Қара халық кедейленіп жатқанда, 162 бай қайдан шықты?
162 бай еліміздегі 19 миллионнан астам халықтың 0,001 пайызын құрайды. Алайда олар бар байлығымыздың 55 пайызын ұстап отыр.
Масқара ғой! Ал біз неге оларға: «қорға ақша аудар» деп жалынамыз? Парадокс. Отанымызды, яғни өз елін тонаған сатқындарға заң-закөн жоқ па?
Президенттің сөзіне сенсек, халқымыздың жартысынан көбі кедейшілікте өмір сүреді екен, бәрін біліп отыр. Ендеше, неге оларға шара қолданбаймыз? Шетел асып, ұрланған ақшаларды неге қайтармасқа? Бірақ мәселе «елбасы» деген жылтыр ұғымға келіп тіреледі. Сондықтан Тұңғыш Президент – «Елбасы туралы заңның» күшін жою керек, яғни Ата заңымыздан алып тастау — бүгінгі күннің негізгі талабы! Сөйтіп, анаған тиіспеу, мынаған тиіспеу дегеннің бәрі адыра қалып, заң алдында күйеулер де, қыздары да, басқасы да жауапкершілікке тартылатын болып, заң алдындағы артықшылық құқықтары жойылып, еліміздің азаматтарының құқымен теңесер еді.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, жеке мүддесіне шетелдік банктерде 200 млрд доллар болатындай, қаржы сақтап отырған адамды («ДАТ» №28, 03.09.2020 ж), қалайша, елбасы деп дәрежелейміз? Жалпы, қаңтардағы қантөгістен кейін, бас қаламыздың Нұр-Сұлтан атауымен қалуы елімізге абырой әпермейді. Астана қаласы деген бұрынғы атын кері қайтару керек. Ақиқатқа жүгінсек, астана деген сөздің өзі, бас қаламызды білдірмей ме? Әлем елдерінің бас қалаларының бәрі астана емес пе? Бәрінің айшықталған аттары бар. Сондықтан Астана қаласы дегеннен гөрі басқаша ойластырған дұрыс емес пе? Мысалы, Алаш Орда деп ақырайтып қойса, қалай болар еді? Қаржы тапшы болса, халқымыз жинап беретініне сенімдімін.
Мұнайлы батыс аймақтарын басқарған әкім-қараларымызда өлкеміздің кен-байлықтарының пайдасынан кенде қалған жоқ. Ақпарат көздерінде оффшорларда тығылған ұрлық қаражаттардың ішінде – бұрынғы Маңғыстау аймағының әкімі, кейін мұнай саласында министр, сенатор болған Л.Қиыновтың қызы Екатерина Ляззатованың аты-жөні көрсетілген. Маңғыстаудың мұнай-газының ақшасы кімге кетпей жатыр дейсіңдер? Сонымен қатар, кезінде Атырау аймағын басқарған бірқатар жоғарғы лауазымды қызметтерде болған Иманғали Тасмағанбетовтың қызы Асель (банкир Кеңес Рақышевтің зайыбы) Тасмағанбетованың да оффшорларда тығылған қаржылары анықталған. Міне, мұнайлы батыстың «қара алтынының» пайдасын көргеңдер («ДАТ» №47, 15.12.2021 ж.).
Өткенде президент еліміздегі ірі кәсіпкерлермен кездескенде, бастан-аяқ Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйледі, ал мәжіліс залында отырғандардың 99 пайызы өз қандастарымыз. Сонда олар қазақ тілін түсінбей ме? Әлде, қазақ тілінен мүлдем жұрдай ма? Ана сүтінен жаралған тілімізді, һәм мемлекеттік тілімізді мойындамай, тіпті, менсінбей, аяққа таптағаны ма? Бұл дегеніміз – өлім ғой, бұдан артық қандай қорлық керек? Соңғы кездері Ресейдің мемлекеттік тілінде шаралар өткізу, яғни аталмыш ел тілінің қолдану аясын үдету, билік басы тарапынан күш алып барады. Бұлай кете берсек, ана тіліміздің күйі қараң болады. Өткен жылғы ұлттық санақтың нәтижесі де көңіл көншітпейді. Өз қарабасым күмәнмен қараймын, себебі қаракөздеріміз, еліміздегі халықтың 80 пайызын құрайтыны айдан анық. Қалай болғанда да, мемлекеттік тілді тұғырына отырғызу — кезек күттірмейтін, өліп тірілсек те қолға алатын, керек десеңіздер, бейбіт шерулер өткізіп, биліктен табандап тұрып алып, талап ететін басты ұранымыз болуы шарт. Енді созбалақтатуға жол жоқ.
Сөз соңында айтарым, халықтың бүгінгі күнгі негізгі талабы, биліктің қолбала есебіндегі парламентті тараттырып, мәжілістегі жандайшап депутаттарды отставкаға жіберіп, кезектен тыс сайлау өткізу, елдігіміз үшін басты да, өзекті мәселе екенін естен шығармайық, ағайын.