Қаныш

Менің халқым менен де биік!..
Қ.Сәтбаев
І
Баянтау – Баянауыл – Баянаула,
Ежелден атың лайық аялауға.
Кеп тұрмын топырағыңа тағзым етіп,
Келгем жоқ саяхаттап саялауға.
Тебіренсе ел киесі, жер киесі,
Адамның елжірейді жан-жүйесі.
Қолыма қалам алдым қолдай гөр деп,
Қазақтың Бұқар жырау әулиесі!
Мекені тұлпарлар мен сұңқарлардың,
Мен-дағы бір самғауға іңкәр жанмын.
Жырлайын Қанышыңды – арысыңды,
Қабағын жадыратып мұң шалғанның.
Несіне ерте күнді кеш қыламыз,
Шындықты дей алмайды ешкім аңыз.
Шытырман шежіреңді жинап-теріп,
Соңына тастап кеткен Мәшһүр абыз.
Әулием, Бұқар бабам, көп жасаған,
Қарсы алған қалың елді кең босағаң.
Бір мысқал енші бергей езуіңнен,
Арнайы тілек қылдым мен де саған.
Күндерге көз жіберсем алыстаған,
Ұлылар елестейді ел ұстаған.
Басыңа сан қайталап келген шығар,
Сиынып аруағыңа Қаныш балаң!
Тілдесіп тұрған шығар Далба таумен,
Құйылып көкірегіне сонда сәулең.
Шығар ма жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Көгеріп көктемесе ел батаңмен?!
Баянға бастап келді сәтті күні,
Алтынбек нысаналы Нұхтың ұлы.
Ағайын, осындайда білінеді,
Мықтының мұқалмайтын мықтылығы!..
ІІ
Зым-зия.
Ескі күннің елесі жоқ,
Белгі тұр: «Қаныш туған дөң осы!» — деп.
Керіліп-созылады самал жұтып,
Ұйқыдан жаңа оянған жер есінеп.
Бүк түсіп бұғып жатыр қоңыр төбе,
Біледі өзі ғана не білсе де...
Ашпайды ішкі сырын енді қайтып,
Қыртысы қара жердің сөгілсе де.
Жылжыған ай мен жұлдыз, күнді бағып,
Су жатыр жылғадағы сырғып ағып.
Заманға судай сырғып өтіп кеткен,
Етеді содан басқа кім куәлік?
Теңіздей тірлік бар ма туламаған?
Имантай бұл төбеге ту қадаған.
Сәтбайдың тұңғышының отауына,
Талайлар аттың басын туралаған.
Кіндігін қазақ үзбес бұл даладан,
Мал баққан жол сұрадық бір баладан.
Қоңыр жел құлағыма сыбырлайды,
Қаныштың үнін әкеп іңгәлаған.
Сарғайған сағыныштың мұңын кешіп,
Тұрғандай сай мен сала күбірлесіп.
Баяғы қара жолдар сайрап жатыр,
Кеткендей сол бір жандар бүгін көшіп.
Тарқатып дуылдаған базарды да,
Сұм жалған бізден-дағы озар, мына.
Тізілген түйелері қаздай шұбап,
Келеді көне дүние көз алдыма.
Түсіріп Тәңір нұрын мұнда көктен,
Той өткен, бұл төбеде думан өткен.
Орны осы Имантайдың отауының,
Құлазып көптен бері мұңға бөккен.
Талайды мына жота көрген жота,
Тұлпарлар дүбір салып келген жота.
Төрінде Имантайдың ақсақалдар,
Қол жайып ақ батасын берген жота.
Ашпайды көне қыстау көпке сырын,
Ұмытсақ өткендерді жоқ кешірім.
Әлдилеп осы арада Әлима ана,
Тербеген Қанышының ақ бесігін.
Жеткізіп айта алмасам кінә менде,
Сөзімнің бетін теріс бұра көрме!
Қанышын алдына алып өлеңдетіп,
Отырған Сәтбай ата мына жерде.
Шаңыраққа бақ қонбағы босағадан,
Болмапты Сәтбай қажы осал адам.
Көмескі орны жатыр қыстауының,
Әудем жер – алыс емес осы арадан.
Сәтбайды орта жүздің халқы білген,
Араға алыс-жақын даңқы жүрген.
Түссе де қайсы ауылға жон көрсетіп,
Иті де еріп барған еркін үрген.
Кісі емес желе шауып жортақтаған,
Ардасы азаматтың ар сақтаған.
Дауласып, дуылдасқан топты жерде,
Сөзіне Сәтбай бидің ел тоқтаған.
Тіресіп жоталымен, жіліктімен,
Сыйласқан білімдімен, біліктімен.
Төсінде Сарыарқаның алшаң басып,
Қысылмай, қымтырылмай жүріпті кең.
Қызығын бұл жалғанның көрген екен,
Тәңірі сұрағанын берген екен.
Сәтбайға сәлем беріп небір жақсы,
Алыстан ат терлетіп келген екен.
Өнердің оза шапқан ақтаңгері,
Келіпті дейді бірде Сегізсері.
Ұл тауып келіншегі дәл сол күні,
Сәтбайдың оңнан тұрған соққан желі.
Төгіліп сонда Сәтбай той қылыпты,
Көл-көсір дастарханын жайдырыпты.
Серіге «Құдай айдап келдіңіз!» — деп,
Есімін тұңғышының қойдырыпты.
Бұрылмас алға тартқан заман кері,
Қаншама уақыт өтті содан бері.
Сәбиге ат қойыпты Имантай деп,
Өлеңмен бата беріп Сегізсері.
Өмірдің көбі кетіп азы қалған
Шағында дейді Сәтбай қажы барған.
Қаныштың үш жасында сонда өтіпті,
Әркімнің өз тағдыры өзіне арман.
Бойында тұнып тұрған ар-иманы,
Атасы жақсы көрген Әлиманы.
Ибалы, жаны таза жас келіні,
Аузынан тастамаған кәлиманы.
Келмейді шындықты айтпай қылдан тайғым,
Болыпты екі әйелі Имантайдың.
Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешкен,
Дәміндей қаймақ қосып құйған шәйдің.
Тағдырдың дәті берік, діні қатты,
Талайдың ерте сөніп күні батты.
Көріпті Әлиманы сіңілісіндей,
Бәйбіше текті туған Нұрым атты.
Айығып артта қалған мәңгі мұнар,
Өткенді есіңе алсаң жаңғырығар.
Өзендей толқып аққан төңкеріліп,
Өзгеше Әлиманың тағдыры бар.
Баласы Шорман бидей күшті атаның,
Әлима келіні екен Мұстафаның.
Қайғының басқан кенет қара түні,
Бақыттың жарқыраған қысқа таңын.
Әп-сәтте шамшырағы өшіп-жанған,
Пендені есіркемес кесір жалған.
Келін боп түскеннен соң көп ұзамай,
Тосыннан күйеуі өліп жесір қалған.
Қайғының көші ұзарып шұбатылған,
Жас келін жоқтау айтып жыл отырған.
Атасы Мұстафаның қалауымен,
Қайтадан қыздай болып ұзатылған.
Қаныштың ойлағанда қос анасын,
Көзіңе еріксізден жас аласың.
Әлима келіп түскен жасауымен,
Көркейтіп Имантайдың босағасын...
Бейшара бұл өмірден ерте кеткен,
Қалың ел күңіренген сол себептен.
Көзінің қарасындай сүт кенжесін,
Бес-ақ жыл бауырында еркелеткен.
Әмірін жүргізген соң қалап Алла,
Пенденің көнбесіне шара бар ма?
Айықпас ауыр дерттен көз жұмыпты,
Жаутаңдап соңындағы балаларға.
Тәңірдің өзіне жөн әр болған іс,
Жете алмай өксіп кеткен арманға алыс.
Құлындай енесінен айырылған,
Шырылдап бес жасында қалған Қаныш.
Өмірдің таудан төмен құлап көші,
Суалған сарқыраған бұлақ төсі.
Қанышпен бірге жылап еңіреген,
Емшектес бір ағасы, бір әпкесі.
Сұм тағдыр борандатқан тіл ұға ма?
Ызғарын сезеді оның тірі ғана.
Айырылған шешесінен үш баланы,
Басыпты бауырына Нұрым ана.
Түзетіп тіршілігін қырын кеткен,
Көздерін жетімдердің күлімдеткен.
Қанышқа қамқор болып өле-өлгенше,
Баянсыз бұл жалғаннан Нұрым да өткен.
Қарайған қалың зират анадайда,
Есімін сол жандардың салады ойға.
Талайды толғамастан жұтып қойған,
Не шара уақыт деген қомағайға?
Ашылар жұмбақ сыры ғасырлардың,
Тарихты жолы болмас жасырғанның.
Басына барып құран бағыштадық,
Мәңгілік ұйқыдағы асылдардың.
Аттары жазулы тұр белгітаста,
Әйгілеп өткендерін қанша жаста.
Белгітас – аруақтардың күзетшісі,
Атқарар міндеті жоқ одан басқа.
ІІІ
Қайғының көлеңкесі сайға бұғып,
Жайнады жапырағын жайған үміт.
Ұласқан өмір деген ұлы жолға,
Кішкентай Қаныш шықты тайға мініп.
Мұнартқан көкжиекке қарап алыс,
Келеді тай үстінде бала Қаныш.
Қым-қуыт қу тірліктен хабары жоқ,
Жүрегін жақсылардың жаралағыш.
Жетеді талпынбаса кім бақытқа,
Үйінде намысы бар ұл жатып па?
Кезі екен Имантай би атқа мінген,
Дүниеден Сәтбай озып бұл уақытта.
Тәңірі талаптыны төске өрлетпек,
Мұратқа асқар шыңнан асқан жетпек.
Қанышты құшақ жайып қарсы алыпты,
Шорманның Сәдуақасы ашқан мектеп.
Кеудеңе түсірмесең ойдан жарық,
Білімге кенелесің қайдан жарып?
Қолына қалам алған, қара танып,
Астынан алты қырдың таймен барып.
Жаратқан кеңдік қылса пендесіне,
Бұйырар тіршілікте мол несібе.
Таң қапты сабақ берген ұстаздары,
Шәкірттің шамдай жанған зердесіне.
Осылай басталыпты білім жолы,
Жетелеп болашағы ғылымға оны.
Балалық тайға мініп тайраңдаған,
Шіркін-ай, бес күнгідей білінбеді.
Сыр шерткен сонау қалған алыс күннен,
Ізімен ұлы жанның таныстым мен.
Сорабы сайрап жатыр қара жолдың,
Бір кезде білім қуып Қаныш жүрген.
Бұл жолмен Шоқан да өткен, Абай да өткен,
Ешкім жоқ мұратына оңай жеткен.
Қияға қанат қаққан қырандарға,
Қашан да қатал тағдыр қарайды өктем...
ІV
Әйгілі Мұса мырза Шорманұлы,
Ат үріккен атағынан болған ірі.
Қадірлі қара басы ханнан бетер,
Қазақтың қасқа туған ол да бірі.
Тұлғасын жарқыратып ақ жамбыдай,
Түп-түгел тілегенін берген Құдай.
Кемеңгер, көпті ойлаған жан болыпты,
Қасқырдай аласұрып елді аңдымай.
Сайланып аға сұлтан кең даладан,
Көл-көсір қол астына ел қараған.
Азулы шынжыр балақ, шұбар төстер,
Алдында бөденедей жорғалаған.
Шен алған ақ патшадан, шекпен алған,
Күні жоқ сыбағасыз шетте қалған.
Мінезі жауға қатал, досқа жұмсақ,
Семсерін намысының сертке малған.
Тірлікте не көрмейді пенде деген,
Дүбірлі дүниеде дөңгелеген.
Айламен ақ патшаның тілін тауып,
Астыртын ұштасыпты Хан Кенемен.
Тік тартып мойын бұрмай алған беттен,
Жалғаннан өте шыққан тарлан көкпен.
Қайран ер екі жаққа кезек қарап,
Ішінде өрттей қаулап арман кеткен.
Айрылмай жасыл дала, жайсаң қырдан,
Медресе, мектеп ашқан, үй салдырған.
Жиені Уәлиханов Шоқанды да,
Кісілік келбетімен тамсандырған.
Қылыштың қиып түсер жүзі болған,
Тарихта төрелердің ізі қалған.
Абылайдың немересі Шыңғыс сұлтан,
Шорманның Зейнеп атты қызын алған.
Шорман би хан Уәлимен құдандалы,
Бұлыңғыр келе жатқан күн алдағы.
Ноқтаға кіргеннен соң еркін басың,
Адамның орындалмас ұлы арманы.
Тарихтың тарқатады кім дерегін,
Шиыры шым-шытырық күрделі оның.
Қайғысы, қасіреті, күмәні көп,
Шоқанның өлімі де жұмбақ өлім...
Тіріге бұйырмайды мәңгі ғұмыр,
Сыйласқан жақсылардың әр күні – жыр.
Шытырман өмірі де, өлімі де,
Мұсаның Шоқанменен тағдыры бір.
Таланттың тұлпарындай серке санды,
Жанындай жақсы көрген ол Шоқанды.
Сөз қозғап әр қиырдан, сұхбаттасып,
Атырған көздерімен қанша таңды.
Ел үшін болып кеткен жастай құрбан,
Шоқанның өліміне көп қайғырған.
Хат жазып Омбыдағы ұлықтарға,
Басына қабірінің тас қойдырған.
Тарихтың түкпірінде қалып қалған –
Оқиға жылдар өте анықталған.
Ол тасты Тезек төре ауылына,
Имантай бастаған топ алып барған.
Ойласаң елжірейсің расында,
Мұсаның ірілігі, міне, осында.
Дүниенің бір тұтқасы мықтылардың,
Алысқа сермейтұғын құлашында.
Аямай малын шашып қолындағы,
Тау асып, тасты бұзған жолындағы.
Жарыққа жетелеген қараңғы елін,
Ұрпаққа үлгі тастап соңындағы.
Өз орнын ойып алып топты жерден,
Жасынан оза шауып, көпті көрген.
Тұлпарды тай күнінен тани кетіп,
Жүсіпке Мәшһүр деген атты берген.
Шыбын жан ажал келсе ұшар демде,
Қыран да аспандағы түсер жерге.
Күңірентіп қазақ жұртын Мәшһүр Жүсіп,
Зар жылап жоқтау жазған Мұса өлгенде.
Көз жазып ойда жоқта есіл ерден,
Ел-жұрты еңіреген көшіне ерген.
Мықтылар мәуелі ағаш бұтағындай,
Мұсаның маңайынан өсіп-өнген.
Тірліктің өткен талай тайталасы,
Баянның тұнған тарих сай-саласы.
Жақсының жан нұрымен жарқырайды,
Жаманның түнек басқан ой-санасы.
Жақсыны жанның бәрі жыр етеді,
Бір ұрпақ бір ұрпақты түлетеді.
Баяннан шыққан қасқа-жайсаңдардың,
Бірінен қарап тұрсаң бірі өтеді.
Кім білсін отынан ба, суынан ба?
Ағайын, қасиеттің сырын аңда!
Жырласам содан шыққан саңлақтарды,
Бір таңға созылады құрығанда.
Жаңылсам жазғырмасын халқым мені,
Бабалар – ақыл-ойдың алтын кені.
Аттары ұлылардың ұмытылмас,
Тұрғанда қара ормандай артында елі.
Көш бастап, қоныс таңдап Шоң, Шормандар –
Қиялап қия беттен жол салғандар.
Дариға, соларды да аямаған,
Қазақты бітеу сойып, қан сорғандар...
Айналдық аталардың аруағынан,
Ардақты бұл фәниде бар ма бұдан?!
Тарайды Сәтбай қажы, Мұса мырза,
Қаржастың Анай деген тармағынан.
Айтпасаң кейінгілер не біледі,
Қақырап қабырғасы сөгіледі.
Анайдан бері қарай төмендесе,
Мырзағұл, Жәдігер боп бөлінеді.
Атадан есі барда кім жаңылған?
Өрбіген Мұса мырза Мырзағұлдан.
Құтқарып Мырзағұлды жау қолынан,
Жәдігер айналасын ырза қылған.
Құдайым сұрағанға тағы берген,
Жалғасып Сәттіай туған Жәдігерден.
Сәттіайды еркелетіп Сәтай деген,
Тәтті сөз болғаннан соң дәмі келген.
Кімдерді асқан байлық таң қылмаған,
Жомарттар жұрт көңілін қалдырмаған.
Мадақтап Сәтай байды соқыр Шөже,
Тоғыз мың жылқы айдаған деп жырлаған.
Сәтайдан Баубек туған, одан Шөтік,
Шөтіктен Сәтбай туған жарқ-жұрқ етіп.
Сәттіайға ұйқастырып Сәтбай қойған,
Той қылып, тай шаптырып дүркіретіп.
Шежіре қуып кетті деме, халқым,
Өлеңмен жеті атасын өреді әркім.
Қаныштың ата жөнін айтқаным ғой,
Саралап шыққан тегін өзегі алтын.
Қиналған қанша заман көріп азап,
Бұл күнде жерім еркін, елім азат.
Бөлініп-жарылғаннан сақта Құдай,
Қазақтың қуып келсек бәрі қазақ.
Тарихын туған елдің танып ескі,
Жас Қаныш жақсыларды көріп өсті.
Жүсіпбек, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт,
Дүркіреп дүниеден бәрі көшті.
Ай-жылдар өткен сайын алыстайды,
Бір жүйрік, бір жүйріктен қалыспайды.
Әулие Мәшһүр Жүсіп баға беріп,
Былай деп айтып кеткен Қаныш жайлы:
«Жүйткіген тай жорғасы түйе болар,
Еліне ер жорғасы ие болар.
Мұсадан жорға өткен жоқ өз тұсында,
Адамға Алла сүйген кие қонар.
Құдайым көрмесе екен бергенін көп,
Танымақ текті ұлдарын – елге міндет.
Жастардың арасынан осы күнгі,
Қаныштай су жорғаны көргенім жоқ».
Ортадан Қаныш шыққан, міне, осындай,
Сілтесе тасты тілген шын асылдай.
Қасқадан төбел туған текті тұяқ,
Қашқанды қуып жетер қыр асырмай.
Алдында асқар таудай ағасы бар,
Кішінің қашан болсын бағы ашылар.
Ойлаған келешекті кемел жігіт,
Інісін алыс жолға ала шығар.
Дүниенің сезіп үсті, асты қандай,
Тағдырға Сәтбаевтар тосты маңдай.
Әбікей аруағына ел разы,
Баулыған жан бауырын жас қырандай.
Біліммен тауды бұзып, тас жарғанда,
Бөгеліп орта жолда көш қалған ба?
«Ағаға қарыздармын!» — деп кетіпті,
Қанекең Әбікейді еске алғанда.
Ағаның арқасында кең айналып,
Оқыды Керекуден Семей барып.
Семейде көп жақсымен араласып,
Күн сайын кемелденді көп ойланып.
Қызғыштай шырылдаған қорғап елді,
Алаштың арыстарын сонда көрді.
Боқ шоқып шоқаңдаған сауысқандай,
Не қылсын қаптап жүрген саудагерді.
Қанышқа Құдай дарын берген рас,
Сермеді самғап ұшып кеңге құлаш.
Білімде, ғылымда да бұзып-жарып,
Ұл тумай көшті бастар ел жарымас.
Әлихан, Ахметтерден тәлім алып,
Тағдырын туған елдің таныды анық.
Күн шығып қазаққа да, уа, дариға,
Атар ма азаттықтың таңы жарық...
V
Ұлытау – ұлан дала, ұлық аймақ,
Жаз шықса тамылжиды күні қайнап.
Сәтбаев «Алтыншоқы» басында тұр,
Баянсыз дүниенің түбін ойлап.
Өткізіп көз алдынан кең даланы,
Булығып, іштен тынып толғанады.
Келеді құлағына бір кездегі,
Қазақтың «Елім-айлап» зарлағаны.
Ғылымның тауды кезген тарланбозы,
Тең басып төрт аяғын толған кезі.
Тылсымның сырын ұққан сұңғыланың,
Жетеді жер түбіне салған көзі.
Басынан бұл шоқының Қаныш тұрған,
Сұрапыл замандардың желі ысқырған.
Қусаң да жеткізбейтін қу дүние,
Талайды алыстырған, шабыстырған.
Алыптар арпалысып көп соғысты,
Ақыры барлығы да тақтан ұшты.
Шоқыға Ақсақ Темір түнеп кеткен,
Шабуға бара жатып Тоқтамысты.
Жорықтың ізі тарих таңбасындай,
Жеткізген кейінгіге жер жасырмай.
От жаққан орны жатыр үңірейіп,
Балқытып қара тасты қорғасындай.
Ақырып айқасқанын шапқан, қырған,
Сан мың қол осы арада ат шалдырған.
Білсін деп Ұлытауға келгенімді,
Соңына ұлы әмірші хат қалдырған.
Әр сөзін жазып кеткен анық айтып,
Ойдырып қара тасқа бадырайтып.
Қадымға Қаныш көзі үңілмесе,
Басқалар тани алсын оны қайтіп?
Жалғасып ғасырларға ғасыр үні,
Жарыққа шығар тарих жасырыны.
Алапат жорықтардың айғағы боп,
Ол тас тұр Эрмитажда осы күні.
Қаныш тұр батып ойдың тереңіне,
Үңіліп қанды жорық дерегіне.
Алыстан көгілдір тау мұнартады,
Көмілген Тоқтамыс хан, ер Едіге.
Өліге таң ата ма, күн бата ма,
Қара тас басындағы тіл қата ма?
Сыймаған кең далаға екі көкжал,
Сыйысып жатыр қалай бір жотаға?
Шығармай ер Едіге жырын естен,
Мүлгиді көне дүние сыры көшкен.
Туса да қолтығына қанат байлап,
Үзілмес ұлы көшке кім ілескен?
Сан ғасыр бұрын Шыңғыс өтті бұдан,
Ажал боп Жошы ханды тепті құлан.
Аңырап, аңыз болып бізге жетті,
Қалған күй – күй атасы Кетбұғыдан.
Құландай жортқан заман желмен ойнап,
Ұстатар емес әлі шоқтығынан.
Көмескі тартқанменен ұмытылып,
Шыңғыстың қуып келсең түбі – Түрік.
Шыңғысты жауыз қылып көрсеткенмен,
Кім білсін кім ұтады, кім ұтылып?
Айрылды бір кездегі күш қуаттан,
Айбынды Алтын орда түсті де аттан.
Зым-зия Жошы ханның сарбаздары,
Көзінен көк бөрідей ұшқын атқан.
Айығып тас бүркенген сан тұманнан,
Қираған жұрты жатыр даңқы қалған.
Жұрнағын асылдардың жұтты жылдар,
Қаймақтай сүт бетінен қалқып алған.
Қозғасам Ұлытаудан сөздің басын,
Біреулер бұра тартып жазғырмасын.
Шығайын бабалардың ізін шалып,
Тәңірі табанымды тоздырмасын.
Жеткізбес қиырына ескі заман,
Куәлік ете алмайды ешкім оған.
Басынан тарих деген алып таудың,
Қаншама керуен-керуен көш құлаған.
Ішіне кірсем қалың аңыздардың,
Тасына көз жасымды тамызғанмын.
Жошы мен Кетбұғының жұрты жатқан,
Киелі топыраққа қарыздармын.
Көкжалдар жортып өткен киелі аймақ,
Тартысып тар кезеңде түйемойнақ.
Ордасын хандар тіккен осы араға,
Жапырып көк шалғынын бие байлап.
Сыйынып Жаратқанға күбір еттім,
Тұрқыңды тарихыма тұғыр еттім.
Топырағың қасиетті, атың Ұлы,
Таусың сен, нұры түскен құдіреттің!
Дәуірде сонау-сонау алыс қалған,
Сақтарға, Сарматтарға қоныс болған.
Алыптар арпалысқан ата жұртсың,
Жолбарыс сескене ме арыстаннан?!
Туғандар бір анадан қан жаласып,
Жауласып жүрмесін деп жаңжал ашып.
Бауырыңда баталасып бабаларым,
Тасыңа тастап кеткен таңба басып.
Ұлытау, үзілмейтін мәңгі жырсың,
Маңдайға Тәңір жазған тағдырымсың.
Ұрандап, ұлан-асыр тірлік кешіп,
Сағымдай сырғып көшкен сан ғұмырсың.
Құшағы кең даланың тарлық етіп,
Қырқысқан қырық пышақ хандығымсың.
Ұлыстың сай-сүйегін сырқыратып,
Қобызда күңіренген зарлы үнімсің.
Қозғасам қасіретін ғасырлардың,
Көзімнен сорғалаған жаңбырымсың.
Төсіңде жолбарыстар жорық салып,
Шұбырған шым-шытырық шаңды күнсің.
Сақтаған шежіресін замандардың,
Сары алтын тау пішіндес сандығымсың.
Мәңгілік бәз-баяғы қалпыңдасың,
Алдыңда мейлі қара, хан жүгінсін.
Түнерген қабағыңды жадыратшы,
Мұздаған мұңға батып жан жылынсын.
Толғаншы, тебіренші, солып қалған,
Тарихтың тамырына қан жүгірсін.
Өзіңсің жер кіндігі, жер ортасы,
Түркінің сайын белі – Сарыарқасы.
Қозданып көне заман шыға келер,
Үрлесең ұшқын шашып қоламтасы.
Замана кетті қанша, келді қанша,
Ерлердің күні қараң ел бұланса.
Тағдыры талайларды талқан еткен,
Жошыны теуіп кеткен кер құланша.
Қылыш пен найза, шоқпар қалды былай,
Мылтықтың тілегенін берді Құдай.
Батысты, шығысты да бөріктірген,
Енді жоқ ер Бату мен ер Құбылай.
Еңкейсең алды-артыңды орайды жау,
Еседі демеңіздер қалай мынау?
Күңірентіп ел мен жердің қасіретін,
Жырлаған талай ақын, талай жырау.
Сыбырлап тау менен тас баян еткен,
Тарихтың түбі терең баяғы өткен.
Қаныштың қан жылатты жан жүрегін,
Ежелгі есіл заман зая кеткен...
Қол соқса домбыраға қоңыр кеште,
Алады қилы-қилы өмірді еске.
Қазақты бір-біріне айдап салып,
Алаштың жолын кесті небір кеще.
Тоң мойын, тасыр қоғам кімді ұнатар?
Көнбесең дегеніне шын жылатар.
Мұңдасып Міржақыппен оңашада,
Әміре, Исалармен жүрді қатар...
Қаулаған қалың өрттей шалқып жанған,
Тағдырға қарсы жүрді ол туғаннан.
Тарихқа, өнерге де жүйрік еді,
Кемедей көк мұхитта толқын жарған.
VІ
Шыдаған атысқа да, шабысқа да,
Көзіне басылды оттай таныс дала.
Үстінде билеушілер толып жатыр,
Біледі жердің астын Қаныш қана.
