«Қантқа қашанғы таласамыз?»

Қарағанды жұрты қат болған тауардың бірі қантқа таласуын қояр емес. Ал жергілікті билік «Қант тапшы емес, әлі де жеткізіледі» деген сөздерінен бір тайған жоқ.
Дүкен аралап қант таппай жүргендер енді мүлдем шенеуніктердің сөзіне сенбейтін болды. Қарағанды қаласының тұрғындары қантқа таласу жағынан ел бойынша алғашқы көрсеткіште тұр. Күлкілі емес, күрсініске толы көрініс. Жақында Қарағанды қаласындағы супермаркеттің бірінде сөреге қойылған қантқа таласқан тұрғындардың бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап қызу талқыланды. Халық сөреге қойылған қантты бірнеше секундтың ішінде жоқ қылған. Тіпті қантқа таласқан жұрт бірін-бірі жұлқылап, жаға жыртыса жаздаған. Қант талапайға түскен кезде сөредегі өзге де азық-түлік шашылған. Жұрттың жерде шашылып жатқан ұн тағамдарына да қарайтын түрі жоқ. «Ірі сауда орындарының бірінде өткен аптада қантты тарататын уақыттарды жазып қойып, сонда беретін. Соның өзінде екі рет барғанда ұзын-сонар кезекте тұрдым. Кезектің бас жағында тұрғандар ғана қант алып үлгерді, қалғанымызға жетпеді. Қанттың келісін базарда мың теңгеден сатады дейді. Солар қайдан алып отыр түсініксіз, тура бір тоқсаныншы жылдағыдай болды», – дейді қала тұрғыны Алма Жақыпова.
Осының алдында Майқұдықтағы супермаркеттің бірінде қантқа талас кезінде де жанжал шыққан болатын. Мұнда сатылымға шыққан қантты белгіленген мөлшерден тыс, көп алып кетпек болғандар кездескен. Ақыр соңында сатушылар қант сату үшін полиция шақырған. Полицияның сауда орнын қадағалап тұруына тура келді. Ал биліктегі ақ жағалылар болса, халықты сабырға шақырудан жалығар емес. Айтуларынша, шілде айында облысқа 740 тонна қант жеткізілген, тағы 1 300 тонна жолда келе жатқан көрінеді. Шенеуніктер тұрғындардан қантты артығымен сатып алмауға кеңес береді. Алайда, билікке сенер халық болмай тұр.