Қаңтарда Қазақстаннан қанша ақша шетел асты?
«Елге қайтару» қоғамдық қорының құрылтайшылары Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов және қордың сарапшысы Ескендір Бейсембетов журналистерге арнап баспасөз отырысын өткізді.
Қаңтар оқиғасынан кейін саясатқа қайта оралған Әбілов ақшаларын шетел асырған олигархтарға қатысты да біраз былықтың бетін ашып, мәлімдеме жасады.
Оразалы Ержановтың сөзінен түсінгеніміздей, «Elge qaitaru» қоры Jusan bank-ке қатысты АҚШ-тың Невада штатының бас прокурорына шағым түсірген. Өйткені қазақстандық банктің жұмысын қадағалайтын компаниялар осы штатта тіркеліпті. Бұл туралы Е.Оразалы «Невада штатының бас прокурорынан банктің жұмысын қадағалайтын компаниялардың күрделі қылмыстық схемаларына назар аударуды сұраймыз! Өйткені бұл компаниялардың қылмыстық қадамдарынан Қазақстан мен оның халқы орасан зор зардап шекті», – деді.
Ал қордың құрылтайшысы Болат Әбілов «Бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек, АҚШ Қазақстан емес. Америкада қоғам дамыған, заң жетілген. Сол үшін де біз Невада штатының прокуратурасынан оң жауап күтеміз!», – дегенді қадап айтты.
«Elge qaitaru» қоры «Еуразиялық топ» (ERG) пен үкіметтің экс мүшелері Марат Бекетаев пен Бақыт Сұлтановты және Бейбіт Атамқұловты заң алдында қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде құзырлы органдарға арыз жолдаған. Қор құрылтайшыларының айтуынша, аталған азаматтардың ERG директорлар кеңесінің мүшесі міндетін атқару кезінде мемлекет мүддесіне орасан зор шығын келіпті.
Машкевичтің Еуразиялық тобы 2017-2021 жылдары елдің байлығын сорып, халықты шығынға белшесінен батырған. Қор құрылтайшылары осы туралы айтып өтті. ERG-дің корпоративті есебіне қарағанда «Еуразиялық топтың» тапқан пайдасы көл-көсір. Мысалы, 2017 жылы 2,09 млрд, 2018 жылы 1,913 млрд, 2019 жылы 1,538 млрд, 2020 жылы 2,23 млрд, 2021 жылы 4,210 млрд доллар тап-таза пайда тапқан. Енді қараңыз, айналасы 5 жылда Машкевичке тиесілі Еуразиялық топ 11,774 млрд долларды қалтаға басқан. Бұл не деген іздеуі, сұрауы жоқ көл-көсір ақша?
2017-2021 жылдары Еуразиялық топ Қазақстанға, яғни ел бюджетіне тапқан табысының 40 пайызын дивидент ретінде төлеуге міндеттелген. Майшекенің дәл осы көлемде үкіметке дивиденд төлеуі керектігін Қаржы министрлігі Nege ақпарат порталына жолдаған хатында да басын ашып жазып көрсеткен. 40 пайыз дегеніміз – 4-5 млрд доллардың көлеміндегі көп қаржы. Бірақ Қазақстанды майшелпек қылған Машкевич үкіметке сүйек лақтырғандай 365 млн доллар ғана аударған. Бұл да түсініксіз: неге 400, неге 300 млн емес? Үкімет те қызық, Машкевичтің лақтырған ақшасын аз да, көп те демей, көз жұма салыпты. Ал қор құрылтайшылары Машкевичтің қалтасында кеткен қаржыны елге қайтару керек дегенді қайталап айтты.
Баспасөз отырысында қор құрылтайшылары қаңтар кезінде елден шығарып кеткен миллиардтар туралы да айтып өтті. Машкевич Еуропада тіркелген еншілес компанияға қарыз керек дегенді желеу етіп, елден 1,1 млрд долларды шетел асырып жіберген. Ал Қазақстан қаңтармен әбігер болып жатқанда Еуразиялық топ тағы 500 млн долларды шетелге шығарып үлгеріпті. Сөйтіп, қазақтың қасіретін қара басының пайдасына жаратып үлгерген Машкевичтің компаниясы бір айдың ішінде Қазақстаннан 1,6 млрд долларды шетелге аударыпты.
Журналистердің сұрағына жауап берген қордың сарапшысы қаржыгер Ескендір Бейсембетовтың айтуынша, Қазақстанда 1 млрд долларға 50 мың жұмыс орнын ашуға болады екен. Қор құрылтайшылары Қазақстан президентінің шеттегі капиталды елге қайтару туралы бастамасын қолдайтынын, алайда үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың бұл жұмысқа сылбырлық танытып отырғанын сынады.