Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:26, 01 Ақпан 2022

Қаңтар шындығын билік ешқашан ашпайды

None
None

«Қазақстанның бас зейнеткерінің үрім-бұтағы мен жақын адамдары мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны анық.

Сол себепті тура осындай айыппен ҰҚК басшылығы ұсталып, бас зейнеткердің басқа да рулас-тамырластары барлық қызметтерінен алынды. Меніңше, оларда шынымен де билікті басып алу жоспары болған сияқты», дейді сарапшы Қазбек Бейсебаев.

Оның ойынша, бұл жоспар жүзеге асқанда, Назарбаев билікке қайтып келуі әбден мүмкін еді. Олардың жоспары – бүкіл Қазақстан бас көтерген шақта наразылық шерулерін пайдаланып, Ақорданы тікелей басып алу мен президентті тағынан тайдыру болған сыңайлы. Өйткені, бұл туралы тәртіпсіздіктер басталған алғашқы күндері президенттің өзі айтты. Төңкеріс жасау жоспары көптен бері даярланған көрінеді, олар тек оңтайлы сәтті күтіп отырған болса керек. Оңтайлы сәт Санкт-Петербургте өткен ТМД саммиті болды, төңкеріске даярлық тура сол саммиттен соң басталды. Төңкеріс авторлары үшін негізгі себеп сол – «президент өз міндеттерін толық атқара алмайды, бұл жағдайда елді құтқару қажет-мыс».

 Ал шынымен де әбден ашынған қара халық көшеге шығып, жаяу әскердің рөлін тегін ойнап беруі тиіс еді, оққа алдымен ұшатын. Өздерінің таудағы күзетілетін лагерьлерінде көптен бері арнайы даярлықтан өткен адамдары бәзбір спецназдың рөлін атқарды. Осылайша, төңкеріс жасаушылар қалған қарулы күштерді, әскерді әбден адастырды. Бұған көптеген фактілер куә, оның ішінде қорғаныс министрлігінің басшылығы ауысқаны да тегін емес. Төңкеріс жүзеге асқан жағдайда Назарбаевқа ет-жақын біреу президент міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалады, сосын, сайлау өтіп, билік ақыры, Назарбаевтың үрім-бұтағында қалады. Тіпті, бас зейнеткердің өзі қазақты құтқарған бас қаһарман ретінде билікке қайтып келуі мүмкін болған, – деп жазады сарапшы.

Қазбек Бейсебаевтың пайымдауынша, төңкерісті ұйымдастырушылардың бір «запасной», балама варианты да болды. Олар қажет болған кезде басталып кеткен бүлік пен билікке шабуылды тоқтатып, әлгі «өз міндеттерін толық атқара алмайтын әлсіз президентті» құтқарып қалады. 

– Бұл жағдайда енді президент өз еркімен кетуге мәжбүр болады, ары қарай жаңағы схема жүзеге асады: президент міндетін уақытша атқарушы тағайындалады да, «елбасының дана саясаты» қайта жалғасады. Екі жағдайда да төңкерісті ұйымдастырушылар өз мақсатына жету үшін көшеге шыққан қарапайым азаматтарды құрбан қылады, солай болғанына енді көзіміз жетіп отыр. Тіпті, екі тараптың текетіресі тұсындағы кейбір жағдайларда бәз-біреулердің төңкерісті ұйымдастырушылар жағына шығып, солардың бұйрықтарын орындап кеткені мүмкін екенін де жоққа шығармаймын. Былайша айтқанда, төңкерісті ұйымдастырушылар мемлекеттік нысандарға шабуыл жасағандарға да, оны қорғағандарға да бұйрық берген болуы мүмкін. Білетіндердің айтуынша, қазір дәл осындай істер бойынша күштік құрылымдар арасында тергеу мен тартыс жүргізіліп жатыр, – дейді Қазбек Бейсебаев.

Бірақ төңкеріс жүзеге аспады. Тоқаев ҰҚШҰ бітімгерлік күштері деген желеумен, шын мәнінде, Ресейдің әскерін шақырып алып, оларға оқ атудың ақыры, қандай «күнә» екенін сезген төңкерісшілер жеңілгенін мойындауға мәжбүр болды.

– Мұның бәрі менің жеке пікірім. Шындығында не болғанын ешкім білмейді, оны ресми билік ешқашан ашып айтпас. Бәлкім, бәрі басқаша шығар. Бірақ бір маңызды тұсқа назар аударғым келеді. Қазіргі президенттің маңайындағы кей тұлғалар бірдеңені алдын ала білген болуы да мүмкін. Қазіргі президент келген сәттен бастап, Ақорданың жоспарлары мен әрекеттері ұдайы кітапханаға жеткізіліп отырған деген деректер бар. Егер төңкеріс жүзеге асқан жағдайда, «еңбегін сіңірген» әлгі адамдар төңкерісшілер билігінің жағына шыға келер еді. Бірақ төңкеріс болмай қалып, олар өздерінің жауапты орындарында қалды. Енді олар президенттің ең адал жақтаушылары болып отыр. Ойланатын нәрсе бұл, – дейді сарапшы.

Рас, елбасы мен нұротанның монополиясы жағдайында 30 жыл өмір сүрген қазаққа енді шындық пен әділдік, еркіндік пен бостандық керек. Бірақ отыз жыл бойы сол елбасы мен нұротан идеясын енгізіп келгендер енді реформа жасай қоя ма? Реформа деген олардың билік басынан кеткені, байлығынан айырылғаны.

Тегтер: