Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:40, 03 Ақпан 2022

Қара өлеңнің киесі дарыған қаламгер

None
None

      Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Темірғали Көпбайдың шығармашылығы хақында)

        Ақын – халықтың айтар сөзі, көрер көзі.

Сондықтан ақын ардың жүгін нар намыспен арқалап өтуі тиіс. Оның бойындағы айбыны көптің көкейіндегісін келістіріп айта білгендігі. Сезімге сілкініс, жүрекке бұлқыныс, жігерге құлшыныс, кеудеге тың тыныс сыйлаған ақын – сыйға лайық сыбаға жинаған ақын. Өйткені оның айтқандары біреуге сабақ, ал біреуге сөз қамшы болса, біреулерге ой тамшы болмақ. Ал мұндай дәрежеге ұмтылған ақын әдебиетке үлкен дайындықпен келеді әрі алғашқы өлеңдерімен-ақ нағыз ақын екенін мойындатады. Осы күнге дейін «Көзмоншақ», «Жаңғырық», «Кие», «Оңтүстік», «Аңсар», «Қарапайым пайымдар», «Аққұмда оянған арман», «Даналық тәпсірі», «Жылдар жылжып барады» жинақтарын жарыққа шығарып, оқырмандарын мойындатқан сондай ақынның бірі әрі бірегейі Темірғали Көпбай деп айтар едім. Оның өлеңдері, балладалары және дастандары енген екі томдық шығармалар жинағының бірінші томына алғы сөз ретінде өзі жазған өлеңінде мынадай шумақтар бар:

          Жылы-жылы жырға толы жылғасы,

          Жүрегімді жүрегіңмен тыңдашы.

          Елес берер балалықтың тұнбасы,

          Кеңес берер даналықтың сырласы.

          Мөлдір жанар шықтай тұнған шалғында,

          Мың арманым, мың ардағым бар мұнда.

          Кел, кел, төрлет! Үңіліп көр жаныма,

          Арлы өлеңім, бар дерегім алдыңда, – деп оқырмандарына ақын жүрегін ақжайма қылып жайып, ағынан жарылады. Ал одан кейін ақын:

          Мөлдір өлең – мәңгілік ғаламатым!

          Аталардан қалған ар – аманатым.

          Дүлей ақын келді деп дүр сілкінші,

          Қасиетті қара өлең – Қағанатым! – деп  әдебиетке келгендегі басты миссиясын айқындай түседі.

        Адамға туған жердің топырағы да шипа дейді. Дүниеде туған жерін, туған ауылын және онда өткен балалық шағын жырламаған ақын жоқ. Темірғали да ауылы туралы біршама өлең жазды және бір өлеңі бір өлеңін толықтырып, сағынышын ұлғайтып, жүрегінен сүзіліп өтіп, таңғы шықтай мөлдірей түсіп, адамды от сезімге бөлейді.

          Шағын ауыл – шағыл емес құмдағы,

          Аққұм деген – махаббаттың құндағы.

          Жасыл белес, ғажайып тау, қасқа шың,

          Жас күнімнен арманымды шыңдады.

          Бидайығы белуардан асатын,

          Біздің жаққа бара қалсаң, жас ақын.

          Сұлулықтың сырын біліп қайтасың,

          Жанартаудай талантыңды ашатын.

          Анау жатқан көк майсалы миялда,

          Аунап-қуна, армансыз-ақ қиялда.

          Бірақ, сонау сұлулығы Аққұмның,

          Бір ақынның қиялына сияр ма? – дейді ақын.

       Темірғали суреттеген Аққұм ауылының сұлулығы, айналасын қоршаған табиғат көріністері шынында да керемет! Бұл ауылға бір мәрте барған адам оған ғашық болмай қайтпайды! Мұндай аяулы ауылдан Темірғали Көпбайдай арынды да, дарынды ақынның шықпауы әсте мүмкін емес-ау! Ендеше Темірғалидың «Өзі үшін Мекке шаһары» болған  Аққұм ауылын жырына қосуы да заңдылық екен. Тіпті «Ақырғы демі жеткенше» жырлап өтпек.

       Қазақтың қара өлеңінің киесі бар. Тылсым бір дүние. Қалқып жүріп, жан иесін өзі табады. Сөз – Жаратушының ерекше нұры, сыйы мен сынағы. Ал сынақты көтеру ақынға парыз, парызды өтеу қарыз екен. Мұны ақын да жан жүрегімен сезінеді. Сондықтан да ол:

          Мен өлеңге маңдайымды сүйедім,

          Таңдап берген сыйы ғой деп Алламның.

Немесе:  Мен несіне Аңсарды айтып боздадым,

               Өлең – менің арым, жаным, сөз – бағым.

               Өлең керек болмай қалса – өлгенім,

               Аңсар бітсе – тозғаным, – деп қайырады бір өлеңінде. Жалпы Темірғали қара өлеңнің қасиеті мен құдіреті туралы әрбір өлеңінде ескертіп отырады. 

       «Жер бетіне сызат түсетін болса, ол алдымен ақынның жүрегінен өтеді. Сосын барып жерге түседі», – деп Гете айтқандай, қазақтың жеріне, тәуелсіздігіне және ұлттық құндылықтарына қауіп келтірер кесапаттарды ақын алдымен сезеді. Жүрегіне салмақ түсіріп, жанын ауыртады. Шерлі сөзін айтуға, еңсесі түскен халықтың рухын көтеруге ұмтылады. «...Жақыныңа жүргенде жаттай налып, Жылмиған жұрт жеріңді қаптайды анық.  ...Қолайсыздау қонағың төрге шықты… Жымысқы жау рухыңды жеңбесін де, Қарағайдың басынан шортан көрген Асан шал көңіл айтып келмесін де», немесе: «Жерімді сатам дегенің – анамды сатам дегенің» деп жүрегі сыздай шыр-шыр етеді. Бірақ ақынның зарын естуге қоғамның құлағы тас керең! Ақын да райынан қайтар емес. «Қоғам мені менсінбесе, менсінбесін. Ондай қоғамға түкіргенім бар» деп қасқайып жүре береді. Өйткені ақындық пен батырлық егіз жаратылған ұғым. Темірғали ақынның қоғам, билік туралы:

          Арымыз тулақ болмауы үшін тақымда,

          Айтамыз әлі ақиқат-шындық хақында.

          Айлаңкес пиғыл ақ үйдің қара тізімі,

          Атаңның құны кетті ме мендей ақында!­ – дей  келіп, артынша:

         

          Көргенді жазып, өлең өреміз түн қатып,

          Көз жасын халық болған жоқ әлі құрғатып.

          Қазақты алдап, тонаумен болған биліктің,

          Қара тізімінде болудың өзі бір бақыт! – деп ой түйгенінің өзі көзсіз батырлық болса керек. Бұл, сөз жоқ, ақын рухының мықтылығы.

      Қалам ұстаған соң айтар сөзіңе жалған ойдың таңбасын түсірме. Өз заманыңа лайық ойдың орманынан үй тұрғызып, жиһаз ойғаның жөн. Не айтсаң да ақиқатты ашық айт. Өйткені «ақиқаттың алдаспаны бір күні жарқ етеді әмірімен Алланың!». Көрдіңіз бе, Темірғали ақын өзінің айтар ойын да, сөзін де Алланың атымен бастап, Алланың атымен түйіндеп отырады.

          Сөз ­әуелден қазынасы Алланың,

          Тағдырымыз сөз бен істің тізбегі.

          Құран-Кәрім дүниенің бар мәнін,

          Асыл сөздің астарынан іздеді, – дейді. Ол Алланы дәріптеуден танбайды. Аллаға мадақ айту бір жағы оны өткір көз, зерек оймен тануға да қызмет етеді. Аллаға мадақ айту оған ғашық болудың жемісі.

