың қаражаты, неше түрлі айла-тәсіл арқылы талан-таражға түскен біздің байлығымыздың бір бөлігі. Президент әлеуметтік теңсіздік туралы, ел байлығының – 50 пайызы 162 адамның қолында екенін айта келе, сол байлықтың қайдан шыққанын тексеру мәселесін көтерудің орнына, оларға қол жайып, олардың берген садақасына риза болуы мүлдем түсініксіз. («Әділетсіз қоғамда бай болудың өзі – күнә» депті бір ақылды адам...) Әлеуметтік теңдік – мүмкіндік теңдігі сақталған қоғамда ғана болады.
Бұл пікірлер – Тоқаевты сынау не жамандау үшін жазылған жоқ. Ол – сөзсіз, жақсы адам. Қақ-соқпен ісі жоқ, қолы таза, ең бастысы, өзінің саяси, адами көзқарасын өзгертпеген жан деп білемін. Ол бұл жүйеге пайда көру үшін емес, барлық жүрегімен беріле кірді деп ойлаймын. Егер Қасым-Жомарт ағамыз қазіргі жүйеге қарсы шығып, оны өзгертуге кіріссе, нағыз екіжүзді жан болып шыға келер еді. Кеше «Назарбаев жасасын» деген жанның бүгін «Назарбаевтың жасағандарын өзгерту керек» деген ұран көтеруі – нағыз хамелеондық болар еді. Сондықтан президент Қазақстандағы қазіргі әміршілдік-әкімшілік басқару тәсілін өзгертіп, демократиялық жүйеге алып келеді деп ойламаймын. Әрі кеткенде, шектеулі, бақылаудағы не декорациялық демократияның элементтерін енгізуі мүмкін.
Парламент туралы Қаңтар қырғынында және сол оқиғалардан кейін саяси аренаға Қазақстан парламенті шығуы керек еді… Олар парламенттік комиссия құрып, осы трагедияның себеп-салдарын талдаулары керек еді. (Тура бір айдан кейін ғана депутаттар тергеуде таяқ жеп, азапталған жандармен кездесуге келді. Түсінемін, Астана – Алматыдан 1200 шақырым...). Маминнің өтініш беруін, оған Тоқаевтың рақмет айтуын күтпей-ақ, атқарушы билікті отставкаға жіберу мәселесін көтеруі керек еді. Партиялық фракциялар әлеуметтік мәселенің кемшін тұстарын дұрыстайтын заң жобаларын жарыса дайындап, ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік қызметіне баға беруге кірісуге тиіс еді. Осылардың біреуі де жасалған жоқ. Ең болмаса, президенттің «терең саяси реформа жүргіземін» деген (осыдан үш жыл бұрын!) сөзін арқау етіп, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне кірісулері керек еді. Одан қалса, алаңға шыққан қазақтардың көңілін аулау үшін «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын күн тәртібіне қоюлары керек еді.
Меніңше, осы артта қалған отыз жылда біздің депутаттар өздерінің негізгі қызметтерін ұмытып кеткен сияқты. Олар парламентті атқарушы биліктің дайындап берген заңдарды қарап шығып, көп жағдайда, «бір кісідей» қолдап, қабылдайтын орын деп ұғатын сияқты. Одан қалса, депутаттардың кейбіреулері теледидардағы сан түрлі хабарларға қатысып, сындарлы ойларын айтады. Ал тағы біреулері Парламентке келген үкімет мүшелеріне көңілде жүрген сұрақтарымызды қойып, жерге қаратады. Бәрі дұрыс. Бірақ депутаттың ең басты қызметі бұлар емес. Олардың негізгі міндеті – өздері қойған сұрақтары мен өздері экраннан айтқан сындарлы сөздерінің негізінде заң жобаларын дайындап, сол жазғандарын мәжіліс залында қорғап, дәлелдеп шығу. «Парламент» деген сөздің тура баламасы –«сөйлеу» деген сөз. Бірақ бұл экранда пікірлерін айту емес, өздері дайындаған заң жобасын қорғап шығуға арналған сөз болуы шарт. Біз осыны ұмытып кеттік. Жеке адам пікірінің жарыққа шығуынан қорқатын билік парламенттің негізгі қызметін толық жойып жіберді. Әрине, президенттің де, үкіметтің де заңдарды дайындау құқығы бар, алайда атқарушы биліктің өздеріне арналған, өздеріне ғана қолайлы заңдарды дайындайтынына көзіміз жеткен сияқты. Демек, парламент өзгеруі керек. Олар өздерінің биліктің ең жоғарғы деңгейдегі тармағы екенін, президент аппаратының қолбаласы емес екенін естеріне түсіруі керек сияқты.
Назарбаев туралы Тоқаев мырза Қазақстанда қалыптасқан әділетсіз сайлау арқылы президенттік қызметке келуі сол-ақ екен, әлеуметтік желі «ақорда» мен «кітапхана» дегенді шығарып, бұрынғы президент қазіргі президенттің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр деген өсек гу ете қалды. Өз басым, көпшіліктің бас шұлғыған мәселесіне қосыла бермейтін әдетіммен, бұл ертегіге ешқашан сенген емеспін (бұл пікірімді сол уақытта да сан рет айтқанмын). Билік ешқашан бөлінбейді. Ал жоғарыдағы көзқарасты таратушылардың, менің ойымша, екі мақсаты болды; біріншісі – «ақорда» мен «кітапхананы» бөле отырып, болардың арасына от салу («Тоқаев – жиһаз, ол Назарбаевтың қолындағы қуыршағы, соның айтқанын ғана жасайды» деу арқылы Тоқаевты Назарбаевқа қарсы қою. Әрине, егер «ақорда» «кітапхананың» айтқанынан шыға алмаса, бұл тәсіл өзінің нәтижесін беруі де мүмкін. Бірақ тағы да қайталаймын, билік – бөлінбейді. Олар да «бөлінгенді бөрі жейді» деген мақалды жақсы біледі), екіншісі – Тоқаевты ақтап алу («Тоқаев өзгеріс жасағысы келеді, бірақ оған «кітапхана» жол бермей отыр). Назарбаев, мен үшін 2019 жылдың сәуірінен бастап, Қазақ елінің саяси аренасынан кеткен адам. Одан кейінгі үш жылда болған барлық мәселеге – жақсысына да, жаманына да тек Тоқаев жауап береді.
Осы жерде оппозициялық бағыттағы топтың «Назарбаев кетсе, барлығы орнына келеді» деген пікіріне де бір ауыз жауап бере кеткен дұрыс сияқты. Меніңше, олар «шал, кет!» деген ұранның орнына «Жүйені өзгерту керек!» деген ұран көтерулері керек еді. Түсінемін, оппозицияның серкелерінің басым көпшілігі осы жүйені құрған, құруға ат салысқан, сол жүйеге беріле қызмет етіп, сол жүйенің нанын жеген жандар… Сондықтан олар өздері шыққан жүйеге тиіскісі келмейді. Байқайсыздар ма, 2019 жылдан бастап, оппозицияның күші сарқыла бастады. Соңғы екі сайлауда төбе көрсетуге де жарамады. Бірақ олар халықтың миына «Назарбаев кетсе, бәрі жақсы болады» деген ойды құйып кетті.
Жаңа Қазақстан туралы Президент қоғамға «Жаңа Қазақстан» деген сөз тіркесін ұсынды. Бірақ Жаңа Қазақстанның қандай болуы керек екенін, оның ескі Қазақстаннан қандай айырмашылығы болатынын айтқан жоқ. Ең бастысы, неден бастау керек екендігі де айтылмады. Сондықтан, осы қоғамның бір өкілі есебінде, өзімің жеке пікірімді білдіріп, Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы шарттарын ортаға салғым келеді.
Басты өзгеріс екі бағытта болуы керек. Біріншісі – отыз жылдан бері шешілмей келе жатқан ұлттық мәселе. Оның ішінде – қазақ тілінің мәселесі. Өкінішке қарай, «Жаңа Қазақстан» сөзін саяси аренаға шығарған (Біздерден, 2018 жылы Бельгияда «Жаңа Қазақстан форумын» құрған қоғам белсенділерінен кейін...) Қ.Тоқаев мырза ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесінде қазақ тілі туралы жақсы сөздерді көп айтатын, бірақ нақты істерге аяқ баспайтын бұрынғы президенттің жолынан шықпайтын сияқты. Меніңше, ұлттық бағытта осы жылдан асырмай, «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. (Байқайсыздар ма, Президенттің Ресейге жақындасуын байқаған шовинистік күштер қайтадан бас көтере бастады. Оның нақты көрінісі – Алматының атын ауыстыру туралы петицияның іске қосылуы)
Екіншісі – демократиялық саяси реформа. Бірінші кезекте «Саяси партиялар туралы» заң мен «Сайлау туралы» заңның толықтай өзгертілуі. «Саяси партиялар туралы» заң саяси процестерге араласуға ниет білдірген азаматтардың саяси партия құруына мейлінше, мүмкіндік беретін құжат болуы шарт (Қазіргі заңнамада саяси партия құру жолдары барынша, қүрделендіріліп, сан түрлі заңдық тосқауылдар қойылған. Қаржысы да, адам ресурстары да бар «Алға ДВК» ұйымының бесжыл бойы тіркеле алмауы, ұлтшылдардың «Халық рухы» партиясының тіркеуден өте алмауы, қазіргі «Ел тірегі» партиясының да бірнеше рет тіркеле алмауы – осы бөгеттердің нәтижесі). Өткен жылдары «Саяси партиялар туралы» заңға президенттің бастамасымен енгізілген өзгертулер бұл бөгеттерді сол күйінше қалдырды (Шынымды айтсам, «әйелдер мен жастарға» берілген 30 пайыздық квота – демократияның негізгі принципіне қарсы келетін, партиялардың тіркелуіне ешқандай әсер етпейтін «жаңалық», ал партия мүшелерінің 40 мыңнан 20 мыңға түсірілуін – үлкен өзгеріс деуге аузым бармайды. Басқа мемлекеттердің заңнамасындағы партия құру үшін қажетті адамдардың мөлшерін былай қойғанда, 1991 жылдағы заңға сәйкес, Қазақстанда саяси партия құру үшін 3 мың адам жеткілікті болатын). Ал «Сайлау туралы» заң – айрықша, күрделі өзгертулерді талап етеді. Сайлау комиссияларының жасақталуынан бастап, сайлау жүйесі толықтай өзгеріске түсуі шарт (Президенттің бастамасымен сайлау бюллетеніне «барлығына қарсы» деген графаның енгізілу – сайлаудың әділ өтуіне ешқандай әсер етпейтіні анық. Егер «барлығына қарсы» бюллетеньдердің белгілі бір мөлшері сайлауды қайта өткізуге алып келетін болса, бұл өзгерісті қолдауға болар еді). Айта кету керек, қазір парламенттен үміттерін үзген азаматтық қоғамның өкілдері осы екі заңға өзгерістер мен толықтырулар дайындау жұмысына кірісті.
Үшінші қадам – жаңа (не өзгертілген) заңмен жаңа сайлау комиссияларын жасақтап (сайлау комиссиялары сайлауға түсетін саяси партиялардың өкілдерінен жасақталғаны дұрыс), ерікті, әділетті сайлау өткізіп (аралас – пропорциялық және мажоритарлық – жүйе арқылы), Жаңа парламент сайланғаннан кейін қоғамдық жүйені, билік жүйесін өзгертуге арналған заңдарды солардың қабылдауы шарт. Осы уақытта жаңа Сайлау заңының аясында Президенттік сайлаудың өтуі өте қажет. Егер жаңа парламенттің бірінші заңы «Люстрация туралы» болып, бұрынғы жүйеде басшылық орындарда болған адамдарды қызметке алмайтын талапты заңға енгізсе, қос қолымды көтеріп қолдауға әзірмін. Жаңа Қазақстанды бұрынғы жүйеге қызмет еткен адамдар жасамау керек! Өзгерістің бірінші шарты да, Жаңа Қазақстанның негізгі ұраны да осы болуы керек.
Шындық ашылады ма? Жоқ. Қаңтар қырғынының шындығы ашылмайды деп ойлаймын. Қолдан жасалған кінәлілердің болуы мүмкін, әр топтың өзіне ұнаған болжамы («Бұны Ресей үйымдастырды», «Бұны сақалдылар жасады», «Тәліптердің эмиссарлары», «Биліктің нақ өзі», «Батыс мафиясы», «Күштік құрылымдардың төңкерісі», т.т. ), өзіне ұнаған шындығы болары анық. Бірақ осы жүйе тұрғанда, ақиқат ашылмайды. Қазақ қоғамына – 225 адамды өмірден алып кеткен бұл трагедия бұрын-соңды болмаған ащы сабақ берді, ал тарихымызға тағы бір ақтаңдақ қалдырды. Мен үшін басты мәселе – сенімнен кеткен билік қандай қадамдарға барады деген сұрақ. Сенім – нақты өзгерістен туады. Ал халқы билігіне сенбейтін қоғамның болашағы әрқашан бұлыңғыр. Билік осыны түсінеді ме екен?