Тамырын танып жердің әр тасынан,
Кен ашты Сарыарқаның ортасынан.
Аянбай арпалысып өле-өлгенше,
Түспеді елдің жүгі арқасынан.
Соғыста кешегі өткен қан сасыған,
Оғынан Жезқазғанның жау шошыған.
Жасаған соны Қаныш, сенбесеңдер,
Сұраңдар өлген неміс қаңқасынан.
Әлемге мәшһүр болған даналығы,
Ешқашан ұмытылмас ер алыбы.
Онымен тайталасқан сабаздардың,
Бар ма екен ғылымда ашқан жаңалығы?
Көп болса атқа мінді, ел биледі,
Руын, ағайынын әлдиледі.
Әулие тұтқанменен әуектетіп,
Кейпінен өзгермейді сол күйдегі.
Даналық қарамайды кәрі-жасқа,
Бола ма тұлпарларды танымасқа.
Қатарлас кемеңгерлер Сәтбаевпен,
Әуезов, Марғұланның жөні басқа...
Еске алсақ жетелейді жылдарға алыс,
Бойына ғұламаның тұнған намыс.
Көнеден қалған ескі кен ошағын,
Қарсақпай мыс зауыты қылған Қаныш!
Айналдық Құдай берген даламыздан,
Тарихы өшпейтұғын санамыздан.
Ақтарып Жезқазғанның асыл кенін,
Мыс пен жез, қорғасыннан сел ағызған.
Сүйреген ұлы ғалым өмірді алға,
Лағынет, көре алмаған залымдарға.
Қаныштың айтуымен Мәскеу барып,
Салынған Жезқазғанға теміржол да.
Ғылымның тіктеп кеткен сан саласын,
Ғажайып еңбегіне тамсанасың.
Қазақты жер жүзіне танытқан ол,
Жұлдыздай жарқыратып ел санасын.
Лондонға барғанында шығады алға,
Таң қалған Черчиль сонда бұл адамға.
«Қазақтың бәрі Сіздей биік пе?» — деп,
Былай деп жауап берген сұрағанда.
Тәңірі зор денелі, иықты етті,
Черчильдің сұрағына күйіп кетті.
Мінбеде тұрғанында мүдірместен,
«Менің халқым менен де биік!» — депті.
Риза оған ел мен дала бүгін,
Күніне атын еске алады мың!
Негізін салып кеткен ұрпақ үшін,
«Ертіс пен Қарағанды» каналының.
Даланың терең зерттеп өңірін бай,
Халқының етіп кетті көңілін жай.
Сарыарқа сол арнадан су ішеді,
Тірліктің соққан күре тамырындай.
Қаныштай биіктетіп кім жотасын,
Ғылымның жетпіс жеті білді атасын?
Әйгілі Академия сарайының
Қалаған өз қолымен іргетасын.
Ғалымдар есіне алса сәулетті үйді,
Оянып ұйқысынан дөңбекшиді.
Ғылымның ғимаратын кім түсінер,
Бұл күнде кешіп тұрған нәубет күйді?
Көрінер кешегі күн бүгін алыс,
Ойласаң удай ашыр ұлыған іш.
Қасқайып Академия хақ төрінде,
Отырды-ау бір кездері ұлы Қаныш.
Шындықтан тартқан сайын өмір алшақ,
Көксейді сол кезеңді көңіл аңсап.
Сәтбаев, Марғұландар көш бастаған,
Келер ме ғылым қайта дамыған шақ.
Басынан бір дәуірдің өттік аттап,
Қайтеміз сауда қуған көпті даттап.
Ғылымнан хабары жоқ, қалтасы тоқ,
Доктор мен академик кетті қаптап.
Шынымен алтын арқау үзіле ме,
Халықтың жүдеу тартты жүзі неге?
Қаныштың өзі түгіл зар болдық қой,
Бір мезет басып кеткен ізіне де.
Қаншама шәкірті бар елге мәлім,
Дананың құдіретіне таңғаламын.
Бектұров, Бекмаханов, Шөкиндердей,
Құдай-ау, осы күні бар ма ғалым?
Ғылымда белдескенін неше бүктер,
Жоқ бүгін Букетовтер, Есеновтер.
Ер болсаң Сәтбаевтың ізін басып,
Көк мұзды қар жамылған төсеніп көр.
Талайдың көріп жүрміз сайрағанын,
Есегін есікке әкеп байлағанын.
Дүниені жеті айналып жоқтасаң да,
Сұңғыла Сәтбаевтай қайда ғалым?
Зерттеумен жер астының мол байлығын,
Заманның ол көтерді таудай жүгін.
Қанышқа бітпегенде алып қанат,
Ғарышқа самұрықтай самғайды кім?
Азайды кемеңгерлер, ғұламалар –
Ойлаған елдің қамын ұлы ағалар.
Қанышын іздегенде Қазақстан,
Сығымдап көздің жасын жылап алар.
Шындықты жасырамыз қайтып көптен,
Көрген жоқ тура тартқан тайқып беттен.
«Ақмола астанаға лайық!» — деп,
Әу баста Қаныш екен айтып кеткен.
Өткен жоқ оң мен солын абайламай,
Алаштың ақ туына қарайламай.
Қанышқа көрінетін үсті түгіл,
Жеті қат жердің асты шарайнадай.
Ақтарып тұңғиықтың мол кенішін,
Толғанды шер толқыны кернеп ішін.
Қаныштың таусылмайтын өзі кеніш,
Ғасырлар керек зерттеп көрмек үшін.
Заманның зікір салып әміршісі,
Оған да мың құбылған өмір түсі.
Дүние жүз толғатса қайта тумас,
Қаныштай қара жердің тамыршысы!
Кеңістік кер заманда ала-құла,
Жармасты қабағандар балағына.
Жүрегін суытқанда сұмырайлар,
Қара жер жылу берді табанына.
Қарасақ көз жіберіп оң мен солға,
Тасырлар тайраңдады сол қарсаңда.
Аздай-ақ тірісінде тірескені,
Алысты аруағымен өлген соң да.
Сыйса да бір басына бүкіл ғалам,
Тағдыры көрінбейді бүтін маған.
Көзіме елестейді оны ойласам,
Арыстан айдаһарға жұтылмаған.
Жақұттай жалт-жұлт етіп сан қырынан,
Жаһанға сәуле шашты жан нұрынан.
Қазақтың дара біткен шоқтығындай,
Жотасы биік тұрды барлығынан.
Тік қасық қашан да көп әзір асқа,
Күреспей өткен күннің бәрі босқа.
Тапсырып аманатын кете барды,
Тақуа тарих деген кәрі досқа.
Сырт елге қанша сеніп дос көргенмен,
Себебін әр нәрсенің ескерген жөн.
Өздері аяғымен жүріп барып,
Әуезов, Сәтбаев та Мәскеуде өлген.
Қазағым, жау жоқ деме жар астында,
Бес күнгі талқан үшін талас қылма.
Секілді бір ұяның балапаны,
Бірлікке, берекеге жол аштың ба?
Қаныштай түзу ұста көштің басын,
Ұрпағың бір-біріне қас қылмасын.
Төсінде аз күн сайран құрғаныңмен,
Түбінде қара жердің астындасың.
Аю мен аждаһаның қасындасың,
Торғайдай тозып талай шашылғасың.
Тіріде сай-салада жүргеніңмен,
Өліде бір төбенің басындасың.
Сөзімді растайды ұлы дала,
Шомылған құдіретті шұғылаға.
Төкпесе көк Тәңірі көктен шуақ,
Киелі қара тасы жылына ма?
Ынтықпын сырына да, жырына да,
Құла дүз құлан жортқан қырына да.
Мәңгілік бесігінде тербелерміз,
Бір күні бет бұрылса құбылаға.
Айналар қара түнге түскен іңір,
Түнерген қасіреттей іштегі бір.
Тұңғиық сыр түбіне жете алар ма,
Шолтиған қысқа жіптей қысқа ғұмыр?
Тілектің бола бермес бәрі сәтті,
Тексіздер бұл қазақты тағы сатты.
Алайда жердегінің қолы жетпес,
Планета ғарышта жүр Қаныш атты.
«Тіріде құдайлығын құндайды Алып,
Қалыпты бұл дүниеде кім байланып?
Талайы данышпанның тасқа айналса,
Ұшып жүр біздің Қаныш күнді айналып!».
Осылай деп жырлапты Ерғалиев,
Жасынан қанат қаққан тауға биік.
Алтайға Атыраудан самғап ұшқан,
Ішінде ақындардың ол да ақиық!
Болмысы сүттен таза, нұрдан жарық,
Бақытты Сәтбаевты туған халық!
Атасы сол деп қазақ ғылымының,
Айтады сұрасаң да кімнен барып...
Тұратын жарқыратып алыстарды,
Үлгісі ұлылықтың Қаныш мәңгі!
Құдайға мың рақмет бере салған,
Қазаққа осындай бір данышпанды!..
Сәтбаев ғұмыр кешкен, міне, қандай,
Кім сірә, ғалам сырын біледі ондай?
Көз салып кең әлемге Елордадан,
Қарап тұр ескерткіші тірі адамдай!..