       Ойы тұнықтың сөзі тұнық. Ақылы тұнықтың айтары анық. Темірғали ақынның ойы да терең, сөзі де таңғы шықтай тұнық. Сондықтан оның түпсіз тереңге тарта беретін ойлары кейде оқырманын «Мен осы қалғып кетпедім бе,» деп, сілкініп, серпіліп қоюға мәжбүр етеді. Өйткені оның әр өлеңі бір әлем, әр шумағы бір өлең. Құйып қойған құрыштай, қиып түсер алмас қылыштай. Біздің бұл айтқанымызға астарында жарты әлемнің сыры жатқан оның төрттағандары нақты дәлел бола алады. Темірғалидың төрттағандары туралы бұған дейін жеке мақала жазғандықтан оларға тоқталмаймын.   

     «Әрбір күн – бұл кішкентай ғана ғұмыр және біздің бар ғұмырымыз бір тұтас күн. Сондықтан әрбір күнді ғұмырыңның соңғы күні болатындай етіп сүре біл», – дейді Х. Джозеф деген философ. Сол айтқандай, Темірғалидың да кейбір өлеңдері оның өмірінің соңғы күні жазылғандай сезіледі маған. Мына бір өлеңін оқып көрелікші:

        ...Шынын ұқсаң шайырлардың шерлі іші,

          Бұл қоғамның ақында жоқ енді ісі.

          Қабірімде тұрады ертең жалғыз Ай –

          Жалқы мұңның жалғыз ғана белгісі.

Немесе:

       ....Білемін бұл өмірден өтерімді,

          Табармын мәңгіліктен мекенімді.

          Өлмейтін өлең жазған ақын көкке,

          Ажалды баспалдық қып көтерілді.

          Ажалым, аяулымсың сен де менің,

          Өлім бар деген сөзге сенбеп едім.

          Ғарышқа аттанарда мен өзіңді,

          Өлеңнің тақымына өңгеремін.

Тағы бір өлеңінде:

          ...Өтер күннің өкпек желі аймалап,

             Тұрады елге тек қаңылтыр Ай қарап...

          … Ай тілімен бір кез біз де ұрпаққа,

             Сіз де біздей боласыз деп тұрармыз, – дейді ақын Темірғали. «Мұңымды несін жасырамын», – деп Мұқағали ақын айтқандай, ақындардың жаны мұңмен егіз болар. Мұны Темірғалидың өзі де мойындайды. Өйткені өмірде ақындардың бәрі жалғыз екен.

          Жер бетінде ақын жалғыз, ұғар кім,

          Жалқы тағдыр, жұмбағыңа құмармын.

          Мөлдір әлем сәулесінен үзіліп,

          Талайыма тамып түскен мұнар мұң.

          Қара өлеңнің қақтыратын қанатын,

          Ақын жанның жанарында қара түн.

          Жалқы мұңды еншілеген әр ақын –

          Жұлдыз-тағдыр жалғыз, жалғыз ағатын, ­– деп мұңданады ол. 

                             … Ыстық маған қара өлең, ыстық маған бар әлем,

          Жатады ылғи кеудемнен қаздар ұшып, қу қонып.

          Жалғандығын жалғанның түйсінген соң санамен,

          Ыза-қайғым тілімнен төгіледі мұң болып, – деп мұңға бату сарыуайымға салынып, бордай үгіліп, пессимизмге берілу емес екенін ескертеді. Сондықтан замандардың зарын, ғасырлардың мұңын арқалап жүрген ақынға неге мұңды өлең жазасың деп айтудың өзі артық деп ойлаймын.

