15:43, 19 Шілде 2023
Қапшағайда Toyota Prado жол қоршауына соғылды
18 шілде кешке Қонаев — Талдықорған тас жолында ауыр жол апаты болды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан Toyota Land Cruiser Prado кері бұрылыс жасайтын жерде жол ортасын бөліп тұрған қоршауға соғылғанын көруге болады.
Темір құрылғы машинаны тесіп өтіпті.
«Сағат 18:20 шамасында тас жолдың 109-шақырымында 26 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, кедергіге соғылған. Ер адам жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Жараланған екі жолаушы Қонаев қаласындағы ауруханаға жеткізілді», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Оқыс оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы (адам өліміне себеп болған жазатайым оқиға) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.