Қантүбек құпиясы ашылған күн
(Арал теңізіндегі Возрождение химиялық сынақ полигонының айтылмаған ақиқаттары)
Арал теңізінің ортасында орналасқан атышулы Возрождение аралындағы құпия кодпен «Бархан» немесе «Аральск-7» деп таңбаланған құпия биохимиялық полигонның улы зардабы жайлы бір мақала көлемінде баяндап шығу мүмкін емес. Оның әлі де болса ашылмаған, айтылмаған жұмбақ сырлары көп.
Үстіміздегі жылы осы сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Осы тақырыпқа қайта оралып, үстінен құс ұшырмай, жеті қат құлып астында ұсталып, көпке жұмбақ болған Арал сырын ашуға Арал халқының табанды түрде талап етуімен жасалған алғашқы сапары жайлы деректі ұсынғалы отырмыз.
… Биологиялық қару шығару мәселесі Кеңес Одағында ең алғаш рет әскери-дәрігерлік академияларда және концентрациялық лагерьлер орналасқан Соловецк аралында жүргізілген. Профессор Иван Великановтың жетекшілігімен жүз адамнан тұратын экспедиция құрылып, туляремиямен байланысты микроорганизмдердің таралу мүмкіндігі зерттеледі. 1937 жылдың күзінде Великановты НКВД тұтқындады да, 1938 жылы ату жазасына бұйырды, содан кейін бұл экспедиция жұмысын тоқтатты. Содан кейін бұл лаборатория Тверь облысының Осташково деген қаласына жақын ағатын Селигер өзеніндегі Гордомля аралында жұмыс істейді. Сосын Киров қаласына көшірілді де, көп ұзамай ол жерде де тұрақтамай Саратов қаласына ауыстырылды. Содан кейін 1942 жылдан 1992 жылға дейін Арал теңізі ортасындағы Возрождение аралында елу жыл бойы жұмыс істеп «Бархан» немесе «Аральск-7» деп аталады. Онда жоғары шенді әскери қызметкерлердің отбасылары, қысқа мерзімде қызмет жасап жатқан солдаттардың тұрғылықты казармалары және осы полигондағы бар сұмдықты ойлап тауып жатқан оқымыстылардың отбасылары орналасқан қалашықты ескі атауымен Қантүбек деп атады. «Полевая научно исследовательная лаборатория (ПНИЛ-52) – 04061» нөмірлі әскери бөлімше Қантүбек – Возрождение аралында тұрақты орналасты.
Бұндағы бір жерден бір жерге ауыстырудағы басты себеп соғыс кезі болса, екінші себеп бұндай аса құпия полигон шекарадан алыс болуы керек деп шешті. Сол үшін де теңіз ортасындағы полигон сырт көзден таса ұстауға ыңғайлы деп ойластырылды. Сонымен адам аяғынан алыс аралға апарған 1942 жылдан 1992 жылға дейін толық елу жыл бойы қоршаған ортаны еркін мекендеп, улаған жері – Арал теңізі ортасындағы Возрождения аралы болды. Осы сәттен бастап адам баласының арамза ісінен Тұран ойпатының жауһар теңізі және оның іші-сыртында өмір сүрген және айналасындағы тіршілік атаулы күллі табиғат зардап шеге бастады.
Бұл әлемдегі ең ірі полигон болды. Бүрку, себу әдісімен бактериологиялық қаруды, әсіресе сібір жарасын, оба, туляремии, Ку-безгек, бруцеллез, сапа және басқа тіршілікке аса қауіпті инфекциялар жүргізілді. Тәжірибе тышқандарға, теңіз шошқаларына, маймылдарға жасалды. Сонымен қатар Сталиннің қанды қасабы кезінде Возрождение – Қантүбек аралында мемлекетке аса қауіпті деген желеумен сотталған әйелдер түрмесі болған, онда осы әйелдерге бактериологиялық, биологиялық қару қолданылып, тәжірибе жасалды деген деректер бар. Бұл қанды сынақ 1953 жылы Сталин өлгенге дейін жалғасқан. Сотталып, өлім жазасына кесілген әйелдер адам өміріне қауіпті инфекция жұқтырып, азапталып өлгеннен кейін, мүрделерін арнайы пеште өртеп, сол аралға жерге көміп тастайды екен. Міне, осы кезден бастап жергілікті тұрғындар бұл аралды Қандытүбек деп атаған.
...1990 жылдың жазында Қызылорда облысы Арал ауданынан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне жаңадан депутат болып сайланған облыстық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Виталий Алексеевич Брынкин өзінің сайлаушыларға берген уәдесінде теңіздің ортасындағы шағын аралда орналасқан адам баласын жоюға бағытталған зертхананы адамдардың көзбен көріп, барып қайтуына мүмкіндігін жасайтынын айтып, уәде берген еді. Жаздың бір жаймашуақ күнінде осы уәде орындалды. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Н.Ибраев бастаған, құрамында экологиялық қасірет ошағындағы Арал және Қазалы аудандарының әкімдері Ә.Айымбетов пен Н.Мұсабаев, облыстық және аудандық сауда, экология, мәдениет, прокуратура, СЭС, бірқатар балық колхоздарының төрағаларынан жасақталған делегация осы бір тарихи сапарға бет түзеді. Осы делегация құрамында болып, сапар барысында өз көзімен көргенін мамандығы заңгер, сол кезде Арал аудандық еңбекке орналастыру бюросының қызметкері, Арал өңірінің экологиялық зардабына қарсы белсенді топтың мүшесі ретінде еңбек еткен Қалмырза Қуатов былайша баяндайды:
«Біз мінген АН-24 әскери ұшағы сол жылдың шілде айының 25-і күні жергілікті уақытпен таңғы 9-да ұшып шықты. Аралдан Возрождение аралына дейінгі 220 шақырым қашықтықты екі сағат көлемінде ұшып барды. Возрождение аралына арнайы барған делегацияны Орал әскери округінің басшысы полковник Сенеевич қасында бөлім басшыларымен күтіп алып, әрқайсымызбен жеке амандасып, қонақжайлық танытты. Бізді аралдағы әуежайдан бес-алты шақырым қашықтықта орналасқан №04 061 әскери қалашыққа машинамен алып келді. Біз штабтың алдына келіп түскенімізде сол жерде екі рота солдат командирінің командасы күтіп, сап түзеп тұр екен. Біз барып түскеннен кейін бізбен бірге тұрған гарнизон басшысының алдынан парадты формалы командирі честь беріп, әскери маршпен сап түзеп өтті. Біз содан-ақ өзіміздің жай адамдар арасында емес, қатал да темірдей тәртіпті ерекше топтың ортасына түскенімізді түсіндік. Бұл жерде әр сөзіміз бен қимылымызға есеп беріп, артық қимыл көрсетпеуге тырыстық.
Жә, сонымен бұл құрметті қабылдап болған соң бізді штабтағы арнайы дайындалған залға кіргізді. Біздің алдымызға шыққан Түркістан әскери округінің генерал лейтенанты Бачко ерекше ілтипатпен бізбен ере жүріп, кең залға кіргізді. Бұл адамның әскери өмірге ерте араласып, осынау қиындығымен сынағы көп жұмысқа әбден ысылып, меңгеріп алғаны көрініп тұрды. Ол өз сөзінде бұл аса құпия кешендердің бірі Возреждение аралына қарапайым халық арасынан біздің алғаш келіп тұрғанымызды атап өтті. Сонымен қатар бұл жердегі сынақ лабораториясының ауаға, теңізге, айнала, қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ екенін нақтылады. Генералдан кейін осы жерге Ресейдің ішкі өлкесінен келіп жұмыс жасап жатқан оқымыстылар кезекпен сөз сөйлеп, биохимиялық қару жөнінде біраз мәлімет айтып, лекция оқыды да айналып келгенде оларда табиғатқа, тіршілікке ешқандай зиянды залалы жоқ дегенге келтірді. Ал «сіздерде сұрақ бар ма?» дегенде Арал ауданының табиғат қорғау қоғамының бастығы Ұлымбетов шығып былай деді:
«1976 жылы теңізде жүзген кемедегілер осы Возрождение аралының тұсында көптеген өлі балықтар су бетінде қалқып жүр деп дабыл қаққан еді. Бұл өрескел табиғат бұзылуын жедел көтерген бізбен бірге сол кездегі Арал балық комбинатының бас директоры (кейінгі балық министрі) Қ.Саржанов жолдас та шұғыл іске кірісті. Сол кезде мүмкін деген күдікке байланысты осы аралдың тұсында нендей химиялық заттар теңіз суына қосылып кетуі мүмкін деген күдікпен теңіз суынан және өлген балықтардың әр түрінен алып, формалинмен қатырып, орталықтағы арнайы зерттеу лабораториясына жібермек болып дайындап жатқанда, жоғары партиялық органнан теңіздегі балықтың қырылуына байланысты жасалған актыны жойып, бұл тақырыпты дереу жабу жөнінде шұғыл тапсырма келді. Әрине, біз партияға қарсы шыға алмаймыз. Сөйтіп, осы маңайдағы балықтың көптеп қырылуы құпия күйде ашылмай қалды.
Екінші тағы бір жағдай, 1977 жылы Лазарев аралындағы ауа райын зерттеу стансасының қызметкері кездойсоқ ауруға душар болды. Осы науқасты Арал қаласына жеткізу және МЕТЕО станциясына арнайы прибор апару туралы Ташкенттегі орталықтан тапсырма алдым (Ол кезде ауа райын зерттеу орталығы Ташкентте болатын). Сонымен ГМО-ға қарасты Лазарев аралына бару үшін вертолетпен ұшуға әскери аэропортқа бардым. Бірақ ұшқыштар басшысы мені алып ұшудан бас тартты. Дереу аудандық аупарткомға тікелей телефонмен шығып, әскери ұшқыштар басшысы менің баруыма қарсылық көрсеткенін хабарладым. Сондағы аупарткомның жауабы: біріншіден, Лазарев аралына барып қайтуға тікұшақтың жанармайы жетпейді. Екіншіден, ол аралға баратын адамға екпе жасалады, жаман айтпай жақсы жоқ, егер ол екпе адамға кері әсерін тигізетін болса соңы қайғылы аяқталуы мүмкін, егер бұл адам осыны біле тұра тәуекел етпек болса онда ұшқыштардың бөлім бастығына өз қолымен қолхат жазып берген жағдайда ғана апарады. Сонымен Ташкенттегі жоғары басшыларым хабарланып, менің ұшуыма тыйым салды. Осыған байланысты менің сұрағым: неліктен осы аймақта балық көп қырылды және екінші сұрағым, аралдағы ауру адамды орталыққа алып кетіп, оның ағзасын тексертуден түрлі сылтауды алға тартып, қаша береді. Қазір жариялылық қой, осы сұрақтарыма ашық жауап берсеңіздер?
Генералдың бұл сұрақтарға жауабы «Біріншіден, теңіздегі балықтың өлуіне Возрождение аралындағы лабораторияның қатысы жоқ және бұл жақтан ешқандай зиянды химиялық қалдықтар да төгілуі мүмкін емес, ол теңіздің тартылуынан болып, қатты тұздануына немесе қандай да бір індеттен болуы мүмкін. Екіншіден, Лазарев әскери аралына сіздің жіберілмеуіңіз оба ауруына қарсы екпе егілетін болды. Онсыз рұқсат жоқ, сіздің ағзаңыз әлсіздік танытса, жақпай қалуы мүмкін» деген сияқты сыдыртпа жауап болып шықты. Оған қанағаттанбаған Ұлымбетов те «Егер балық қандай да бір індеттен қырылар болса онда неге теңіздің басқа бөлігі аман, неге теңіздегі балық жаппай қырылмады? Екінші, егер осы әскери аралға келген адамдарға екпе егілгеннен кейін ғана рұқсат етілетін болса, осы келген адамдарға неге жасалмады» деп оларды тықсыра түсті. Және бұған қосылып, облыстан келген арнайы өкілдер де олар үшін қолайсыз көкейдегі сұрақтарын қоя бастағанда, тезірек құтылуға асыққан олар қонақтардың көңілін басқаға аудару үшін генерал мен полковник бастаған 18 адамнан құралған делегацияны арнайы бөлінген үлкен тікұшақпен Комсомол, Шағала аралдарының үстімен алып ұшып таныстыруға шақырды. Сөйтіп, біздің арнайы мақсатымыз және ең басты жұмысымыз, тажалды лабораторияның нақты қай жерде орналасқанын көрсеткісі келмей алдаусырата берді.
Сол кезде мені аупартком төрағасы Айымбетов жанына шақырып алып, «Сен генералмен сөйлес, бізге лабораторияны көрсетсін, біздің арнайы жұмысымыз сол екенін ұғындыр» деді. Мен оқшау тұрған генералдың жанына барып, осы тапсырманы айтқанымда ол кісі басын изеп құптады да гарнизон басшысы полковник Сенеевичті шақырып алып бұйрық берді. Сонымен, топ болып тұрған делегацияның жанына табанында шаңғысы бар шағын тікұшақ келіп қонды. Полковник тікұшаққа үш адам ғана сиятынын айтып, кімдер баратынын сұрады. Аупартком төрағасы Айымбетов, Арал балықшылар тұтыну одағының төрағасы Тілес Боқаев және мен үшеуміз міндік. Сөйтіп, картадан Қи қала деп көрсетілген жерге қондық. Бұл бір айнала қалың өскен жыңғыл, сексеуіл, бұтасы көп қазақтың жусанды даласы екен. Айнала басқан қидың, бір кездегі жұрттың орны көрінеді. Көп ұзамай ұшқыш «міне, зертхана осы жерде» деп бір көп қабатты ғимараттың жанына келіп қонды. Айналасын арнайы солдаттар күзетіп жүр екен, бізді қарсы алған офицер бақылау пунктінен алып өтіп, үш қабатты корпустың ішіне кірген соң бір бөлмеде бізге қорғаныс киімдерін кигізіп, әйнектен көзімізді ғана жылтыратып, аузымызға дейін тұмшалап тастады. Сөйтіп, жоғары екінші қабатқа көтеріліп, ауыр есігін біз білмейтін сұрғылт материалмен қаптаған бөлменің алдына ертіп келген солдат бірнеше жерден бұрап ашып, ішке кіргізді. Кіріп келе жатып кинодан көріп жүрген неміс фашистерінің адамдарға жүргізген сынақ камерасына кіргендей болдық. Әр жерден жылтыраған шамы бар ұзын дәліздің оң жақ қабырғасы қалың әйнекпен қапталған екен. Сол әйнектің ар жағынан әртүрлі тіршілік иелері жүгіріп жүрген тышқаннан бастап, ағаштан-ағашқа секірген маймылдарға дейін көрдік. Байғұс мақұлықтар көздері жылтырап, бізден көмек сұрағандай қозғалып, мазасызданып кетті. Қабырғаны жауып тұрған ақ материалдың шетін көтеріп қарасам, ар жағындағы жұқа әйнектің ішінде жоғары шенді Мәскеу әскерилерінің лауазымдары, ғалымдарың аты-жөндері мен ішкі Ресейден іссапармен келетін уақыттары жазылған екен. Бірақ оны байқап қалған әскерилер дереу жабындыларды жауып, артық қимыл жасауға болмайтынын ескертті.
Сонымен, біз лаборатория сапарын аяқтап, штаб жанына қайтып келгенімізде бізден қалған топ та қарап отырмай, шағын әскери қалашықты аралап, балабақшасын, солдат казармаларын, офицерлердің тұрған жайын, асханаларды және емдеу орталықтарын аралап көрген екен. Барлығы он сегіз адамнан құралған делегацияның Аралдан 220 шақырым қашықтықтағы теңіз ортасында орналасқан химбиологиялық лабораторияны көру сапары аяқталып, АН 24 ұшағымен Арал қаласына кеш бата қайта ұшып келдік. 1990 жылғы біздің осы сапарымыздан кейін тажалды лабораторияның құпиялығы елге жария болып, онда барып зерттеушілер саны көбейе бастады. Бұл есімізден кетпейтін сапар болды».