        Ақынның жан қуаты сұлулықтан басталмақ. Ал сұлулықты сезіну адам өмірінің ең бір бақытты кезеңі. Темірғали ақынның сұлулыққа, сыр мен сымбатқа іңкәрлігі алабөтен. Бұл шын құмарлық пен құштарлық қамшылаған асау жүректің жақсыны жақсы деп тану биігі. Ақынның шығармалар жинағындағы «Сүйген жүрек» топтамасын оқығаннан кейін біз осындай ой түйдік. Бұл топтама тек махаббат жайлы жырлардан құралған екен. Әрбір өлеңнің тақырыбынан-ақ ақынның асау жүрегінің «о, махаббат» деп, «сені сүю арқылы», «оралды махаббат», «ауырайын өзіңмен» немесе «сүйіп өлейін», «жүрекпен ғана ғашықпын», «кием менің» деп от болып жанып, есінен танып, алас ұрғанына куә боласыз. Махаббат дейтін жан дүниенің тұңғиығындағы тылсым сыр екеніне, ғашық болып өту ғаламат ғұмыр кешу екеніне көзің жеткендей сезінесің.

         Ғашықтарға от сезімі қорғандай,

         Көнеді олар кездессе де жол қандай.

         Ғашық болып көрмегендер тірлікте,

         Өмір сүрдім демесе де болғандай, – деп айту үшін де не ессіз ғашықтық, не көзсіз батырлық керек шығар-ау. Бірақ ақынды ғашықтық дертімен ауыртып, жүрегін қан жылатқан жауапсыз махаббатқа не айтарсың? Әйтсе де, Темірғалидың пайымдауында жауапсыз қалған махаббат – жазалану емес, аңсаудан тұмар тағып, тазалану екен. Сағыныштан сарғайып күтер сағым бейнені алыстаған сайын аялайсың. Ендеше ақынның осынау жауапсыз қалған махаббатына не дегенін тыңдап көрейік.

       ...Жанып кетті армандарым, қиналдым,

          Күлге айналды күмбірлеген күй алғаш.

          Бұл өмірде дәл өзіңді, дидарлым,

          Тірі пенде мен сияқты сүйе алмас.

                ***

       ...Шабыт берер шәрбатыңды шегерме,

          Шынайы ақын шабытсыз жыр төгер ме?

          Дүниеде сұлу болса бір сұлу,

          Сендей болсын деп өлермін өлерде.

                 ***

       ...Қош, аяулым, енді саған не деймін,

          Өткен күнді өксітеді өгей мұң.

          Сенсіз өткен әр күнімді еріксіз,

          Бұлбұл тастап кеткен баққа теңеймін.

       Иә, өкініштен өзегі өртенбейтін пенде жоқ. Бірақ солай екен деп ақын көңілдегі ниетін, жырының арнасын басқа бағытқа бұрмайды. Қайта оқырманын сәулелі ойға жүгіндіре алған жырларын жазуда. Өлеңдеріндегі сұлулық пен өмір шындығы жүрек айнасындағы таңғы шықтай мөлдір тазалығымен баурап, адам баласының жан қуатын байыта түсуде.

       Аз айт, көп айт, өнер адамының  - оның ішінде ақынның тағдыры сырт көзге, айтыла салар сөзге ғана жеңіл. Әрбір мінез қыры, жан сарайының құбылысы, қалыбы зерттеушіге тұңғиық теңіздің түбіндей әрі алыс, әрі қазынасы жетерлік. Өйткені мықты өлең ақынның құмарлығы мен тасыған құштарлығынан ғана туылады. Суық ақыл өлеңді өміршең ете алмайды. Сондықтан өлеңге жан беретін де, өміршең ететін де жан қуатының ең мықты тірегі – жүрек оты екенін тағы да қадап айтамыз. Жалпы айтқанда, ұлы туындылардың басым көпшілігі жан қуатының, жүрек отының ең биік шыңы, күретамырының күші. Темірғали жырларының өміршеңдігі де адамды асқақ сезімге бөлеп, адамның жан дүниесін нұрландырып, байыта түсуінде, өмірдің өзін кемелдендіріп, игілікті ете білуінде.

                                                                            

Тегтер: