Қантардың оқиғасына байланысты Қазақстан халқына, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа үндеуім!
Ол қазіргі еліміздегі ауыр, трагедиялық жағдайға байланысты «БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫҚ КЕЛІСІМ ҚҰРЫЛТАЙЫН» шақырып құру туралы.
Қантар қырғыны көпті оятты. Бұл туралы кідіртпей, мен өз ойымды сол кезде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, билікке де айтқанмын, әсіресе «жазықсыз халық зардап шекпесін», – дегем. Әттең, олай болмады, сол уақытта қырғынға ұшыраған, жақынынан айырылғандарға көңіл айтам, иманы саламат болсын! Жазықсыз отырғандарды, тағы да іс насырға шаппай тұрғанда, жедел шығару керек, жәрдем берілсін. Ал зорлап, қинап, «пытка» жасағандарды ашық түрде заңмен жазалау қажет.
Кінәліні басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Кез келген не баласы, не әкесі, не қызы, не шейіт болған немересі, не жақын туыстары өлген адамға, тағы басқа шығындарға, осыны ауыздықтай алмаған тек билік кінәлі дейді. Сол себептен де халық алдында билік кешірім сұрауы керек. Кешіре ме, жоқ әлді кешірмей ме ол халықтың, сол зардап шеккен әр отбасының ісі. Халықтың онсыз да 30 жыл бойы шықпа жаным, шықпа деп айлығы-шайлығына жетпей жүрген, күн көрісі күрт төмендегенде, мына қайғылы жағдай бүкіл адамзаттың алдында масқара қылды?
Қазір Халықтың билікке деген сенімі кетіп, сенім жібінің үзілейін деп тұрған шағы. Авторитарлық, патроналдық режимнен 30 жыл алданған халықтың үміті үзілуге сәл-ақ қалып тұр. Айтқан жерден аулақ, тағы бір ши шықса, онда халық бәрін сыпырып тастап, бәрін жаңа ақ қағаздан бастайды. Ситуация критическая?! Бұл жағдайда ертең не болатынын Президентте, ешкім де айта алмайды.
ЕНДІ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Бұл шахматтың тілімен айтқанда «Патовая ситуация». Тығырықтан шығатын бір тура жол табу керек.
Менің ойымша Президент инициатива жасап, тез арада БҮКІЛҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫҚ КЕЛІСІМ ҚҰРЫЛТАЙЫН шақырып, құру керек. Құрылтай мүшелерін таңдауды, бұрынғыдай жоғарыдан сайлай салмай, мүмкіндігінше халыққа, қоғамдық ұйымдарға беру керек. Әр облыстан 1,2,3 халық санына байланысты өте принципиалды, ел сенімін ақтайтын, таза, кеше өзін көрсеткен саналы азаматтар болсын, арасында ойлы жастар, қыз балалары, оған қосымша қоғамдық ұйымдардан ең беделді, бұрынғы билікті де, қазіргі билікті де мақтайтын жағымпаз емес, білімді, профессионал өкілдер кірсін.
Ұлттық келісім кеңесінің әр отырысы ашық түрде (БАҚ, Хабар, Қазақстан, КТК, 31, тағы басқа ТВ-лардан) көрсетілсін. Олар – саяси-әлеуметтік, экономикалық ұсыныстар жасасын, қалай «Жаңа Қазақстанды» жасау керек екіндігін, сара жолымызды айтсын. Оның ішінде – Конституциялық өзгерістер, бір палаталық парламент (50 пайызын халық жергілікті жерден сайласын, 50 пайызын партиялар арқылы, соттарды да халық сайласын). Сайлау заңы, тағы басқа заңдарға өзгерістер енер, ел байлығын қайтару туралы оффшор заңы, көптен бері тіркелмеген жаңа партиялар тіркелсін, жаңа сайлауда халық алдында бағын сынасын, тағы басқа халыққа, әр адамға керек проблемалар көтерілсін. Кешегі қантар оқиғасына қоғамдық-саяси баға берілсін.
Ал Президент Конституция гаранты ретінде Заң органдарына, атқарушы билікке тапсырмалар берсін. Керек болған жағдайда президенттік жарлықтар шығарсын. Маңыздысы осының бәрін халық көріп, ұлттық келісім құрылтайындағы өз өкілдерімен байланыста болсын, сенімін ақтамаса ротация жасасын.
Бәрі реттелген соң, жаңа парламент, жаңа үкімет, жаңа құқық қорғау, жергілікті билік органдары, тағы басқалар келген уақытта, Ұлттық келісім құрылтайы өз миссиясын аяқтайды, ел тынышталады, даму басталады.
Құрметті Президент!
Халық сізді сайлады, халықтың сенімін ақтау керек. сіз кешіріңіз мені, бірақ қазір сіз жалғызсырап тұрған сияқтысыз, азғантай көмекшілеріңізбен, көптеген жанашырларыңызбен, ал қалған билік халыққа шығуға қорқады, оны көрдік. Себебі халықта сенім жоқ… Ал кейбіреулері халықты қанап, болып-толып, байып алған, қай жеңгенің менікі деп те отырғандары баршылық.
Ұлттық келісім құрылтайы, сіздің айналаңызды уақытша болса да бекітетін шара деп білу керек. Мұндай аса маңызды қадамды, тағдырлы кезеңде, ел басына түскен қиындық өте сирек кездесетін жағдайда ғана, өзін ақтайтын батыл қадам деп түсіну керек. Мүмкін қателесетін шығармын, бірақ төрт рет парламент депутаты болған, Қазақстан ғалымдар одағының президенті, ғалым-экономист ретінде менің ойымша басқа жолды көріп тұрған жоқпын.